АЙМАҚ ДАМУЫНЫҢ КЕМЕЛ КЕЛБЕТІ

АЙМАҚ ДАМУЫНЫҢ КЕМЕЛ КЕЛБЕТІ Қызылорда облысының әкімі Қ.Е.Көшербаевтың халық алдындағы есепті кездесуінде сөйлеген сөзі Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есепті кездесуін өткізді. Кездесуде облыс әкімі өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын және үстіміздегі жылы атқарылатын міндеттерді саралап берді. Әр саланың мәселесіне терең мән беріп, өз ойын тиянақты дәлел-дәйектермен жеткізген Қ.Көшербаев өңірдің өзгеше келбеті қалыптасып келе жатқанын айта келіп, Сыр халқын жарқын болашақ үшін жұмыла еңбек етуге шақырды. Қадірлі жерлестер! Уақыт диірмені тоқтаусыз айнала береді. Былтыр дәл осы залда Сіздермен жолығып, алғаш есепті кездесуімді өткізген едім. Жыл ішінде аймақтағы барлық 263 елді мекенді бір емес, кейде бірнеше рет аралап шықтым. Халықпен жүздесіп, пікірлестім. Елдің мұңы мен мұқтажын, бары мен жоғын түгендеуге барынша тырыстық. Әрине, барлық мәселені бір мезетте шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен, сіз бен біздің тізе қосып жұмыс істегеніміздің арқасында көкейкесті мәселелердің бірқатары ретке келді. Былтыр сәуір айында Қызылорда облысы әкімінің іс-қимыл Жоспарын қабылдадық. Ол жай ғана құжат емес, Елбасы тапсырмаларынан туындайтын міндеттер бойынша біздің жыл көлемінде атқаратын жұмыстарымыз бен мақсаттарымыздың жиынтығы болатын. Жоспарымызды жариялап, «әкім бол – халқыңа жақын бол» қағидасын ұстай отыра өз жұмысымызды қоғамдық бақылауға ұсындық. Біз бүгін өз мойнымызға алған жауапкершіліктің басым бөлігі орындалды деп сенімді түрде айта аламыз. Қабылданған 175 іс-шараның тек 3-і ғана белгілі себептерге байланысты дер кезінде орындалған жоқ. Бірақ ол жобаларды қатаң бақылауда ұстап, биыл іске асуына күш саламыз. Ең бастысы, ойға алған жоспарымыз орындалмай қалмайды. Іс-қимыл Жоспарындағы 17 жоба бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Аталған жобаларды іске асыру үшін уақыт керек. Өйткені ол бір жылдың шеңберінде бітетін шаруалардың қатарынан емес. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағытындағы 155 іс-шара толығымен атқарылды. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық ахуалын жақсартып, бірнеше маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруға жол ашты. Өңір дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша оң өзгерістер байқалады. Даму үрдісі бойынша облысымыз маңдайалды аймақтар қатарында. Бірқатар кен орындарындағы мұнай қорының азаюына қарамастан, өнеркәсіп өндірісі 2012 жылмен салыстырғанда біршама артқанын көреміз. Бұл жетістікке өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы қол жеткіздік. Ал аталған сала алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға артты. Бұл біздің бірсалалы сипатты экономикамыз (мұнай) үшін өте маңызды. Бір жыл ішінде аймақ экономикасының дамуына 370 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. 2012 жылмен салыстырғанда инвестициялық көлемнің 40 пайызға өскенін байқауға болады. Облыс бюджеті он екі айда 39 миллиард теңгеге артты. Бұған қоса, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытуға, ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларын жүзеге асыруға және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді атқаруға республикалық бюджеттен 47 миллиард теңге бөлінді (мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру үшін). Айта кететін жайт – біз өткен жылы бюджеттің әлеуметтік салаларға бөлінетін жан басына шаққандағы көлемін республикалық ортақ деңгейге жеткізіп, тіпті асып түстік. Мысалға, білім беру саламыздағы шығындарымыз орта республикалық көрсеткіштен 47 пайызға артық. Ауыл шаруашылығы саласында 360 мың тонна күріш жиналды. Бұл – соңғы 20 жылда қол жеткізген ең үлкен көрсеткіш болып отыр (гектарына 49 центнер). Ыбырай Жақаев атамыздың ізбасары, белгілі кәсіпкер-күрішші Ералиев Абзал Елбасының Жарлығымен «ҚР Еңбек Ері» атағына ие болды! Әлеумет күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары (тұтыну бағасының көрсеткіші – 103,7%, ал азық-түлік тауарлары – 103%) мен коммуналдық төлемдер (орташа есеппен 2,7 пайызға өскен) бағасын бақылауда ұстап тұрмыз. Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Бір жыл ішінде облыста 100-ге жуық жаңа әлеуметтік нысан ашылды. Олардың құрылысын әкімдікпен қатар, «Нұр Отан» партиясының активі, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдар да бақылауда ұстайды. Құрылыс салу көлемі 17 пайызға өсті. (150,1 миллиард теңге). Он мыңнан астам жаңа, оның ішінде 8 мың тұрақты жұмыс орындары ашылды. Бұл жұмыссыздықтың біршама төмендеуіне септігін тигізді (5,3%-дан 5,2%-ға дейін). Денсаулық сақтау саласында ана мен бала өлімі және жүрек-қан тамырлары ауруынан көз жұматын науқастардың санын азайтуға қол жеткіздік. