Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылордада «Туған жерге тағзым» форумы өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қызылордалықтар арнайы келіп қатысты.
Шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған. Біздің өңірімізде елдің дамуына, ұлттық жаңғыруға өзінің ақыл-парасатымен, білім-білігімен, ерен еңбегімен, озық идеяларымен атсалысып жүрген адамдар аз емес. Форум барысында телекөпір арқылы олардың бірқатарымен танысудың, еңбегіне баға берудің сәті түсті. Оған қоса жиналған қонақтар аймақтағы айшықты істерге куә болып, бірнеше индустриалды-инновациялық жоба іске қосылды.
Ең алдымен байланысқа шыққан Қызылорда қаласындағы шыныпластикалық құбыр өндірісімен айналысатын «НефтьПромСнаб» ЖШС директоры Қ.Қуанышбаев 2013 жылдан бастап өңірдегі мұнай компанияларын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқанын айтты. Серіктестік осы жылдан бастап өз қызметін өндіріс саласына бағыттап, «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасы аясында облыстық кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қорынан қолдау тапқан. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Өндірістік процесті түгелдей автоматтандырды. Өнім отандық және халықаралық стандарттарға сай. Кәсіпорын жылына 120-130 мың метр құбыр шығаруға қауқарлы, 20-дан астам жұмыс орны ашылмақ.
Серіктестік жетекшісі аймақ басшысынан зауытты іске қосуға рұқсат сұрап, барша жұртшылықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
– Рахмет, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Келе жатқан Тәуелсіздік мерекесі, Жаңа жыл құтты болсын, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Одан кейін бір сәтте екі аудан – Арал мен Жаңақорған тікелей байланысқа шықты. «Арал құрылысы» ЖШС-ның асфальтбетон зауыты көршілес Қазалы ауданы мен Байқоңыр қаласы, Ақтөбе облысы нарығына өз өнімдерін шығаруды мақсат тұтып отыр. Құны 148,5 млн теңгені құрайды. Аралдықтар Елбасының «Аралға көмектесем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі бизнес өкілдерінің бастамаларына рухани күш-жігер беретінін атап өтті. Мұндай зауыт бұрын-соңды Арал ауданында болған емес. Жоба 20 адамға жаңа жұмыс көзін тауып берді.
Ал Жаңақорған ауданындағы «Премиум Класс Строй» ЖШС-ның әк зауыты кем дегенде 50-60 адамды жұмыспен қамтымақ. Шағын зауыт жылына 50-60 мың тонна әк өндіріп, оны халыққа қолжетімді бағамен сататын болады.
Облыс басшысы аралдықтар мен жаңақорғандықтарды ұлық мерекемен, аймаққа аса қажетті өнімдер шығаратын қос зауыттың іске қосылуымен құттықтады.
– Қазір біздің облыс аграрлық аймақтан индустриалды-аграрлық аймаққа айналып келеді. Елбасының индустриялық-инновациялық бағдарламасын іске асыру мақсатында экономикамызды әртараптандырып, өте жақсы нәтижеге жеттік. Республикада өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша алдыңғы қатардамыз, – деді аймақ басшысы.
Елбасы Жолдауында аграрлы саланы экономиканың жаңа драйверіне айналдыруды айтты. Еліміз көптеген позициялар бойынша әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің қатарына ене алады. Бұл бағытта біздің өңірде экспорттық потенциалды арттыру қолға алынды. Еуропаға жылқы еті, Жалағаш қауыны – Ресейге, Сыр күріші мен қойы – Иранға, Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталды.
Осы тұста сапалы сиыр етін сыртқы саудаға шығаруға жұмыс істеп жатқан Қызылорда қаласындағы «Саламат Агро» ЖШС басшысы Ә.Ізтілеуов тікелей байланысқа қосылды. Серіктестіктің атакәсіпті өркендетудегі бастамалары қолдау тапты. Мал сою пункті мен бордақылау алаңын салды. Ауысымына 50 бас мал союға арналған құралдар сатып алынды. Енді Қызылорда қаласының нарығын сапалы сиыр етімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Оған қоса Иран және Араб елдеріне экспорттауға жұмыс жасалуда. Ол үшін Еуразиялық экономикалық одақ және Халал өнімдер сертификатын алды. Кәсіпорында 15 адам тұрақты жұмыс істейді.
– Ауыл шаруашылығы саласының біздің аймағымыз үшін орны ерекше. Өйткені облыс халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады. 264 елді мекеннің 43-ін тірек елді мекен ретінде арнайы бағдарлама аясында дамытуды жолға қойдық. Ауылдардың әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелерін, кәсіпкерлікті дамытуда көптеген іс-шаралар атқарылуда. Мамыр айында Қызылорда облысы аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесіне ие болды. Бұл – Халықаралық эпизоотиялық бюромен жасалған жұмыстың нәтижесі. Енді ет өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік алдық. Мал басы өсімі бойынша 1993 жылғы көрсеткіштен асып түстік. Қазір кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауымен көптеген жобаларды іске асыра бастады. Халқымыздың қолын ауызына жеткізетін, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешетін, экспорттық потенциалы нығайған кәсіпорындар пайда болды. Ұжымыңызға сәттілік тілейміз, – деді аймақ басшысы.
Ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір жағымды жаңалық – Шиелі құс фермасында 2-цехтың іске қосылуы. Бұл тәулігіне өндірілетін жұмыртқа көлемін 20 мың данаға жеткізді. Осы қуанышты хабарды тікелей эфирде «Мөлдір және К» ТС директоры Н.Мырзабеков жеткізді.
Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ішкі нарықтың 80 пайызын отандық өнімдермен толықтыру керек. Бізде бұған толық мүмкіндік бар. «Шиелі құс» фермасы сәуір айында ашылған еді. Бұған дейін тәулігіне 10 мың дана жұмыртқа өндірілді. Бұл жұмыртқа бағасының төмендеуіне ықпал етті. Бүгінде ферманы кеңейту үшін арнайы құрал-жабдықтар әкелініп, 2-цехтың жаңа құрылғылары орнатылды. Тауық саны 22 мыңға жетті. Цехтың кеңеюі қосымша 5 адамды жұмыспен қамтыды.
– Құс шаруашылығын дамытуда жақсы жетістікке жеткендеріңізді көріп отырмыз. Бұл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне аса қажет жоба. Экспорттық әлеуеті де жоғары. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!– деді Қ.Көшербаев.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмаларды орындаудың жарқын көрінісі – латын әліпбиіне көшу жөніндегі батыл қадам, киелі жерлердің картасының түзілуі, «100 жаңа есім» жобасы. «100 жаңа есім» жобасына енген дәрігер, ғалым, А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Б.Баймаханов жүрекжарды лебізін жеткізді. Алтын қолды дәрігер туған жерден алыста болса да, ел үшін алаңдап отыратынын айтып, өңірдің денсаулық сақтау саласының өркендеуі үшін жасалып жатқан шараларды жоғары бағалады.
Сондай-ақ, Мәскеуде білім алып жатқан жастардың атынан Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің 4-курс студенті Е.Меңдіқұл елге деген сағынышты сәлемін жолдады. Жырақта жүрсе де, елмен етене болғысы келген жастар жақында Ресей астанасындағы қызылордалықтардың «Орда» ассоциациясын құрған болатын. Студенттер туған жердің қамқорлығын әрдайым сезініп келеді. Олар болашақта еліміздің экономикасы мен әлеуетін жоғарылатуға жұмыс істейді деп сенеміз.
Туған жерді жырға қоспаған ақын жоқ. Ж.Әбдірәш, М.Мақатаев, Ә.Тәжібаев, Қ.Данабаевтың әр жылдары жазылған кіндік қаны тамған жерге арналған өлеңдері кеш мазмұнын байыта түсті.
Аймақтың дамуына қосқан үлестері үшін Сыр елінің түлектеріне «Сыр жанашыры» марапаты табысталды. Олардың ішінде әйгілі зілтемірші И.Ильин мен кардиохирург, Қазақстанның Еңбек Ері Ю.Пя, А.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми-зерттеу орталығының Басқарма төрағасы Б.Баймаханов, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Б.Досмамбетов, тағы басқалар бар. Номинацияға ғалымдар, дәрігерлер мен өнер майталмандары, кәсіпкерлер, спортшылар және басқа да салалардың өкілдерінен 19 адам ие болды.
Марапаттау рәсімінен соң аймақ басшысы форумға жиналған қонақтарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы айтып берді.
– Мемлекет басшысы өзінің көреген саясатымен ұлттық құндылықтарымызға негізделген Рухани жаңғыруды алдымызға қойды. Рухани жаңғырудың бір тарауы «Туған жерге тағзым» болса, бұл біздің өңірде 2014 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жүрегі елім деп соққан әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуы керек деп білемін. Сыр өңірінде «Туған жерге тағзым» акциясы бастау алған күннен бастап 400-ге жуық жоба жүзеге асырылып, 6 млрд 228 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл – елін сүйген, жерін қастерлеген азаматтардың Атамекеннің дамуына қосқан үлесі, – деді аймақ басшысы.
Форумда есімі әлемге әйгілі математик ғалым, академик А.Жұмаділдаев сөз сөйледі.
– Мен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде 70-ші жылдары оқыдым. Ол кезде бұл университетте оқыған екі-ақ қазақ болатынбыз. Ал бүгінде сырбойылық түлектердің осы оқу ордасында білім алуларына жағдай жасалған. Жыл сайын Мәскеу мемлекеттік университеті Қызылорда облысының студенттері үшін магистратурада білімдерін жетілдіруге 20 грант бөлетін болды. Бұл – үлкен жетістік! Төрт жыл бұрын ҰБТ қорытындысы бойынша облыс республикада ең соңғы орында еді. Ал, биыл мектеп бітірген түлектердің 97 пайызы орта арнаулы және жоғары оқу орындарына оқуға түскен. Бұл да жүйелі жұмыстың нәтижесі деп санаймын, – деді академик.
Айта кету керек, кешегі өткен облыстық мәслихат сессиясында академик А.Жұмаділдаевқа Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағын беру туралы шешім қабылданған болатын.
Сондай-ақ, форумда Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші А.Дүзелханов өзі дәріс беретін жоғары оқу орнында оқытушылар мен студенттердің арасында Сыр өңірінен шыққан талантты суретшілер көп екенін айтты. Жырау А.Алматов:
– Дәстүр – өнердің талбесігі. Ал, жырау – тариxтың тірі жәдігері. Осы орайда 1998 жылы Қорқыт ата ҚМУ-да «Дәстүрлі өнер жыр» мамандығын енгізу туралы бұйрыққа қол қойған сол кездегі министр Қырымбек Көшербаев екенін айтқым келеді. Бұл бастама жалғасын тауып, Өнер университетінде дәстүрлі өнерді жалғастырушы талай жас талант тәрбиеленіп жатыр, – деді.
Алматы онкологиялық орталығының бас дәрігері Д.Дәулетбаев жерлестерін мерекемен құттықтап, білікті дәрігерлердің облыстық онкоорталықта күрделі ота жасауына, тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызу туралы ойларын айтты.
Қазақ эстрадасының белгілі өнерпаздары Ж.Ысқақова, Т.Төреәлі мен «Тұран» триосы концерттік бағдарламасын ұсынды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
Бағдат Есжанов (сурет).