Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалына қарасты мекеме басшылары баспасөз мәслихатын өткізді. Атап айтсақ, «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» және «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» департаменті басшылары ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарын саралады.
«Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Айнұр Тобаева жаңа жылдан бастап зейнетақы көлемі 8 пайызға артатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ең төменгі зейнетақы көлемі – 49019 теңге, орташа зейнетақы – 71333 теңге, ал жоғары зейнетақы 98247 теңге болады. Айта кетерлігі, зейнетақымен қатар жәрдемақы түрлері де 6-16 пайыз көлемінде жоғарылайды.
– Келер жылы зейнетке 1960 жылдың бірінші жарты жылдығында дүниеге келген, орташа еңбек өтілі 18 жылды құрайтын әйелдер шығады. 1970 жылы дүниеге келген әйелдердің еңбек өтілдері 10 жылға тең, ал 1980 жылы дүниеге келгендерде еңбек өтілі мүлде болмайды. Әйелдер ерте зейнетке шыққанда барлық қолданыстағы жеңілдіктер сақталады. Біріншіден, 5 және одан да көп бала туған немесе асырап алған балаларын сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің зейнетке шығу жасы 53 жас болып қалады, – деді ХҚКО басшысы.
Өз кезегінде «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» басшысы Салхадин Мырзабеков, департамент қызметкерлері 43 түрлі әлеуметтік төлем жұмыстарымен айналысатынын айтты.
– Халыққа атаулы зейнетақы, жәрдемақы төлемдері бойынша өткен жылы 68,6 млрд, биыл 76,9 млрд теңге қаржы аударылды. Жыл басынан бері 115 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді, – деді ӘТВЕО директоры.
Енді зейнеткерлікке ерте шығатындар үшін жинақталған зейнетақы қаражатының жеткіліктілігі анықталады немесе зейнетақы аннуитетін сатып алу құқына ие болады.
Жалпы базалық зейнетақының жаңадан тағайындалу әдістемесінің өзгеруі еңбек өтілі көп, бірақ төменгі зейнетақы мөлшерін алушы зейнеткерлердің мәселелерін шешуге бағытталған. Бүгінде ӘТВЕО бөлімшелерімен барлық зейнетақы ісі қаралған. Айта кету керек, қайта есептету үшін қосымша құжаттар зейнеткерлерден талап етілмейді.
Ал, жаңа форматтағы жұмыстары жайында «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» департаментінің бастығы Ақылбек Мұхаддас баяндап берді.
Жер телімдеріне сәйкестендіру құжаттарын жасау және жылжымайтын мүлік нысандарының техникалық төлқұжатын дайындау сұранысқа ие қызмет түрлері болып саналады. Халыққа мемлекеттік және коммерциялық қызмет көрсету бойынша биыл 29 мыңнан аса құжат қатталған.
– Департаментпен жалпы 14 мемлекеттік және коммерциялық қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде 4 анықтама тікелей ХҚКО арқылы беріледі. Кәсіпкерліктің кең өріс алуына орай, биыл шаруа қожалықтарының 250 жер учаскесінің паспортын дайындап бердік, – дейді ЖКжЖМТТ департаменті басшысы.
Мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа қолжетімді болу үшін қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге орнатқан. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясында үш мекеме бір шаңырақ астында тоғысып, халыққа қызмет көрсетуде.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.