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірін жақсарту мақсатында қосымша шаралар қолға алынды. Енді жоспарлаған жұмыстарымыздың қаншалықты атқарылғаны жөнінде толық тоқталайын. Облыс әкімінің 2013 жылғы іс-қимыл жоспарындағы басым бағыттар: білім беру, денсаулық сақтау және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, сондай-ақ тұрмысқа қажетті инфрақұрлымды дамыту, оның ішінде аймақты газдандыру мәселелері болатын. Аймақта индустриалды, ауылшаруашылық және тағы басқа салаларды дамыту күн тәртібінде тұрды. Экономиканың шикізатқа ғана тәуелді болуы, Өздеріңізге белгілі, тұрақты дамуға мүмкіндік бермейді. Өйткені шикізат бағасы әлемдік нарыққа тікелей бағынышты. Ал біз экономиканы тұрақтандырамыз десек, оны әртараптандыруымыз қажет, шағын және орта кәсіпкерліктің кең қанат жаюына жағдай жасалу керек. Аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің 93,4 пайызы мұнай және уран өндірісіне тиесілі. Алайда, мысалға жыл сайын мұнай өндірудің көлемі 2-3 пайызға төмендеп келе жатыр. Бұл жағдай мұнай мен газдың жаңа қорларын іздестіріп, барлау жұмыстарын жалғастыра беруді талап етеді. Сондықтан облыс экономикасын дамытудағы басым бағыт ретінде өңдеу өнеркәсібі айқындалды. Былтыр аталған саладағы өндіріс көлемінің өсімі 19 пайыздан асты. Ал бұл көрсеткіш республика бойынша 1,6 пайызды құрады. 2010 жылдан бастап Елбасының бастауымен елімізде индустриалды-инновациялық даму бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ал облыстағы Индустрияландыру картасы бойынша 24 жоба (152 миллиард теңге) қолға алынды. Оның 13 жобасы толықтай іске қосылды. Өңірлер арасында жасалатын жыл қортындысы бойынша аталған көрсеткіш біздің облысты көшбасшылардың қатарына қосты. Бұл өзі көлемі өте үлкен жобалар емес. Дегенмен, аймақ экономикасын дамытуға, әртараптандыруға септігін тигізетін өндірістер. Өткен жылғы жетістіктеріміздің бірі, шыны зауытының құрылысын облысқа қайтарып алдық. Мәселенің мән-жайына терең бойлап жатпай-ақ қояйын. Елбасының, Үкіметтің қолдауының арқасында біз маусым айында зауыт құрылысын бастаймыз. Ол озық технологиямен салынады. Ал нысан Қызылордадағы индустриалды аймақта (50 гектар) бой көтереді, қазір қажетті барлық инженерлік инфрақұрылым дайындалып жатыр. Сонымен қатар, аталған аймақта полимер құбырын шығаратын зауыт саламыз. Басқа да жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл басында ескі автокөлік дөңгелектерін қайтадан өңдейтін (1,5 мың тоннаға дейін) инновациялық зауыт (SmartRubber) іске қосылды. Мұнда тамшылатып суаруға қажетті құбырлар шығарады. Дәл осындай инновациялық өнімнің Қазақстанда баламасы жоқ. Және кәсіпорын «Жасыл экономика» талаптарына толық жауап береді. Сондай-ақ, зауыт асфальт төсегенде қолданатын резеңке ұнтақтар дайындайды. Бұл жолдың сапасын арттырып, қолдану мерзімін ұзартады. 2013 жылы Жалағаш ауданында қызыл мия өңдейтін фармацевтикалық зауыттың да құрылысы басталды. Негізгі жұмыстары аяқталды. Бұйырса, биыл іске қосамыз. Мысалға, Жаңақорған ауданында цемент зауыты салынады. Аталған жобаның өмірге келуіне мұрындық болған жергілікті кәсіпорын («Мелиоратор» ЖШС). Ол қаңтар айында қытайлық компаниямен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, биыл Қызылордада машина жасау зауыты жобасына қатысты жұмысты жалғастырамыз. Бұл зауыт теміржол (ҚТЖ), тау-кен және мұнай-газ саласына қажетті қосалқы бөлшектерді шығарумен айналыспақ. Бірлескен кәсіпорын Қызылорда локомотив депосының негізінде салынбақ. Бұл жөнінде «Байқоңыр» ӘКК мен «Қазақстан темір жолы» АҚ арасында келісім жасалды. Аталған жобалардың барлығы экономиканың нақты саласын дамытуға бағытталған және тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Біз жыл бойы ғалымдармен және мамандармен бірлесе отырып аймақтағы игерілмей жатқан мүмкіндіктер бойынша сараптама жасап, болашақ бағдарымызды айқындадық. Даму бағытымыз – металлургия. Бұл біздің экономикамызды әртараптандыруға бастайтын бірден-бір жол. Өткен жылы Елбасының аймаққа іссапары аясында жоспарларымызды баяндап, Елбасының қолдауына ие болдық. Биыл біз осы бағыттағы жұмысымыздың іргетасын қалауға тиіспіз. Ферроқорытпа зауытының құрылысын бастау үшін «Байқоңыр» ӘКК инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр. Осының нәтижесінде бірлескен кәсіпорын құрылады. Қазіргі таңда ӘКК-ның нақты іс-әрекет ету бойынша аймақтың даму институтына айналып отырғанын көріп отырмыз. Корпорация өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз етуде маңызды әлеуметтік рөлге ие. Айта кетейін, біз «Байқоңыр» ӘКК-ның алдыңғы екі жылдағы шығындарын түгелдей жауып, қызметін қалыпты жағдайға