«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғ.Әбдірахымов жұмыс сапарымен облысымызда болды.
«Нұр Отан» партиясы хатшысы сапар барысында Сырдария өзенінің сол жағалауында салынып жатқан құрылыс нысандарымен танысып, оң бағасын берді. Сонан соң облыстық мекемелер үйінде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытындағы Елбасы тапсырмаларының орындалу жайын қозғаған жиын өтті.
Шараға мәслихат депутаттары, қала, аудан әкімдері, департамент, басқарма басшылары және партия активі қатысты. Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қ.Көшербаев жүргізіп отырды. Аймақ басшысы партияның Сайлауалды тұғырнамасында көзделген міндеттер мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын партиялық қадағалау әрбір нұротандықтың маңызды жұмыстарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол аймақтың даму динамикасына тоқталып, Қызылордада құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын, Сыр өңірінің әлеуметтік салаларға мол қаржы бөліп отырған аймақтардың бірі екенін тілге тиек етті.
Күн тәртібіне сәйкес облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев хабарлама жасап, білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады.
Білім басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, аталған саланы қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Сала бюджеті 2015 жылы 63,9 млрд теңге болса, 2016 жылы ол 70 млрд теңгеге жетті. Ал, биыл бұл қаржы 89,3 млрд теңгені құрап отыр. Оқушылар саны да 6 мыңға дейін артқан. Аймақтағы білім ошақтары жаңарып, жаңғырып келеді. Өткен оқу жылында 13 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдаланылуға берілді. Жаңа оқу жылының қарсаңында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы апатты жағдайдағы 11 мектептің құрылысы жергілікті бюджет есебінен, Жаңақорған ауданында 2 мектеп «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып, игілікке берілді. Облыста білім саласын дамытуға байланысты басқа да шаралар жетіп артылады. Соның бірі ретінде арнаулы орта оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатқанын атап өтуге болады. Қазір Қызылорда балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту және апатты жағдайдағы мектептерді жою бойынша Елбасы тапсырмасын мерзімінен бұрын орындап отырған аймақ екенін де айтып өткен жөн.
Өңірде медицина саласын дамытуға да баса назар аударылған. Ана мен бала өлімін болдырмау, медициналық мекемелердің соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтылуын қамтамасыз ету сынды жұмыстар жүруде. Бұған қоса ауруханалар мен емханалар да салынуда. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова айтып, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, ұсыныстарын жеткізді.
– Медицина саласындағы мемлекеттік қызметшілерге, соның ішінде дәрігерлерге медициналық тәжірибеге тыйым салынған. Бұл өз кезегінде дәрігерлердің біліктіліктеріне әсер етіп, уақыт өте келе кәсіби дағдыларын жоғалтуына алып келуі мүмкін. Сондықтан, қолданыстағы заңдарда мемлекеттік қызметтегі медицина саласы мамандарына қойылатын шектеулерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді сұраймыз, – деді ол.
Мұнан кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Мұхимов хабарлама жасап, жемқорлық сипатындағы қылмыстардың азайғанын жеткізді.
Жиында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, Қармақшы ауданының әкімі С.Мақашев хабарлама жасап, Елбасы тапсырмаларын орындау барысында атқарылып жатқан жұмыстарды мәлім етті.
«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғ.Әбдірахымов соңғы жылдары Сыр өңірінде қыруар жұмыстардың атқарылып жатқанынан, аймақ азаматтарының сол жолда тынбай еңбектеніп жүргенінен хабардар екенін жеткізді. Тіпті, табысты жұмыстардың бірі ретінде Ресейде оқып жатқан Сыр перзенттерін атап өтті.
Бүгінде Қызылорданың 450-ден астам түлегі Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарында сол елдің гранты есебінен білім алуда. Мұның бәрі облыс әкімінің табанды еңбегінің арқасында мүмкін болғанын атап өткен дұрыс.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.