« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елдің мақсат-мұратын жүзеге асыруға бағытталған, рухани жаңғыруға негіз болатын бірқатар бағыттар айқындалған. Бағдарлама баспа бетінде жарияланған сәттен бастап ел ішінде кеңінен талқыланып, ондағы мақсат-міндеттерге байланысты шаралар атқарылуда. Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Шиелі ауданындағы шараларға шолу жасаған едік.
АҚЫННЫҢ ЕЛІ, БАТЫРДЫҢ ЖЕРІ
Рухани жаңғыруға негіз боларлық мақалада туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екені айтылады. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі екенін ұмытпағанымыз абзал. Алдымен аудан тарихына азды-кемді тоқталып өтейік.
Шиелі өңірі – ежелгі Сырдария өзенінің орта ағысынан орын тепкен киелі мекен, талай тарихи оқиғаның куәсі болған байырғы өлке. Шығысында – алты Алашқа белгілі Сығанақ, Бестам шаһары, теріскейінде Оңтүстік өңірге етене қарт Қаратау жатыр. Одан әрі Арқадан бастау алып Шиелі жеріне келіп тірелетін Сарысу өзені мен Таңбалы тас тұр. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған атақты Телікөл де осы өңірде. Батысы – облыс орталығының шекарасына иек артқан, түстігінде байырғы сары жел өлке Қызылқұм тұр.
Шиелі ауданында Қаратау сілемдеріндегі «Сауысқандық» шатқалындағы жақпар тастарға қашалып салынған суреттер, яғни, петроглифтер біздің эрамызға дейінгі екі мыңыншы жылдарға жатады. «Сауысқандық» шатқалы 500 гектар аумақты алып жатыр. Шатқалдағы тастарға 12 мыңдай суреттер салынған. Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы Қаратау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашап, ойып салынған адамдар мен жануарлар тұрпатты петроглифтерден басталады. Бұл ғасырлар қойнауынан жеткен мәдени мұрамыз – асыл қазынамыз.
Адал еңбек пен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен облысымызда 102 Социалистік Еңбек ері шықса, соның 41-і Шиелі ауданынан екенін өңір жұртшылығы мақтанышпен айтады. Шиеліні ақын Нартай Бекежановтың, дән атасы Ыбырай Жақаевтың, Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайдың, ғалым Шахмардан Есеновтің, қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы Әбділда Тәжібаевтың елі ретінде жұртшылық жақсы біледі. Бұл есімі аталған кісілердің барлығы да ғасыр адамы деп танылған, келер ұрпақтың жарқын болашағы үшін саналы ғұмырларын сарп еткен тау тұлғалы азаматтар.Аттары аңызға айналған жеті әулие – Оқшы ата, Есабыз әулие, Ғайып әулие, Бала би, Досбол би, Қыш ата осы өңірдің киелі топырағында дүние есігін ашып, өмір сүріп, еліне адал қызмет етіп, осында мәңгіге байыз тауып жатыр. Халқына Жерұйық іздеген Асан Қайғы бабамыздың бейіті де осы өлкеде.
БОЛАШАҚ БАҒДАРЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында елді кемел келешекке бастайтын бағыттар көрсетілген. Ондағы көтерілген мәселелер әр қазақтың, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан кемел ойдан туған кемеңгер шешім екені даусыз. Президент мақаласы жарияланғаннан кейін аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив отырысы өткізілді. Сондай-ақ, ауданда атқарылатын іс-шаралар жоспары құрылып, мақаланы ілгерілету және ақпараттандыру шараларының медиа-жоспары бекітілді. «Рухани жаңғырудың» төрт кіші бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша сарапшылар кеңесі, жобалық офис және аудандық жұмыс тобы құрылды. Бүған қоса тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, ауданымыздың әр саласында қызмет атқарған тұлғаларды айқындау жөнінде «Шиелі ауданының 100 жаңа есімі» жобасы аясында жұмыс тобы өз қызметін атқарды. Аталған топтардың құрамына өңірдің зиялы қауым өкілдері, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер, БАҚ өкілдері енгізілді.
