ӘН МЕН ДӘН ТЕРБЕГЕН ЕЛДЕНБІЗ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жырақта жүріп туған еліне қамқорлық жасап, қолдау білдіріп жүрген азаматтарды елге таныту керектігі айтылған. 
Осы ретте Сыр елінде, туған жерде өткізіліп жатқан «Туған жерге тағзым» акциясына шақырту алдық. Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпіріндегі түрлі салада қызмет етіп жүрген жерлестеріміз жиналды. Әсерлі кездесулер, тағылымы мол шараларға қатысып жатырмыз. Жалпы, туған жерде болып жатқан әрбір жағымды жаңалықты естіп, марқайып, мақтанамын. Осы шараға келе жатқанда әуежайдан бастап Қызылорда қаласының өркендеп өскенін көріп қуандым. Мен Қорқыт бабаммен мақтанамын. Сыр елінің өзгелерден ерекшелігі ән құдіретінде жатыр. Сыр сүлейлерінің мақамы бөлек. Бала күнімізде әкеміз үйге белгілі жырау, күйшілерді шақыртып, қонақ етіп, құлақтың құрышын қандырғанша ән салатын. Ән-жырмен сусындап өстік.
Ел ертеңі жастардың қолында. Кітапты көп оқу керек. Қазір интернеттің дәурені қызып тұр. Біздің уақытта интернет, теледидар деген болған жоқ. Есесіне, кітапты жата-жастана оқыдық. Ауыл кітапханасына түскен әрбір жаңа кітапты оқығанша асығатынбыз. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдадық. Алғашқы еңбек жолымызды бастап, саламызға төселдік. Шерхан Мұртаза, Бақыт Сарбалаев секілді ағаларымыздың мектебінен тәлім алдық. Осы ағаларымыздың жолын жалғап, енді жастарға бар білгенімізді үйретіп жүрміз. Сондай-ақ, осы акция аясында Дүр Оңғар ауылында болдым. Бұл ауылдың атын жиі еститінмін. Міне, барудың сәті түсті. Ауылды көріп таңғалысымды жасыра алмадым. Онда жұмыссыз адам жоқ. Бәрінің де кәсібі бар. Бастысы, қазақы салт-дәстүріміз берік сақталған. Болашағы зор ауылдың тынымсыз тіршілігін көріп, іштей марқайып қайттым. Сыр елі еңбекқорлығы, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, күріші және киелі орындарымен белгілі. Осындай қасиетті мекенде туғанымды мақтанышпен айтып жүремін.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ,
«Қазақстан-Zaman» газетінің бас редакторы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 желтоксан 2017 г. 626 0