жеткіздік. Ал, ферроқорытпа зауытына келсек. Кәсіпорын төмен алюминийлік ферросилиций, кремний карбидін, ферромолибден және басқа да өнім түрлерін өндірмек. Жоспар бойынша өндірілетін өнім көлемі жылына 150 мың тонна болмақ. Осының арқасында мыңға жуық жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» Қорымен бірлесіп «Шалқия» кен орнын жаңаша дамытуды мақсат қылып отырмыз. Бұл өз кезегінде кен шығаруды 4 миллион тоннаға дейін ұлғайтып, жаңа металлургиялық кешен құрылысын бастауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мырыш, қорғасын, алтын және мыс қорлары бойынша іздеу-барлау жұмыстары жалғастырылады. Темір және полиметалдық кен қорларына толыққанды зерттеуді бастаймыз. Әрине, мұндай ауқымды саланы аяғынан тік тұрғызып, дамыту үшін кешенді түрде жұмыс жасалуы керек. Осыған сәйкес, биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің негізінде Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ мен Мәскеу болат және қорытпа институтымен бірлесіп металлургия саласына қажетті мамандар даярлайтын кафедра ашамыз. 37 студентті облыс әкімінің грантымен аталмыш жоғары оқу орындарына, сондай-ақ Қазан мемлекеттік техникалық университетінде білімдерін жалғастыру үшін магистратураға жібереміз. Дәл осы жастар біздің болашақ металлургиялық кластеріміздің негізін қалыптастыратын болады. 100-ге жуық мектеп бітірушілер Мәскеу болат және қорытпа институтында оқуға мүмкіндік алады. Институтпен тиісті келісімдер жасалды. Сәуір айында біздің он бірінші сынып оқушылары арасында іріктеу жүргізіледі. ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУДЫ ЖАЛҒАСТЫРА БЕРЕМІЗ 14 ақпан күнгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке кәсіпкерлікті, әсіресе шағын және орта бизнестің жұмысына жаңа серпін беретін жүйелі іс-шаралар кестесін қабылдап, іске асыруды тапсырды. Елбасы алдағы екі жылда экономиканы несиелік қаражатпен толыққанды қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлуді жүктеді. Осылайша, нақты секторға қыруар қаржылай қолдау көрсетіліп, қажетті инвестициямен қамтамасыз етіледі. Бұл қаражат алдымен өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін орта - шағын кәсіпкерлік жобаларына бөлінеді. Содан кейін индустрияландыру бағдарламасының басым бағыттарына жұмсалады. Осы орайда біз кәсіпкерлер қауымдастығымен бірлесе отырып, облыста жаңа кәсіпорындар ашуды және жұмыс істеп тұрған мекемелерді жандандыру жолдарын қарастырамыз. Оларды жүзеге асыруға қажетті қаражатты бөлу үшін тиісті орталық атқару органдарымен жұмыс жасаймыз. Биылғы жылды шағын және орта бизнесті кеңінен дамытуға арнаймыз десек те болады. Мұны облыс әкімінің 2014 жылға арналған іс-қимыл жоспарынан анық аңғаруға болады. Президент тапсырмасына сәйкес, біздің облысқа да кәсіпкерлікті қарқынды дамытуға зор мүмкіндік туып отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік (аймақта өндірілетін жалпы ішкі өнімнің 8 пайызын ғана құрайды) кенжелеп тұрған аймақ үшін экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету оңай емес. Біздің ендігі міндетіміз – 2020 жылға дейін аталған көрсеткішті 25 пайызға жеткізу, Елбасының жасаған мүмкіндігін игере білуіміз қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін барлық мемлекеттік органдар қолғабыс жасауға міндетті. Бірақ көп мәселе бизнес өкілдеріне де байланысты. Бұл тұрғыда Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы да белсенді жұмыс істейді деп үміттенеміз. Сонымен қатар, тұрғындардың кәсіпкерлік бағытындағы бастамаларын, әсіресе ауылдық жерлердегі ағайынға шағын несие беруді тоқтатпаймыз. Биыл бұл мақсат үшін 4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Экономиканың бірден-бір қозғаушы күші көлік инфрақұрылымы екені белгілі. Қызылорда облысы үш ұлы жолдың бойында жатыр. Біріншісі – Сырдария, екінші – теміржол, үшінші – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолы. Өмірдің нәріндей болған осы үш жол аймақты көлденеңнен қиып өтеді. Бұл біздің елді мекендерді қарқынды дамытуға, нарықтық ортада бәсекелестікке төтеп беруімізге мүмкіндіктеріміз. Ауылдар мен аудандар да осы жолдардың бойында шоғырланып, өте ыңғайлы орналасқан. Нақтылық үшін айтсақ, аймаққа қарасты елді мекендердің 85 пайызы теміржол мен тас жолдың бойында жатыр. Ал онда облыс халқының 93 пайызы тіршілік етуде. Ал биылғы тамыз айында біз өзімізге қарасты күре жолдың бөлігін толықтай аяқтаймыз. Сонымен қатар, біздің аймақтан «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржолы да өтеді. Өткен жылы бізге тиесілі аумақтың жұмыстарын аяқтап, Жезқазған жақтан тартылған шойын жолмен түйістік. Бүгінде теміржол инфрақұрылымына қажетті шаруалар атқарылып, станса құрылысы мен әлеуметтік-тұрмыстық кешендердің кірпіші қалануда. 