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – терең түсініп, дәйектілікті қажет ететін үлкен мәселе. Біз оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Біріншіден, жер жүзіндегі миллиардтаған адам өзінің ана тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жаппай оқылып жатқан ағылшын тілін біздің де жедел үйренуіміз қажет. Бұл жерде «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, әлем елдерінің ең озық жетістіктерін қабылдай білу табыстың кілті болмақ. Бағдарламаны ілгерілету мақсатында және қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттайтын аудандық ақпараттық-насихаттық топ құрылды. Есепті мерзімде аталған топ мүшелері кент және ауылдық округтерде, ауданға қарасты барлық елді мекендерде кездесулер өткізіп, аймақ тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» деп аталатын бағдарламалар арқылы орындалуда.
ТӘРБИЕ ЖӘНЕ БІЛІМ
Мемлекет басшысы өз мақаласында бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ басқанымыз айтылады. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Осы орайда «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтейік. Аудандағы білім беру жүйесін жалпы білім беретін 41 мектеп, 1 кешкі мектеп, 128 мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу ұйымдары құрайды. Қазіргі таңда мектептерде 2177 компьютер, 6 мектеп физика кабинеттерімен, 7 инновациялық мектеп пен оқушылар үйін STEM технологияларды өндіру бойынша «Робототехника» кабинеттерімен жабдықталды. 41 мектептің 38-і интерактивті тақтамен, 32 лингафонды және мультимедиялық кабинеттермен, 5 мектеп жаңа үлгідегі физика,13 мектеп химия, 17 мектеп биология кабинеттерімен жабдықталған. Цифрлық білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін 26 орта мектепке 5 топтамадан 130 дана интерактивті тақта, 2 негізгі мектепке 4 дана, 134 дана интерактивті тақта алу жоспарланды. «E-learning» электронды оқыту жүйесіне 2015 жылы 9 мектеп ендірілсе, 2017 жылы 20 мектеп жүйеге еніп, жұмыс жасауда. 2016 жылдың қазан айынан бастап «Білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі» пилоттық жобасына 10 мектеп қосылған. «BilimLand» білім беру платформасына сәйкес 22 мектеп онлайнға, 19 мектеп оффлайнға қосылып, жұмыс жасауда. Мектептердің жаңадан берілуі мен қайта құрылымдаудан өтуіне байланысты апатты жағдайдағы мектеп пен үш ауысымды мектеп толығымен жойылған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп ғимараттарының іші-сыртына 33 білім мекемелерінде 172 дана бейнебақылау камералары орнатылды. Аудандағы білім беру ұйымдарының оқушылары арасында «Менің қиялымдағы әлем», «Туған өлке», «Табиғат – алтын бесік» тақырыптарында сурет салудан аудандық байқау өткізілді. Мектеп кітапханаларында жас ұрпақтың санасында туған еліне деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ, тарихымыз бен өнерімізді қастерлеп, ардақтай білуге тәрбиелеу мақсатында да іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен бірге, «Киелі Шиелі ауданының табиғаты» тақырыбында үздік фото және бейнематериалдардың аудандық конкурсы болып өтті.
АТАМЕКЕН
«Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша аудандағы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ерікті болғысы келетін тұлғалар туралы мәліметтер базасы жинақталуда. Ерікті тұлғалардың басты мақсаты мемлекеттік маңыздылығы бар істерге белсене араласып, билік пен халық арасындағы «Алтын көпірге» айналу. Ауданда «Жас Ұлан» және «Достар әлемі» еріктілер жасағы құрылып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету, жалғызбасты қарттарға «Қамқорлық» акциялары ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, аудандағы білім беру мекемелеріне көмекке мұқтаж, жалғызбасты қарттар мен ардагерлерді қамқорлыққа алуын, үй шаруасында, басқа да қол көмектер көрсетуге байланысты арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті шаралар атқарылуда. Шиелі ауданынан шыққан меценаттардың базасын жинақтау және туған еліне демеушілік көмегін ынталандыру бойынша ұйымдастыру шаралары қолға алынған. «Туған жер» бағдарламасының маңыздылығы өте зор. Бағдарлама мақсаты – туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша құрметпен қарап, шынайы патриотизмнің маңызды көріністерін қалыптастыру. Осы тұста бар күш патриотизмнің ең жақсы үлгісі ретінде орта мектепте туған жердің, туған елдің тарихын оқытуға жұмсалуда. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыз-әңгімелер бар. Аудандағы жер-су атауларын кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Аудан әкімінің қолдауымен «Шиелі-Самғау» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кесенесіне және «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай ашылған этноауылға 50 ардагер саяхаттап қайтты. Қыркүйек айында 40 ардагер Түркістан қаласы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне барды. Бұл орындарға оқушылардың да барғанын айта кеткен абзал. «100 жаңа есім» жобасы аясында тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, ауданымыздың әр саласында қызмет атқарған тұлғаларды айқындау жөнінде жұмысшы тобы құрамы құрылды. Бүгінгі таңда Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, ауданымыздың әр саласында қызмет атқарған 100 тұлғаны анықтау жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта елімізге танымал шиеліліктердің жетістіктерін бейнелейтін жинақтар шығару жоспарлануда.
