КӨП ТІЛЕГІ КӨЛ БОЛАР...

Жалағаш ауданында «Туған жерге тағзым» жалпы республикалық акциясы болып өтті. Акция аясында ауданға келген қонақтар, дәлірек айтсақ, еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүрген туған жердің төл перзенттері алдымен тарихи-өлкетану музейінде болып, ауданның өткені мен бүгіні жайлы тарихи маңызды деректермен танысты. Сонымен бірге, Оқушылар үйінде жас суретшілермен, әуез мектебінде өнер өкілдерінің қатысуымен шеберлік кластары ұйымдастырылып, жас жеткіншектердің спорт шеберлерімен кездесуі өтті.

Ал Мәдениет және өнерді дамыту орталығында Ә.Жүргенбаев атындағы айтыскерлер үйірмесінің ашылу салтанаты болды. Онда үйірме жетекшісі белгілі жырау, айтыскер ақын Айдос Рахметов дәстүрлі өнерді дәріптеу бағытындағы жоспарларын ортаға салды. Сондай-ақ, «Жырлаймын сені, туған жер» атты шарада ауданнан шыққан ақын-жазушылар  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Махмұтбай Әміреев бастаған Бейбітбек Бүркітбайұлы, Қазына Өзденбаева, Ғазиза Әбілда  сияқты шығармашылық өкілдерімен кездесу болды. Белгілі зерттеуші, қарымды қаламгер Тынышбек Дайрабайұлы және халықаралық «Қазақстан –ZAMAN» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы онлайн байланысымен алыстан сәлем жолдап, алғыс сезімдерін білдірді. Жалпы шығармашылық өкілдері туған жердің рухани бағытта көркейіп, кемелденуіне, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде ақпараттық-танымдық тұрғыда жан-жақты қолдау көрсететіндіктерін  айтты.

«Туған жерге тағзым» акциясы Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінде қорытындыланды. Келелі кездесуде аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қолға алынған шараның маңыздылығына тоқталып, ғылымда, өнерде, мәдениет, әдебиет, спорт салаларында талантымен танылған және саясат мінберінен бой көрсетіп, ел ертеңі үшін еселі еңбек етіп, абыройға бөленіп жүрген ел азаматтарына аудан жұртшылығы атынан алғысын жеткізді.

Келесі кезекте аталған акция аясында іске асырылатын жобалар бойынша меморандумға қол қою рәсімі болды. Айталық, аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев және «Кристалл МС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Н.Мақсұмов құны 100 млн теңгені құрайтын «Аудандық орталық мешіт және асхана құрылысы»  жобасы, «Таң ЛТД» ЖШС өкілі Т.Сүлейменов  құны 100 млн теңгені құрайтын «Таң ауылының орталық алаңын абаттандыру және спорт кешенін қайта жаңғырту» жобасы, «ҚуатАмлонМұнай» біріккен кәсіпорынның өкілі Е.Несіпбаев құны 5 млн теңге көлемінде «Жалағаш кентіне балалар ойын алаңын салу» жобасы, «Байтабын» ЖШС директоры С.Мыханов  құны 5 млн теңгені құрайтын «Бұқарбай батыр ауылына арка орнату» жобасы, «Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры С.Өмірзақов «Жалағаш ауданынына «Жаңа күріш тұқымдарын енгізу арқылы күріш өндірісін дамыту» жобасы, Ілияс Қабылов атындағы қоғамдық қор төрағасы Қ.Нұрмаханов құны 20 млн теңгені құрайтын «Жалағаш кентіне Ілияс Қабылов ескерткішін орнату және аллея құрылысы» жобасы, «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры М.Манатбек «Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша ақпараттарды республикалық деңгейде жариялау және ауданның медиа кеңістігін кеңейту, аудан журналистерін республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында тағылымдамадан өткізуге ықпал жасау» жобасы бойынша  меморандумдарға қол қойды. Сондай-ақ, «Қазақ радиолары» ЖШС директоры Мәди Манатбек Еңбек ауылдық округі имамының және спорт мектебі ашылған жағдайда спорт жаттықтырушысының айлығын өз қаражатынан төлеуге ықпал жасайтындығын айтса, техника ғылымдарының докторы, профессор Нариман Жалғасұлы  ауыл шаруашылығы, оның ішінде қауын-қарбыздан шығатын өнімдерді өңдеу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіп, ұлттық бренд санатындағы тағам өнімдерін өндіру бағытында жұмыстар ұйымдастыратынын айтты. Айтыскер ақын, екі дүркін «Алтын домбыраның» иегері Мұхтар Ниязов туған ауылында озат оқушыларға арнап ынталандыру ретінде шәкіртақы тағайындағанын және ауылға спорт жаттықтырушысының келуіне ықпал жасайтындығын жеткізді. Ал облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Әмір Шаймағанбетов Аққыр ауылында спорттық алаң салатындығын және осы ауылдың тумалары, кәсіпкерлер ауылды көркейтуге, абаттандыруға өз үлестерін қосатындықтарын жеткізді.

Аталған акцияда «Квант» ЖШС директоры Жаңабай Бекішов 5 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсететінін айтса, Қаракеткен ауылының тумасы Б.Қуандық туған ауылына спорттық жаттығу залын салатынын,  Аққұм ауылының тумасы киносыншы, өнертану PhD докторы, өнер саласының маманы Гүлзат Көбек Жалағаш ауданының 80 жылдық мерейтойына орай имидждік роликтер, шеберлік сыныптар өтетіндігін және ауданға 500 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсететіндігін айтты. 

«Туған жерге тағзым» акциясына экономика ғылымдарының докторы, Алматы «Заң» академиясының кафедра меңгерушісі А.Шәменов, медицина ғылымдарының докторы, профессор, хирург, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың басқарма төрағасы, Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша есімі «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енгізілген Б.Баймаханов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» С.Иманғалиев,  Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Е.Әбдіхалықова онлайн байланысы арқылы құттықтау лебіздерін жолдады.

Ғазиза ӘБІЛДА.

Жалағаш ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 желтоксан 2017 г. 1 134 0