2015 жылы осы жолмен алғашқы жүк тасымалданады. Ол Сексеуіл стансасын кесіп өтіп, еліміздің батысы мен шығысын тікелей байланыстырады. Бұл Арал аймағының дамуына зор серпін береді. Сондықтан біз мұндай мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тиіспіз. Бұдан бөлек, біздің аймақ үшін әуе, әсіресе жүк тасымалын дамыту да маңызды міндеттің бірі. Бүгінде Қызылорда қаласының әуежайы бір сағатта 150 жолаушыға ғана қызмет көрсетуге қауқарлы. Сондықтан біз жолаушылар терминалын қайта салу керек деп шештік, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келіссөздер жүргіздік. Нәтижесінде, аталған жобаны біз «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп қаржыландыруға уағдаластық. Жақын арада мемлекеттік сараптамадан өткен маңызды объектінің құрылысына кірісеміз. ӨМІРГЕ ҚАЖЕТТІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕ Облыс тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі көп жылдан бері көтеріліп келеді. Әрине, бұл өте маңызды мәселе. Дегенмен, аталған мәселені шешу де оңай емес. Өйткені газ тарту құрылысы көп қаражатты қажет етеді. (138 миллиард теңге) Былтыр жыл басында біз осы бір күрделі мәселені шешуді қолға алып, «ҚазТрансГаз» АҚ мен оның еншілес ұйымы «ҚазТрансГазАймақ» мекемесімен келіссөздер жүргіздік. Нәтижесінде, аймақты газдандыруға байланысты қыруар жұмыстар басталып кетті. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырынан Қызылорда қаласына дейін 23 шақырымнан асатын жоғарғы қысымды газ құбыры салынды, екінші резервті көгілдір отын желісі тартылды. Бұл облыс орталығын газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ендігі кезекте көгілдір отын желісіне қосылмаған әсіресе жеке үйлерді қамту міндеті тұр. Сонымен қатар, биыл «ҚазТрансГаз» компаниясы біздің облысқа 16,5 миллиард теңге инвестиция құяды. Бұл қаражатқа барлық жеті аудандағы газ құбырлары мен автоматтандырылған газ тарату станциялары салынады. Бұған қоса, біз 10 ірі елді мекенде ауылішілік газ желісі құрылысының жобасын әзірлеп жатырмыз, оларда қазір 100 мыңнан аса халық тұрады. Осылайша 2015 жылдан бастап аймақты толыққанды газдандыруды бастау үшін биылғы жылы барлық қажетті инфрақұрылымды дайындап қоюымыз қажет. Облысты ауыз сумен қамтамасыз ету тұрғысында не жасалды? 2013 жылы біз Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Жалағаш, Жаңақорған және Сырдария аудандарының 16 елді мекеніне таза ауыз су жеткізіп бердік. Арал ауданында суды тасып ішіп немесе ашық көлдерден алып отырған 8 ауылға тіршілік нәрі тікелей келетін болды. Нәтижесінде бір жыл ішінде 45 мыңнан аса халық тұратын 24 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бүгінде бүкіл аймақтағы тұрғындардың 94 пайызы таза ауыз су ішіп отыр. Бұл да аз жетістік емес. Аталған мәселе бойынша су құбырларын жөндеу үшін бізге республикалық бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының есебінен облыстағы барлық аудандардағы 20 жоба іске асады. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен 28 жаңа жобаның жұмысын қолға алдық. Қазалы және Қармақшы аудандарының орталықтарын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету – күн тәртібінде тұрған мәселе. Бүгінде Әйтеке би кентіндегі 30 мың халыққа есептелген су қоймасынан 22 елді мекенге ауыз су беріліп отыр. Бұл – қосымша 30 мың адам деген сөз. Соның салдарынан 3 күнге жетеді деп жоспарланған су бір тәуліктен аспай таусылып қалады. Дәл осындай жағдай Жосалы кентінде де орын алып отыр. Екі ауданда да қосымша су резервуарларын салу керек. Ал, қажетті қаражатты республикалық бюджеттен алармыз деп есептеймін. Талап-Сырдария және Жиделі топтық су торабын қайта жөндеу құрылысының жобасына қатысты тиісті жұмыстар атқарылды. Соның арқасында республикалық бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінді. Енді жұмысты бастаймыз. Бұл өз кезегінде 57 мың тұрғынды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қызылжарма жерасты су қоймасын игеру жұмыстары басталды. Бір жыл көлемінде 21 ұңғыма қазылды. Олардың кейбірінен облыс орталығына таза су жеткізіліп жатыр. Осылайша қала тұрғындары тұтынып отырған су сапасы жақсарып келеді. Ал, биыл тағы 17 ұңғыма қазуды жоспарлап отырмыз. Былтыр жылу маусымына дайындық барысында қаладағы жылу-электр орталығындағы екі қазандықты күрделі жөндеуден өткіздік. Бүгінде жылу қазандықтары үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Осының арқасында біз биылғы қыстан қиындықсыз шығармыз деп үміттенеміз. Айта кетейік, аталмыш жылу-электр орталығының құрылғылары әбден тозып, пайдалану мерзімі 2009 жылы аяқталыпты?! Осыдан-ақ атқарылған жұмыстың қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Ал, биыл тағы екі жылу қазандығын жөндейміз. Оның бірі резервтегі қазандық. Жылу-электр орталығы мен газдандыру мәселелерін шешпей тұрып, Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз етуге кірісу мүмкін емес. Алайда, берген уәдеміз бойынша ыстық су жеткізу жобасының алғашқы жұмыстарын бастап кеттік. 