Туған жердің топырағы қашан да ыстық. Сыр еліне келген сайын жастармен кездесіп тұрамын. Міне, осындай мүмкіндік тағы да туып отыр. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында елге келген жайымыз бар. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Түрлі кездесулерге қатыстық. Мен Жаңақорған ауданының «Қызылжұлдыз» кеңшарында дүниеге келдім. Балалық дәуренім ауылда өтті. Н.Гоголь атындағы педагогика институтын бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды ауыл мектебінде мұғалім болып бастадым. Кейін арман қуып Алматыға келдік. Ұстазым белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев болды. Әуелі өлең жазудан бастадым. «Ана тілі» газетінде өлеңдерім жарияланып жүрді. Сонымен қатар «Жас Алаш» газетінде де жазған дүниелерім жарыққа шықты. Алдыңғы буын ағалардан көп нәрсе үйрендік. Олар журналистикаға баулыды. Соның арқасында мықты маманға айналдық. «Ана тілі» газетінде жүрген кезімде сыни мақалалар жазып тұрдым.
Қай саланың маманы болсаң да, әдебиетті білуің керек. Рухани ішкі әлемің бай болуы тиісті. Осы ретте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында туындаған «Туған жер» бағдарламасының маңызы зор. Акция аясында болашақ журналист мамандармен кездестім. Жастарға сөз құдіреті, өнері жайында тұшымды ойымды айтып, сұрақтарына жауап бердім.
Туған жерге қашанда ықыласың ауып тұрады. Әр келген сайын қаланың көркейіп, жанданып келе жатқанына куә болып жүрміз. Мен Сыр елінің топырағында туғанымды мақтан етемін.
Бақыт САРБАЛАЕВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
сыншы, жазушы.