Сыр елінде «Туған жерге тағзым» тақырыбында жерлестер жүздесуі өтті. Қызылорданың тумасы ретінде шараға мен де қатыстым. Жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, рух беретін мұндай шараның мән-мағынасы мен тағылымы қашан да мол екені белгілі.
Мен де сонау 1974-1980 жылдары арман қуып өзге қалаға аттандым. Жас кезімізде кез келгеніміз оқу бітіріп, мамандық алып, туып-өскен елімізге қызмет жасасақ деп армандаймыз ғой. Сол арман жетегінде алдымызға биік мақсат қойып, еңбек етеміз. Сыртта жүрсек те, Қызылорда десе елеңдеп отырамыз. Туып-өскен жерімізде болып жатқан әрбір жақсы істерге, жағымды жаңалықтарға қуанамыз.
Кездесуде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтты. Расында, әр келген сапарымызда туған жердің көркейіп, дамып жатқанын көріп, көңіліміз марқайып қалады. Келер жылы Астана қаласына 20 жыл, Қызылорда облысына 80 жыл, қаласына 200 жыл толғалы отыр. Астанамыз жиырма жыл ішінде асқан жылдамдықпен көркейсе, Сыр елі де серпінді дамуда, әсіресе соңғы уақытта айтарлықтай өсіп, өркендеуде.
Жылы жүздесуде аймақ басшысы ендігі мақсат – Сыр халқының санын 1 млн-ға жеткізу екенін атап айтты. Осы өңірдің азаматы, дәрігер ретінде мен бұл мақсатқа жету жолында жұмыла жұмыс жасауымыз қажет екенін ұғынамын. Туған жеріме кішкентай бір пайдам тиіп жатса, мен үшін үлкен мәртебе сол болмақ. Алаштың анасы атанған – Сыр елі жайнап, жасай берсін деп тілеймін.
Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.