2015 жылы аталған жобаны қаржыландыру үшін биылдан қалмай жобалық-сметалық жұмыстарын толық дайындауымыз керек. Бұған қажет қаражат көлемі де аз емес. 7 миллиард теңге шамасында. Бірақ бұл мәселені кейінге қалдырмаймыз. Біз XXІ ғасырда, өркениетті, дамыған елде тұрып жатырмыз. Сондықтан өмір сүру деңгейіміз де соған сай болу керек. Өңірдегі өзекті проблемалардың бірі электр қуатының тапшылығы. Біз қазір тұтынып отырған электр қуатының 60 пайызын сырттан сатып аламыз. Бұл облыс экономикасына аса қолайлы жағдай емес. Енді осы тәуелділіктен құтылу мақсатында, энергетика саласының жұмысын жетілдіру үшін «Энергия» консорциумы құрылды. Біз қазір жылу-электр орталығын кеңейтіп, қайта жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Бұл – аймақты өзімізде өндірілетін электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Энергия тасымалдау компаниясының (КРЭК) жұмысын қаржы-экономикалық тұрғыдан жақсарту мақсатында да біраз жұмыстар атқарылды. Өткен жылдың басында компания қарызға белшесінен батып тұрған еді. Айталық, міндетті қарызы 2,4 миллиард теңге болса, дебиторлық қарызы миллиардтан асып кеткен. Компания жұмысын жандандыру үшін арнайы сауықтыру жоспары жасақталды. Соның арқасында компанияның кредиттік қарызын 4,5 есеге (547 миллион теңгеге дейін), ал дебиторлық қарызын 2,5 есеге (420 миллион теңгеге дейін) қысқарттық. Дәл қазіргі уақытта компанияны дамыту үшін стратегиялық инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Электр қуатын жеткізуші ұйымдардың санын алтыдан 3-ке қысқарттық. Яғни, халық пен электр таратушы компанияның арасында делдалдар азайды. Әрбір делдалдың әртүрлі көзқарасты ұстанып, түрлі жұмыс тәсілдерін қолданып, менеджменттің кемшіліктері аяғында қарызға жеткізетіні ешкімге жасырын емес. Сондықтан биыл біз бір ғана электр қуатын жеткізуші ұйымды қалдырамыз. Осылайша, жұмсалған электр қуатының қаржысына бақылау да, талап та күшейеді деген сөз. Сондай-ақ, барлық иесіз энергетикалық нысандарды түгендеп және КРЭК-тің басқаруына беру жұмыстарын бастадық. Мұнай объектілері облыс көлемінде тіпті көп екен. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау керек. ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ДА АЙМАҚТАҒЫ ҮЛКЕН ПРОБЛЕМАНЫҢ БІРІ Өкінішке орай, қажетті ресурстардың аздығынан республикалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы 2013 жылы тоқтап қалды. Дегенмен, біз облыстық бюджеттің есебінен бірінші қажетті қаражатты тауып, жоспарланған жұмысты аяқсыз қалдырған жоқпыз. Биыл республикалық бюджеттен осы мақсатқа 2 миллиардтан астам теңге тартылды. Аталған қаржыға 95 тұрғын үйді, 5 шақырымдық жылу жүйесін жөндейміз. Сондай-ақ, облыс орталығында апаттық жағдайдың алдында тұрған екі тұрғын үйді қайта саламыз. 2013 жылы «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасының аясында 4 ипотекалық және 89 арендалық көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Бұл 550-ден астам пәтерлер ішінде жас отбасылары да бар. Биыл қалада және аудан орталықтарында 95 арендалық, 6 ипотекалық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Өз кезегінде бұл 836 отбасының баспана жағдайын жақсартады. Ал оның жалға алу құны да арзан болмақ. Мысалы, 70 шаршы метрге айына 4 000 теңгедей ғана төлейді. Егер бір отбасында екі адам жұмыс істейді деп есептесек, онда аталған ақшаны төлеу оларға қиындық туғызбаса керек. Әрине, жоғарыда баян еткен жағдайдың басым бөлігі қалаға қатысты атқарылды. Ал біздің тұрғындардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Осы орайда ауыл шаруашылығын дамыту да кезек күттірмейтін мәселе. Ауылшаруашылық саласын дамытуға байланысты қандай шаралар қолға алынды? Ауыл шаруашылығы Қызылорда облысының экономикасындағы көшбасшы салалардың бірі екені белгілі. Көшбасшы дегенде, оның аймақ экономикасына тигізер пайдасы тұрғысынан айтып отырғанымыз жоқ. Дегенмен, біздің халықтың көпшілігі осы салада еңбек етіп жүр. Сондықтан аталмыш саланы ұдайы назарда ұстап отырамыз. 2013 жылы біз ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында 5,5 миллиард теңге бөлдік. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 2 миллиард, яғни 45 пайызға артық. Сонымен қатар, микрокредит беру үшін республикалық бюджеттен қыруар қаржы алғанымызды бұған дейін айтқан едім (3 + 4 миллард теңге). Осының арқасында біз ауылдағы кәсіпкерлікті қолдай алатын дәрежедеміз. Шаруаларды қолдау мақсатында тұңғыш рет ауыл шаруашылығына арналған тұтас қаржылық жүйе жасалды. Мәселен, «Аргохолдинг Байқоңыр» ЖШС арқылы несие беру, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бойынша ауылдық несие серіктестіктері мен тұтыну кооперативтерін қаржыландыру ісі жолға қойылды. Біздің облыста күріш өсіру дәстүрі әбден қалыптасқан. 2013 жылы ауылшаруашылық өнімін өндірушілер «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша жақсы қаржылай қолдау көрді. Бағдарлама шеңберінде жанар-жағармай мен тыңайтқыш заттарды төмен бағамен сатып алуға, су жеткізу қызметін оңтайлы пайдаланып, мал шаруашылығы өнімінің сапасы мен өнімділігін арттыруға мүмкіндіктер ашылды. Былтыр біз субсидияға орташа есеппен 43 мың теңге бөліп отырдық. Егер есептеп көрсеңіз, бұл бір гектар жерді өңдеуге кеткен шығынның 26 пайызын құрайды. Шаруашылығына жаңа техника алған қожалықтарды ынталандыру мақсатында да субсидия бере бастадық. Ал биыл сол техниканы алуға да көмектесетін боламыз. Осындай нақты қолдаудың өзінде де күріш өндірушілер зор табысқа жетіп, шаруашылықтарын толыққанды дамыта алмай отырды. Өйткені олар өз өнімдерін өте төмен бағада сататын еді (27-29 теңге). Сондықтан 2013 жылы ауылшаруашылық өнімін өндірушілерді қолдау үшін ӘКК-ның «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС күрішті 40 теңгеден сатып алуға шешім шығарды. Осы бүгінгі есептік кездесуде атыз басында тер төгіп, ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген азаматтар да отыр. Бұл көмектің қаншалықты маңызды екенін олар анық түсінді деп ойлаймын. Биыл да агрохолдинг жұмысын қолдаймыз. Себебі, біздің ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге өздері өсірген күрішті нарықта лайықты бағасына сатуына қолдау керек. Жалағаш ауданындағы күріш элеваторын қайта жаңғырту жобасын қаржыландыруды «ҚазАгро» мен ӘКК арқылы шештік. Былтыр біз Белградтық (Сербия) зауытпен бірлесіп аймақта трактор құрастыруды бастадық. Алғашқы 15 трактор дайын. Енді бұл техника өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға қолданылатын болады. Ауыл шаруашылығындағы ұжымдардың бәсекелестік қабілетін және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында кішігірім шаруашылықтардың бірігуін (концепциясын) жан-жақты қолдаймыз. Күріш шаруашылығындағы қордаланған мәселелерді толық шешу үшін арнайы консорциум құрдық, күріш кластерін жандандыру жұмысын бастап кеттік. Қысқасы, күріш шаруашылығын дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. Осы құрылған консорциум аясында ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, өңдеушілер, атқарушы органдар мен инвесторлар, сондай-ақ ғалымдар, қаржылық институттар мен «Байқоңыр» ӘКК өз күштерін біріктірді. Осындай іргелі істердің нәтижесінде біз биыл Тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш рекордтық өнім жинадық. Айтпақшы, қоғамда орын алған соңғы өзгерістерге байланысты біздің күріш экспорттаушы ұжымдардың табысы арта түскелі отыр. Өйткені өңірде өндірілетін күріштің үштен бір бөлігі (26 пайыз) шет елдерге тасымалданады. Ұлттық Банктің 11 ақпан күні теңге бағамын бұрынғы деңгейде сақтап тұрудан бас тарту туралы шешімі экономикалық тұрғыда тиімді. Әсіресе, отандық өнім өндірушілерге пайдалы болмақ. Оның ішінде өнімдерін шет елдерге экспортқа шығаратын кәсіпорындарға тигізер пайдасы мол. Мал шаруашылығына келсек, бүгінде сиыр етін экспорттау ісі қарқынды дамып келеді. 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 40 фермерлік шаруашылық құрылды. Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласында жайылымдық аумақ құру ісі де қолға алынды. Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау мақсатында 2013 жылы 900 миллион теңгеден астам субсидия бөлінді (2012 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық). Бұл біздің шаруаларға үлкен көмек. Сонымен қатар, ветеринарлық стансалар мен бөлімшелер белгіленген нормаларға сәйкестендірілді. Бүгінде оларға қажетті құрал-жабдықтар мен техникалар толығымен жеткізілді, биыл олардың ғимараттарға орналасу мәселелері де шешімін табады. Мал басы санағы да тиісті дәрежеде жүріп жатыр. Төрт түліктің толық санын біліп, мәліметтерді электронды базаға енгізу арқылы біз қазіргі жағдайдан нақты хабардар боламыз. Соған сәйкес тиісті әрі тиімді шешімдер қабылдаймыз. Аталған жұмыс биыл да пәрменді түрде жалғасады. САРАТС (Солтүстік Арал) жобасының бірінші кезеңі іске асқанының арқасында балық шаруашылығын дамытуға да мүмкіндік алдық. Былтыр біз балық консорциумын құрдық. Оның қатарына жиырма шақты балық аулайтын шаруашылықтар, «Байқоңыр» ӘКК, Қазақ ғылыми-зерттеу институтының Арал филиалы және өзге де мүдделі ұйымдар кірді. Балық аулауға квота беру