Жуырда он түрлі номинация бойынша үздік жастарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы тапсырылды. Мерейі тасып, мәртебе биігінен көрінгендер қатарында жерлесіміз, жас ғалым Нұрғали Ақылбеков те бар.
Нұрғали 1989 жылы Жаңақорған ауданының Қожамберді ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы №162 қазақ орта мектебінің түлегі. Мектепті бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Еңбек жолын іргелі білім ордасының инженерлік бейіндегі физика-химиялық талдау әдістері зертханасында инженер ретінде бастады. Одан кейін жетекші маман болды. Ғылыми жұмыстармен айналысып, біршама ғылыми еңбек пен патенттің авторы атанды. Қазіргі уақытта Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің ректоры Қылышбай Бисеновтің қолдауымен Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінің аспирантурасында оқып жүр. Сондай-ақ «Жас ғалымдар альянсы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.
Нұрғали бұған дейін бірнеше ауқымды шараға қатысты. Оның ішінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры ұйымдастырған Қазақстанның жас ғалымдарының ғылыми жетістіктері көрмесінің, Қазан қаласында өткен Н.И.Лобачевский атындағы ғылыми жұмыстар конкурсының қатысушысы. Ғылыми-зерттеу материалдары Қазан, Санкт-Петербург, Мәскеу, Новосибирск, Иркутск, Алматы сияқты қалалардағы халықаралық, жалпыресейлік конференциялар мен симпозиумдарда жарияланды. Ал нәтижелері Украина мен Италиядағы шетелдік конференциялар мен симпозиумдарда жарық көрді. Химия ғылымының дамуына үлес қосып келе жатқан ғалымның азды-көпті еңбегі еленіп те үлгерді. Атап айтқанда, биыл Қызылорда қаласында өткен «EXPO-2017. Кемел келешек» инновациялық жобалар мен идеялар жәрмеңкесінде І орын алды. Облыс әкімінің «Сыр үміті», Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлықтарының иегері.
Жас ғалым «Дарын» сыйлығын алар кезде «мен бұған лайықпын ба, менен де небір мықты жастар бар ғой» деп ойлағанын айтады. Дегенмен, марапат адамның мерейін өсіреді емес пе?! Нұрғали қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, әлі де аянбай еңбек етуге әзір. Ол қоғам қайраткері Шарль де Гольдің «Қиын жолды таңдаңыз, өйткені онда бәсекелесті кездестірмейсіз» деген сөзін қаперге мықтап түйген. Әрбір жетістіктің таза еңбекпен келгенін дұрыс көреді.
– Ғылым жолындағы алғашқы ұстазым, осы жолға келуіме бірден-бір себепкер – университеттің инженерлік бейіндегі физика-химиялық талдау әдістері зертханасының жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, Ресей Федерациясы жаратылыстану ғылымдары Академиясының профессоры Нұрбол Аппазов. Қазіргі кезде аспирантурадағы ғылыми жетекшілерім – ресейлік ғалымдар, химия ғылымдарының докторы, профессор Александр Бурилов, химия ғылымдарының кандидаты Елена Чугунова. Осы кісілерге және «Жас ғалымдар альянсы» қоғамдық бірлестігінің ұжымына, бірлестік президенті Ғани Байұлына ризашылығымды білдіремін, – дейді Нұрғали.
Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.