Елбасы барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ерен еңбегімен ерекшеленген ел азаматтарын марапаттау барысында барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Баршаңызды егеменді еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Сіздер арқылы барша қазақстандықтарды құттықтаймын. Бұл ғасырлар бойы азаттықты аңсаған ата-бабамыздың арманы болған қастерлі мейрам. Абыройы асқақ, беделі биік мерейлі мемлекетіміз өзінің екінші ширек ғасырлық белесіне қадам басты. Осы  жылдар ішінде біз аз уақытта сыннан сүрінбей өтіп, береке-бірліктің арқасында түрлі қиындықтарды еңсере білдік. Қазір Қазақстан төрткүл дүниеге толық танылған, халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесі болып танылды. Алдымызда тұрған мәртебелі мақсат-міндеттерге де бірлесе  қол жеткіземіз деп сенемін. Тәуелсіздікке тәу ететін кез келген халық үшін бұдан асқан маңызды мейрам болмаса керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлық мерекеміз қарсаңында, жыл сайынғы дәстүр бойынша ерен еңбегімен ерекшеленген ел азаматтарын марапаттау игі дәстүрге айналғанын атап өтті.
«Оның  үстіне биыл елордамыздың Алматыдан Ақмолаға көшуіне 20 жыл толды. Жаңа мыңжылдық қарсаңында сайын далада бой түзеген әсем Астана Тәуелсіздіктің тұмарына айналды. Осындай айтулы күні мәртебелі марапатқа ие болудың символдық мәні өте зор деп санаймын. Сондықтан Ақорданың төріне жиналған сіздер үшін бүгін ерекше мерейлі күн», - деді Қазақстан Президенті.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 желтоксан 2017 г. 520 0