ісін министрлікпен келісе отыра аталған консорциумның құзырына алып бердік. Енді бұл мәселеде ешқандай түсініспеушілік пен көзқарас алшақтығы болмайды. Өйткені балық шаруашылығымен айналысатын адамдар ішкі жағдайды өздері бағамдай алады емес пе? Өңірдегі балық өңдейтін ең ірі кәсіпорындарының бірі «Атамекенбалық өңдеу» зауыты (Арал қаласы) қарызға белшесінен батқандықтан жаңа инвестордың қарауына беру туралы шешім қабылданды. Бүгінде өндірістің шаруашылығын қайта жүйелеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл істің алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Осы жылдың қаңтар айындағы көрсеткіші бойынша 100 мың тоннаға жуық балық өңделген. Алдағы уақытта консорциум инвестормен бірлесе отырып зауыттың толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Елбасы Қызылорда облысына іссапары барысында САРАТС жобасының екінші кезеңін іске асыруды мақұлдап, Үкіметке тиісті тапсырма берді. Бұл біздің өңір үшін аса маңызды шешім. Сондықтан біз Ұлт көшбасшысының осындай қамқорлығына зор алғысымызды айтамыз. Барлық жауапты министрліктерге нақты тапсырмалар берілді, қазір біз Үкіметпен бірігіп мемлекеттік сараптаманы аяқтап, тиісті шешім дайындау үстіндеміз. Мамандар жобаның екінші кезеңі іске асқан жағдайда теңіз Арал қаласына 1 шақырымға дейін (қазір 17 шақырым) жақындайды деп есептейді. Ал балық аулау көлемі 30 мың тоннаға дейін ұлғаяды, Сырдарияның бойындағы көлдер жүйесі де қалпына келеді. Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың маңызды екенін Елбасы халыққа Жолдауында ерекше атап өтті. Өйткені осы сала азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауылдың дамуында басты рөл атқарады. Бүгінде біз өзімізге қажетті азық-түліктің тек 62 пайызын ғана өндіріп отырмыз. Атап айтқанда, ет – 78 пайыз, пияз – 76 пайыз, қырыққабат – 54 пайыз, жұмыртқа – 7 пайыз, ал макаронның бар болғаны 0,1 пайызы өзімізде өндіріледі екен. Қалған қажетті тағам түрлері сырттан әкелінеді?.. Ауылшаруашылық өнімдерінің көпшілік түрін мүмкіндігіміз бола тұра әлі күнге дейін өзімізде өндіре алмай келеміз. Яғни, біз ауыл шаруашылығы саласындағы өз потенциалымызды толық пайдалана алмай отырмыз. Дегенмен, оған біздің шамамыз жетеді. Сондықтан біздің алдымызда атқарар шаруамыз көп. «Берген – алады, еккен – орады» дегенді халқымыз бекер айтпаса керек. «Байқоңыр» ӘКК шеңберінде негізгі азық-түлік бағаларын тұрақтандыру қоры құрылып, нәтижелі жұмыс істеп жатқанын айта кету керек. Тұрақтандыру қорының әлеуметтік дүкендері желісіне көпшіліктің көңілі толады. Сондықтан осындай дүкендер қатарын арттыруды ойлап отырмыз. Себебі ондағы тауарлар нарықтағы бағадан 10-20 пайызға төмен сатылады. Азық-түлік тауарларының бағасында девальвацияға өзгеріс пайда болған кешегі күндерде біздің қолда бар қорымыз көп көмегін тигізді. Тұрақтандыру қорындағы өнімдер арқылы базарлар мен дүкендердегі азық-түлік тауарлары бағасының күрт өсуіне жол бермедік. Тұрмыстық тауарлардың, дәрі-дәрмек пен жанар-жағармайдың бағасын себепсіз өсіріп, орта жолдан пайда тапқысы келетен пысықайларды бақылауда ұстаймыз. Егер осындай жағдай орын алса Заң талаптарымен қатаң жазаланады. Мемлекеттің оған барлық мүмкіндігі бар. Бүгінде барлық деңгейдегі әкімдердің алдына осындай талап қойылды. ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕ Естеріңізде болса, жұмысымыздың басты бағыттарының бірі ретінде халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғау деп белгіледік. Өткен жылдың басында біз кем дегенде 5300 тұрақты жұмыс орнын ашамыз деп алдымызға міндет қойдық. Нақты жыл ішінде экономиканың түрлі салалаларында 8 мыңға жуық тұрақты жаңа жұмыс орны ашылды. Халқымыздың орташа отбасы құрамы 5 адамға тең екендігін ескерсек, бұл 40 мың тұрғынның тұрмысын жақсарта алдық деген сөз. Қоғамдық және маусымдық жұмыстар тұрмысы төмен тұрғындар үшін уақытша болса да жақсы қолдау болды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін 0,1 пайызға төмендеттік. Бұл – орташа республикалық көрсеткіштен аспайды (5,2 пайыз). Әсіресе, «екі қолға бір күрек» таппай жүрген жастар арасындағы соңғы жылдардағы жұмыссыздық өсімін аз да болса тоқтатқанымыз қуантады (0,2 пайыз). Жастарды кәсіпорындарға тәжірибеден өтуге жібергеніміз нәтижесін беріп отыр. Олардың 400-ден астамы сол кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа орналасты. Жастарды жұмыспен қамтудағы маңызды шара ретінде колледждерді қайта бейімдеу ісін айтуға болады. Біз экономикамызға қажетті мамандарды ғана даярлауымыз керек. Еңбек ресурстарының балансын қайта жасақтау кезінде, жағдайдың мүлде басқаша екенін көрдік. Біз даярлаған бастауыш сынып мұғалімдері мен мейірбикелер бір емес, екі облысқа жетеді екен. Ал жұмыс