ӨҢІР ДАМУЫ КӘСІПКЕРЛІКПЕН АСТАСЫП КЕЛЕДІ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Қазалы ауданында баспасөз туры өтті. Мақсаты – мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауға ие болған кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысу.

Жуырда ғана Әйтеке би кентінде ашылған «Аrzan market pharm» супермаркеті тұрғындарға 24 сағат бойы қалтқысыз қызмет көрсететін бірегей кешен. Ерекшелігі сол, мұнда спиртті ішімдіктер мен темекі сатылмайды. Сондай-ақ, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандар мен Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлеріне 3 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Ал әрбір 1000-шы чектің иесіне алған заттары тегін босатылады. Мұнда азық-түлік өнімдерімен қоса, дәріхана да орналасқан. Күнделікті қажетті өнімдер мен тұрмыстық керек-жарақтар бағасы нарықтық құннан төмен. Жеке кәсіпкер Болат Абраев нысанды ашу арқылы 35 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жобаның  жалпы құны 45 млн теңгені құрайды.

Өңір дамуына тың серпін берген «РЗА» АҚ-ның ірі қара малын өсіру фермасы заманауи автоматтандырылған кешен болып есептеледі. Бүгінгі күні тұрақты жұмыс жасап келе жатқан, қуатты техникалық және өндірістік материалдық базасы бар ірі кәсіпкерлік нысаны облыстың ғана емес республикалық деңгейдегі маңызды аграрлық-өнеркәсіптік кешендердің қатарына жатады. Көпсалалы мекемеде мыңға жуық жұмысшы еңбек етеді. Акционерлік қоғам құрамына 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 2 цех, 2 бөлімше, күріш зауыты және өндірістік жабдықтау бөлімдері кіреді. Алдағы уақытта тоған шаруашылығын ашу да көзделуде. Серіктестіктің негізгі қызмет түрі – асылтұқымды мал шаруашылығы, ет және сүт өнімдерін өндіру және алыс-жақын шетелге экспорттау. Өйткені жасандылыққа бой ұрмайтын кәсіпорынның табиғи сүт өнімдері елімізде жоғары сұранысқа ие.

– Тәуекелге бел буып, Венгриядан әкелінген 660 бас «Голштино фриз» асылтұқымды буаз қашарлар бұл күндері топырағымызға толық жерсінді. Қазалылық жаңа асылтұқымды будан пайда болды десек те болады. Өзі етті әрі сүтті сиырлар саны 1600-ге жетті. Күніне 8 мың литр сүт сауылып, одан түрлі сүт өнімдері жасалады. Кешенге қажетті құрал-жабдықтардың барлығы Еуропа мемлекеттерінен әкелінген, – дейді «РЗА Асыл түлік» ЖШС бас зоотехнигі Жеңіс Қарабалаев.

Келер жылдан бастап мал басының ұлғаюына орай, кешеннің екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр.

Қазалы ауданы – ауыл шаруашылығына негізделген аймақ. Жыл ішінде салаға 135 млн теңгенің инвестициясы салынған. Ауылдық округтерде 38 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның 27-сі мал шаруашылығы, 9-ы егін шаруашылығы, 1-і мал шаруашылығы мен мал өнімдерін өндіру және 1-і көкөніс өнімдерін өңдеумен айналысады.

Соңғы екі жылда кооперативтер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 467 млн теңге, өңірлік инвестициялық орталықтан 32 млн теңге қаржы алып, мал бордақылау жұмыстарын жүргізуде. Солардың қатарында «Жеңіс» шаруа қожалығы мен «Қонай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар.

Он жеті жыл бұрын құрылған «Жеңіс» шаруа қожалығы мал басын асылдандырумен және бордақылаумен айналысады. Қазақтың асылтұқымды жылқы және түйе малын өсіретін шаруашылықта 411 бас түйе, 507 бас жылқы бар. Жыл басынан бері мұнда 2055 келі түйе жүні мен 21 тонна шұбат өндіріліп, облыс аумағына өткізілген. Қазіргі таңда шаруашылықта шұбат, қымыз өңдеу және мал бордақылау алаңының құрылыстары жүргізілуде.

Ал «Қонай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 24 мүшеден құрылған. Жуырда олар «Береке» бағдарламасы бойынша 40 млн теңге несие алды. Ендігі кезекте аталған қаржыға 240 бас мүйізді ірі қара малын сатып алып, облыс халқын арзан етпен қамтамасыз етуді қолға алмақ.

– 20 кәсіпкер бірігіп, мал шаруашылығын қолға алдық. Кешелі бері Қостанайдан жоғары сапалы 8 вагон жем келді. Мал бордақылауға арналған бұл жем 5 түрге бөлінеді. Жем-шөп қорасы, ірі қараны және жандық малдарды соятын алаңдар салынуда. Осының барлығы аяқталғасын мал бордақылауға шығып, аудан, облыс халқына базар бағасынан төмен ет өнімдерін ұсынатын боламыз. Қазірдің өзінде отыздан астам адам жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, 22 гектар жер алып, тоған шаруашылығын құрып, балық өсіруді жоспарлап отырмыз, – дейді біріккен кәсіпорындар құрылтайшысы Әлимұса Қожағұл.

Халықты бизнеске бейімдеу маңызды. Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында ауданда «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 222 адам білімін толықтырған. Нәтижесінде кәсіппен айналысамын деген азаматтардың ұсынған 289,4 млн теңгенің 59 жобасы қаржыландырылып, 75 жаңа жұмыс орны ашылды. Соның бірі Ақтан батыр ауылындағы Еркін Серікбаевтың монша және шаштараз қызметін көрсететін кешені. Жиырмаға енді толатын ауылдың ең жас кәсіпкері «Бастау Бизнес» жобасы аясында тәлім алып, кәсіпкерлік саласындағы білімін жетілдірген. Оқуын сәтті тәмамдағасын өзі құрған бизнес жоспарын ұсынып, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы арқылы 5 миллион теңге несиеге қол жеткізген.

Жақында ғана ашылған жаңа нысанда үш адам жұмыс істейді. Қоғамдық монша жанында шаштараз ашылса, азық-түлік дүкенін ашу да жоспарланып қойылған.

Жас кәсіпкер Еркін Әзілханұлы Қазалы кәсіптік-техникалық колледжінің «Жол құрылысы» мамандығын бітірген. Алайда кәсіпкерлікке қарай бет бұрғанына өкінбейді. Талабы таудай балаң жігіт кәсіп ашам деген ниетіне мемлекеттің көрсеткен қолдауына дән риза. Енді Еркін тек еңбек етуді көздейді.

Бұл оң өзгерістердің барлығы қарапайым тұрғындар үшін жасалып отыр. Осылайша киелі Қазалы елі дамудың даңғыл жолына түскенін көрсетті. Өңір дамуы кәсіпкерлікпен астасып, рухани жаңғырумен біте қайнасып жатыр.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 желтоксан 2017 г. 501 0