Әдетте, облыстық мәслихаттың жыл аяғындағы соңғы сессиясында алдағы жылдың бюджеті бекітіледі. Сейсенбі күні өткен VI сайланған Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті 17-сессиясы да осы дәстүрден ауытқыған жоқ. Сессияның күн тәртібіне енгізіліп, талқыланған бірқатар мәселелердің ең негізгісі 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы болды.
Бюджет қабылданар алдында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев депутаттар мен сессияға қатысушылар алдында сөз сөйледі.
Алда келе жатқан еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жаңа 2018 жыл жаңа табыстарымен келсін деп тілекпен бастаған аймақ басшысы бүгінгі қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы Елбасының сындарлы саясаты мен Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуының арқасында екенін жеткізді. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде өнеркәсіп өндірісі көлемінің көрсеткішінен басқа, барлық маңызды салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілгенін атап өтті. Оның ішінде, кейбір салалардың көрсеткіштері республика бойынша көш басында тұр деуге болады. Өңір экономикасын әртараптандыру басты міндет болса, соңғы жылдары осы бағытта мақсатты түрде жұмыс жүргізіліп келеді. Нəтижесінде, 2013 жылғы деңгеймен салыстырғанда өнеркәсіптің шикізаттық емес секторындағы өнім өндіру көлемі 28 пайызға дейін өсті, ал республикалық көрсеткіш 6,4 пайызды құрады. Тек соңғы жылдың өзінде облыс бойынша осы саладағы өндіріс көлемі 6 пайызға, экспорт 4 пайызға өсті, ал жұмыспен қамтылғандар саны 45 пайыздан асты.
Ағымдағы жылдың 10 айында облыс экономикасына 165 млрд теңге тікелей инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артық. Сәйкесінше, құрылыс жұмыстарының көлемі де ұлғайып, 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35,6 пайызға, ал 2013 жылмен салыстырғанда 2 есеге дейін артқан. Жыл басынан бері бюджет қаржысы есебінен ғана 1560 пәтерді құрайтын 28 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде Қызылорда қаласындағы апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің (869 пәтер) мәселесі толығымен шешілді. Алайда, бүгінгі күні облыс бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте әлі 26 мыңнан астам азамат бар.
Осы орайда облыс әкімі аймақ тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы әзірленгенін мәлімдеді. Үш жылдық кезеңге арналған арнайы «Орда» тұрғын үй құрылысы Жол картасы қабылданып, оны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен тиісті қаражат қарастырылатын болады. Облыс басшысы 2017 жыл біздің ауыл шаруашылығы саласы үшін де берекелі жыл болғанына тоқталып өтті. Облыстың тарихында тұңғыш рет рекордтық түсім – жарты миллион тоннадан аса күріш жиналды. Ілгері серпіліс ауыл шаруашылығының барлық саласында байқалды. Мысалы, егін шаруашылығында өсім 5 пайыздан, ал мал шаруашылығында 2 пайыздан асты.
Шағын және орта бизнесті дамытуда оң динамика қалыптасты: жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 7 пайызға, ал оларда жұмыспен қамтылғандар саны 4 мың адамға (өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға жуық) ұлғайды. Жыл басынан бері облыста 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Экономиканың өсуі мемлекеттік бюджет кірістері көлемінің ұлғаюына алып келді. Атап айтқанда, республикалық бюджетке түсетін түсімдер өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға, жергілікті бюджетке 6 пайызға артты. Есесіне бұл біздің шығыстарымызды бір жыл ішінде 14 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Аймақ басшысы инвестиция тарту негізгі бағыттардың бірі болып қалатынын, ал бюджет қаржысын жұмсау экономикалық прагматизмге негізделетінін атап өтті.
Аймақ басшысы 2018 жылдан бастап халық саны 2 мың адамнан асатын ауылдық округтерде дербес бюджетінің қабылданатынына назар аударды. Облыс бойынша мұндай 65 елді мекен бар. Яғни, шығындардың 19 бағыты аудандық деңгейден ауылдық деңгейге берілетін болады. Олардың негізгілері: әкім аппараттарын, мектепке дейінгі мекемелерді, сумен қамту ұйымдарын күтіп ұстау, елді мекендерді абаттандыру, құрылыс, жолдарды жөндеу шығындары. Облыс басшысы осы ретте ауыл әкімдерінде өз бюджетінің болуы оларға үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Олардың ендігі міндеті – салық салынатын базаны дамыту, бюджет қаражатын дұрыс жоспарлау және мақсатты игеру. Ал, ауыл бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың қазіргі таңдағы негізгі бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл жергілікті бюджетті нығайтумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуды және қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, барлық мәселелерді шешудің негізгі кілті – жаппай кәсіпкерлікті дамытуда.
Мұнан соң депутат Мнажадин Өтеев төрағалық еткен сессия барысында халық қалаулылары 2018 жылдың бюджетін қабылдады. Келесі жылға облыс бюджетінің көлемі 218,8 млрд теңге болып белгіленді, бұл 2017 жылдың бюджетін қалыптастырудан 9,8 млрд теңгеге артық. Ал жыл барысында облыс бюджеті біраз толықтырылатыны туралы шығып сөйлеген депутаттар атап өтті. Сессияда сондай-ақ облыстық ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраевтың есебі тыңдалды. Ол атқарылған профилактикалық шаралар нәтижесінде ағымдағы жылдың 11 айында 7444 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 11,1 пайызға азайғанын мәлімдеді. Жол-көлік оқиғалары 0,3 пайызға өсім алған. Орын алған жол-көлік оқиғалары нәтижесінде 84 адам қайтыс болып, 412 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Сессияда қоғамдық тәртіп пен құқық бұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейте беру ұсынылды. Депутаттар күн тәртібіне сәйкес облыс бойынша іске асырылу жоспарланатын жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекітті.
Сессия барысында, сондай-ақ, екі айтулы азаматқа – жерлесіміз, академик, ғалым Асқар Жұмаділдаевқа және белгілі кәсіпкер Нұрмұрат Ермановқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру ұсынысы талқыланды. Аталған азаматтардың мұндай құрметке әбден лайық екені жөнінде облыс әкімі де өз пікірін білдірді. Ол А.Жұмаділдаевтың туған жері Сыр өңірімен барлық уақытта тығыз байланысты екенін атап өтті. Ал кәсіпкер Н.Ерманов Елбасымыздың «қиын кезеңде табыстарыңды халықпен бөлісіңдер» деген кәсіпкерлерге арналған шақыруын бір сәт те есінен шығарған емес. Меценаттық бастаманың көшбасшысы болып, миллиондаған қаржысын демеушілікке жұмсады.
Ұсыныс депутаттар тарапынан толықтай қолдау тапты. Сессия күн тәртібінде белгіленген басқа мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер шығарылды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.