берушілер техникалық мамандық иелерін күндіз шаммен іздеп таппайды. Келешекте оларға деген сұраныс бұдан да арта түспек. Өйткені біз металлургиялық кластерді жасақтауға кірістік әрі бірқатар өндірістік нысандар салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, көлік-логистика саласы да дамитын болады. Колледждерді қайта бейімдеу еңбек нарығын теңдей ұстауға, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, кәсіпорындарды қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе, біз аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан жастарды қолдап келеміз. Бұл істі алдағы уақытта да жалғастырамыз. Өткен жылы мемлекеттік тапсырыс аясында колледждер мен лицейлерге аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыздар арасынан 2 мыңнан астам жастар оқуға түсті. Одан бөлек, 123 мектеп бітіруші (негізінен ауылдағы көпбалалы және мүжәлсіз отбасыларынан) облыс әкімінің жоғары оқу гранттарын алды. Олар облыста жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша жетекші оқу орындарында білім алып жатыр. Биыл бұл гранттар санын 300-ге жеткіземіз. «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасының аясында жұмыссыз адамдарды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберуді көздеп отырмыз. Бұл нені білдіреді? Кәсіпорын маманды жұмысқа қабылдайды, мемлекет жалақысының 35 пайызын жыл бойы төлейді. Қалғанын жұмыс беруші өтейді. Былтыр жұмыс берушілер тарапынан келісім бойынша 2 мыңға жуық әлеуметтік жұмыс орны ұйымдастырылды. Жұмыспен қамтылғандардың жартысынан астамы сол мекемелерге тұрақтанып қалды. Әрине, ауылдық жерлердегі жұмыссыздық өз алдына бөлек мәселе. Тұрғындардың 110 мыңға жуығы статистика бойынша өзін өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады. Олардың ішінде шын мәнінде табыс таппай отырғандар да бар емес пе? Осыны ашық айтуымыз керек деп есептеймін. «Айтылмаған сөздің атасы өлер» демекші. Сонымен қатар, елді мекендерде кәсібін дөңгелентемін деген адамға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалғанын да айту қажет. Тек жұмыс істеуге ынта қажет. Біз Кеңестер Одағы кезінде, айта кету керек, талай әлеуметтік жетістіктерге жеттік. Әсіресе, білім саласында. Бірақ та сол заманнан қалған ең ауыр мұра – масылдық пиғыл екенін де мойындауымыз қажет. Ал бұл психология жаңа заманға тіпті де сәйкес емес. Есепті жылы халыққа шағын несие беру жұмысы нәтижелі болды. Өткен жылы біз осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге қаржы алдық. Оған қоса, біз несиенің пайызын 8-ден 6-ға түсірдік. Нәтижесінде 1300-ден астам жоба жүзеге асып, 1200 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыс орындарын ашумен қатар мемлекет халықтың әлсіз топтарына әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Бұл – біздің парызымыз. Елбасы 14 ақпан күні Үкіметке халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша кешенді шараларын қабылдауды тапсырды. 2014 жылдың 1-сәуірінен бастап азаматтық қызметшілердің айлығы 10 пайызға өседі. Мұндай талапқа ең бірінші, білім мен ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері кіреді. Осы үстемақының арқасында азаматтық қызметшілердің жалақысы 2015 жылдың 1-шілдесінде 36 пайыздан 52 пайызға дейін жетеді. Жалпы алғанда, зейнетақы 14 пайызға, мемлекеттік әлеуметтік төлемдер 12 пайызға артады. Студенттердің шәкіртақысы 10 пайызға көбейеді. Бүгін біз аймақта жұмыс істеп жатқан барлық кәсіпорындарға өз қызметкерлерінің жалақысын 10 пайызға көтеру мәселесін қарастыруды ұсынамыз! Жекелеген адамдарға әлеуметтік көмек беру мәселесін мұқият қараған абзал. Ең негізгі бағыт – жоғарыда атап өткен масылдық көзқарасқа жол бермеуіміз керек. Тәуелсіз Қазақстан жалпыға ортақ еңбек қоғамын жасақтап жатыр. Сондықтан денсаулығы мықты, жұмысқа жарамды адамдар міндетті түрде еңбек етуге тиіс. Әлеуметтік көмек алған кейбір азаматтардың жұмыс істеуге тіпті ынтасы жоқ. Ал қоғам оны неге асырауы керек? Сондықтан әрбір атаулы әлеуметтік көмек алушы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына белсене араласуы шарт. Қазіргі заманда қоғамның өркениеттілік деңгейі оның мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, әлсіз және науқас адамдарға деген көзқарасы мен жауапкершілігі арқылы айқындалады. Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, денсаулығы нашар адамдардың басым бөлігі тек сырқатынан емес, қоғамның көзқарасынан тіршілікке бейімделе алмайды. Бізде әлеуметтік нысандар мүгедектердің жүріп-тұруына ыңғайлы инфрақұрылыммен қамтылмаған десе де болады. Әлеуметтік-мәдени орталықтар: театр, мұражай, спорт кешендерін айтпағанда күнделікті бараты
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 20 ақпан 2014 г. 1 699 0