Елбасы мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп, өсуге тиіс» деп айтылған. Өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды насихаттау жағы да қолға алынған. Ауданның дамуына, өркендеуіне үлестерін қосқан әрбір азаматтың өмір жолы мен сіңірген еңбегін біз болашақ ұрпаққа үлгі, өнеге ретінде насихаттауымыз қажет. Сонда ғана жас ұрпақтың рухани сана мен отаншылдық бағыттағы ойларын жетілдіріп, патриот азамат болып қалыптасуына ықпал етеміз. Сонымен қатар, туған жерді көркейтіп, туған өлкені дамытуға өз үлестерін қосуға өңіріміздегі және басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келетін кәсіпкерлерді, демеуші азаматтарды, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып қолдау жұмыстары қатар жүруде. Соның бір айғағы ретінде Ақмая ауылдық округінде жобалық құны 70 млн теңгенің жаңа спорт кешені халық игілігіне пайдалануға берілді. Аталған спорт кешенінің құрылысын салуға Жұмбеков Самат Дәулетұлының көрсеткен қаржылай қомақты үлесін атап өтуге болады. Жуантөбе ауылдық округінде жобалық құны 42 млн теңге болатын спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Спорт кешені пайдалануға берілген кезде ауыл жастары дзюдо, волейбол, бокс, тоғыз құмалақсынды спорт түрлерімен айналысатын болады.
РУХАНИ ҚАЗЫНА
Елбасы өз мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деді. Осы ретте «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өткенді жөн санап отырмыз. Жыл басында аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылып, құнды кітаптарды, картиналарды, тарихи құжаттарды, материалдық мәдени заттарды ерікті түрде табыстау бойынша акциялар өткізіліп, тарихи мәліметтермен көне жәдігерлер жинақталуда. Ауданымыздың тарихи киелі жерлерін кеңінен насихаттау мақсатында саяхат, экспедициялардың кестесі әзірленіп, іс-шаралар жоспары бекітілді. Қасиетті жерлердің мәдени-географиялық белдеулерінің толық тізбегі қайта жаңартылып, тарихи деректері толықтырылды. Рухани құндылықтар мен ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында мұражайлар мен тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылып, білім беру мекемелерінде туған жердің тарихын оқыту жұмыстары жүргізілуде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыты ретінде бұл жұмыстарды жүргізуде өңірімізде ауқымды шаралар атқарылуда. Атап өтер болсақ, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Шахмардан Есеновтің 90 жылдық мерейтойына арналған ірі көлемді іс-шаралар өтті. Тартоғай ауылында ғалымның бюсті орнатылып, мұражайы ашылды. Сонымен бірге, ауыл іргесінен ауылдық мәдениет үйінің іргетасы қаланды. Сұлутөбе ауылдық округінде жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевпен кездесу өтті. Облыстың бас ақыны атанған Махамбетқали Тұрсановпен және Әлшекейдің күйлерін насихаттаушы Тынысбек Дүйсебековпен аудан жастарының кездесуі ұйымдастырылды. Жөлек ауылында «Тағылымы мол тарихи өлке» атты ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, «Сырдың сырлы Жөлегі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Киелілер ордасы саналатын «Оқшы ата» «Қазақстанның киелі жерлерінің» тізіміне енді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы күнде де жалғасатын болады.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |