ТЕҢІЗДЕ ТУҒАН ТАЛАНТ

Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының аясында Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрда көпшілік ықыласына бөленген күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Сыдықовтың шығармашылық кеші өтті.

Өнерімен ғана емес, қарапайымдылығымен қалың елді өзіне еліткен композитор сахна төріне көтерілісімен-ақ, қошеметке бөленді. Тыңдарман қол соғып, ерекше құрметпен қарсы алды. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов кеш иесіне деген жылы лебізін білдіріп, иығына шапан жапты.

– Сыр өңірінің киелі топырағында өскен өнер тарландарының есімін ел ұлықтайды. Бүгін, міне солардың бірі де бірегейі Мұрат Сыдықовтай белгілі композитордың кеші өтіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Мұрат Сыдықов 1958 жылдан бері өңірде өнердің өрлеуіне елеулі үлес қосып, туған жерге деген сүйіспеншілігін дәлелдеп келеді. Аралмен бірге мұңайды, теңіз оралғанда халықтан сүйінші сұрап, қуанды. Өнер әлемінде өзіндік орнын қалыптастырып, шабыт шағаласын биікке ұшыра білген оның бұл саладағы еңбегі бір төбе. Алдағы уақытта да өнер әлемінде өрісіңіз кеңейіп, шабытыңыз шарықтай берсін! – деді облыс әкімінің орынбасары.

Өнер саңлағының кешінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген шәкірттері де құттықтауын, арнау өлеңін арнады. Тұрмағамбет ұлт аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен композитордың “Тойға шашу”, “Балықшы қыз” күйі күмбірледі. Сондай-ақ, кеште “Сыдықовтар” отбасылық ансамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, ҚР Мәдениет қайраткері Өмірқұл Айниязов, ҚР “Мәдениет қайраткері” белгісінің иегері Үміт Медеуова өнер көрсетті. Кеш соңында Мұрат Сыдықовтың “Жырлайды Арал теңізі”, “Жыр мәйегі – мақам” кітабы мен “Теңізбен терең тілдескен, Сұлу Сырмен үндескен” атты күй үнтаспалары таныстырылды. Осылайша, ерекше әсер сыйлаған шарадан өнерсүйер көрермен көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 желтоксан 2017 г. 645 0