ГҮЛДЕНЕ БЕР, ЕЛІМНІҢ БАС ҚАЛАСЫ!

Астана – еліміздің бас қаласы, Еуразияның жүрегі. Келер жылы  шырайлы шаһар – Қазақстанның бас ордасы өзінің 20 жылдығын атап өтеді. Қазақстан тарихында бұл қаланың орны ерекше. Астана – армандар бастауы мен олардың орындалатын орны. Елорда  – Елбасы Н.Назарбаевтың идеясымен жүзеге асқан тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы басты жобалардың бірі. Астана мерейтойы – бүкіл еліміздің қуанышы. Осы орайда облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Астана қаласының 20 жылдығына арналған  «Есілдің ерке қаласы» атты мерекелік концерт болып өтті. 

Астана – мемлекеттік деңгейдегі шараларды өткізетін, халықаралық  жиындарды қабылдайтын басты қаламыз. Көркемдігімен, күн санап құлпырып келе жатқан әсемдігімен әлем назарын өзіне аудара білген елорда – стратегиялардың жүзеге асатын, мемлекеттің қаншалықты дамығандығынан көрініс беретін бірден-бір орын.

Астананың 20 жылдығына арналған кеште Отанға, туған елге, туған жерге, елордаға байланысты әндер шырқалды. Жұрт алдында Д.Есентеміров, Р.Үсенов, Б.Найманов, Р.Ысқақова, Г.Алиханова, А.Наукеева, Г.Бисекенова, М.Мақұлбеков, С.Тасбергенова, Д.Әбдібекова, Б.Молдабергенов, О.Нұралиев, Н.Нұраддинова сынды өнерпаздар ән салып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. «Томирис» би ансамблі мен «Тұран» триосы да көрермендердің ыстық ықыласын иеленді.

Ел абыройын асқақтатқан Астана бүгінде бұрынғыдан әлдеқайда көп өзгерген. Сәні мен салтанаты жарасым тапқан қаланың бас архитекторы да Ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде әлем жұртшылығы Қазақстан десе, Елбасыны қатар атайды. Тіпті, Президент пен Астана егіз ұғымға айналғандай. «Қазақстан. Нұрсұлтан. Астана» деп ұрандатқан жастардың жалынды сөздерін қаншама рет естіп те жүрміз. Мұның барлығы жарасымды тірлік пен берекелі бірліктен бастау алады. Астанамыз дамыса, бүкіл еліміз дамиды, елордамыз гүлденсе, Қазақстан гүлденеді.

А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 желтоксан 2017 г. 672 0