БЕЙБІТШІЛІК БЕСІГІН ТЕРБЕТКЕН

Бүгін Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХ сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында Президент жүктеген міндеттердің жүзеге асырылу барысы, Ассамблеяның негізгі жұмыс бағыттары мен нәтижелері туралы сөз болды. Облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Қ.Көшербаев көпшілікті Тәуелсіздік күнімен құттықтай келе, бұл – халқымыз үшін ең қастерлі әрі ең басты елдік ұғым екенін атап өтті.

– Тәуелсіздігіміздің 26-шы жылында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқылы жаңа кезеңге аяқ бастық. Ел Президентінің бұл мақаласын мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін, рухани жаңғыруымыздың бағыттарын айқындап берген ұлт руханиятының тұғырнамасы деуге болады. Мақалада көрсетілген ұлттық кодымыздың айрықша нышандарының бірі – ерте дәуірден бері келе жатқан қазақ халқының қонақжайлылық дәстүрі. Қазақстан бүгінде бүкіл әлемге этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің өзіндік, ерекше моделін жасақтаған мемлекет ретінде танылып отыр. Бүгінде қазақ жерін 130-дан астам этнос өкілдері мекендесе, оның 60-ы – депортацияланған халықтар. Адамзат тарихында халықтарды депортациялау – кеңінен қолданылған саяси үрдіс. Депортацияланған халықтар барлық жағдайда жергілікті халық тарапынан жат элемент ретінде қабылданатын. Бірақ қазақ даласында емес, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі күні қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің өміршең құралына, ал этносаралық қатынастар демократиясының азаматтық құндылықтар барометріне айналды. Ассамблеяның конституциялық мәртебесі мен рөлін заңдық негізде нығайту мен азаматтық институттар арқылы еліміздің этносаясатының басымдықтары мен басты құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қалыптастыру мүмкін болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған уақытынан бастап орасан зор біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтады. Халықтық дипломатия институтының үздік үлгісі бола білді. Тұрақтылықты сақтап, мемлекетіміздің ілгері дамуында әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің басын біріктіретін бірегей құрылымның маңызы зор.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында облыстық ассамблея бағдарламалық мақаланы іске асыру мақсатында құрылған өңірлік жобалық кеңсемен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Облыстың маңызды жобалар тізбегіне ассамблеяның екі бірдей жобасы енгізілді. Олар – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Ұлы Дала Елі» тарихи-танымдық экспедициясын және «Туған жер» бағдарламасы аясында «Өңірлік қайырымдылық жасаушылар форумын» ұйымдастыру. Облыстық ассамблеяның ықпалымен өңірдегі этнос өкілдері Сыр өңірі мен көршілес облыстардағы киелі жерлерге саяхат жасап, туған жердің тарихы мен мол рухани құндылықтарымен сусындады. Жыл бойы «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағыттары бойынша этнос өкілдеріне арналған кешенді лекторийлер ұйымдастырылды. Лекторийлерде ғылыми-сарапшылық топ мүшелері облыстың тарихи-мәдени нысандары, киелі жерлері мен археологиялық ескерткіштері туралы және рухани жаңғыру бағыттары бойынша терең теориялық дәріс-презентациялар жүргізді. Бұл шараларға 3 мыңнан астам адам тартылды. Жалпы, бейбітшілік бесігін тербеткен қасиетті Сыр өңірінде 11 этномәдени, 7 ауданда этнобағыттағы бірлестіктер жұмыс атқарып жатыр.

Жиын барысында облыстық ассамблеяның ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің басқарма бастығы, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қуаныш Дәуренбеков, «100 жаңа есім» республикалық жобаның жеңімпазы, жас маман, аудармашы, педагог-психолог Сымбат Әбдірахманова, неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Мария Семеникина, Сырдария, Шиелі аудандық «Мәңгілік ел» клубтарының мүшелері Николай Лавров, Диас Нұрбаев және тағы басқалар елдегі соңғы өзгерістер, бейбітшілік пен келісімді нығайту жөніндегі ой-пікірлерін білдірді. Көпшілікті Президенттің саясаты мен реформаларын қолдап, рухани жаңғыру жолында аянбай еңбек етуге шақырды.

Бірқатар азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі, Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар сессияда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары болып «Славяне» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова бекітілді.

Алқалы жиын Тәуелсіздік күніне арналған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.


 

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 желтоксан 2017 г. 652 0