Темірбек Жүргенов есімі Қазақстанға ғана емес, бүкіл кіндік Азияға белгілі. Ол – әдебиет пен өнер, білім мен мәдениет саласының жайымен осы елдерді түгел аралап, зор еңбек сіңірген ірі қайраткер. Сталиндік репрессияның құрбаны болған Т.Жүргеновтің алдымыздағы 2018 жылдың 25 ақпанында атылғанына 80 жыл болса, туылғанына қараша айында 120 жыл толады.
Ол 1898 жылы бұрынырық «Жаңаталап», одан кейін «Мақпалкөл» деп аталып келген ауылдың территориясындағы «Қараның қыстауы» деген жерде дүниеге келген. Темірбек бала кезінде ауыл молдасының алдынан хат танып, кейіннен шығыс білгірі атанған Т.Ізтілеуовтен дәріс алады. Әкесі Қара сол кездің ауқатты, озық ойлы азаматы болған. Ауыл ақсақалдары: «Осы балаңды байқаймысың көзінде от, тілінде шоқ бар. Нағыз жауға да, дауға да дес бермейтіннің өзі болар» деп әкесі Қараға Темірбекті оқу-білімге бейімдеуге тілкөмек берсе керек. Темірбек Аламесектегі 2 сыныптық түземдік мектепті, Қызылордадағы училищені бітіріп, 1917 жылы Уфадағы жер өлшеушілер училищесіне түседі. Ол осылай Қызылқұмдағы ауылдан «жаңа өмірге» аяқ басады.
Т.Жүргенов 1918 жылы Торғай облысындағы тұңғыш Кеңестер съезін шақыру жөніндегі ұйымдастыру шараларына қатысады. Жауапты хатшы қызметін атқарады. «Қазақ мұңы» газетіне де осы жылы мүше болады. 1920 жылы Т.Жүргенов Ырғыз коммунистерінің арасында Кенжеғара болысы ревкомының төрағасы болады. 1921 жылы Орынбордағы жұмысшы факультетіне оқуға жіберілді. 1923 жылы оны үздік бітіріп, Орта Азия университетінің құқық факультетіне жолдама алады. Темірбек осы жылдарда тек оқып білім алып қана қойған жоқ, саяси қызметке де белсенді араласып, елі үшін, оның мәдениеті мен білімінің дамуына сүбелі үлес қосты. 1923 жылы ол Қазақ АССР-ның Түркістан АССР-індегі толық өкілетті өкілі қызметіне шақырылған. Т.Жүргенов Қазақ және Түркістан республикалары Орталық Атқару комитетінің мүшесі ретінде сол кездегі саяси өмірдің бел ортасында жүрді. Орта Азияны ұлт тұрғысынан жетелеу ісіне белсене араласты. Оның «Еңбекші қазақ» газеті беттерінде жарияланған очерктері – жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігін, Түркістанның этнографиялық картасын жасау мақсатында зерттеген комиссия жұмысына қосылған елеулі үлес болды. Ол қазақтардың жалпы жағдайын, санын, кәсібін, шаруашылығы мен әлеуметтік өміріндегі өзгерістерді, атқарылуға тиісті міндеттерді жеке-жеке қарастырды, жаңсақ пікірлерді сынады. Т.Жүргеновтің қоғамдық ойды дамытуға атсалыса алатын қабілетін оның университет бітірерде жазған «СССР мен Қазақстанда әкімшілік-шаруашылық жағынан аудандарға бөлу проблемасы» деген диплом жұмысы үздік бағаланып, кітап болып шықты.
Т.Жүргенов 1926 жылы Ташкентте арнайы орта білімді мұғалімдер даярлайтын Қазақ педагогика институтының бірінші ректоры болған еді. Сол жылдары газет беттерінде педагогикалық жоғары оқу орындарының міндеттері мен бүкіләлемдік мәдениетті жерсіндіру, жергілікті халыққа жеткізу туралы мақалалары жарияланды. «Қазақ АССР-інде жоғары оқу орындарын ұйымдастырудың нәтижесі мен болашағы туралы баяндамасын ұлт нигилистері қазақ өз алдына жоғары мектеп ашу дәрежесіне жеткен жоқ, институт қазақ халқына бөтен мәдениетті тықпалайтын болады» деп үріккендерге ұстамды, дәйекті сарапталған, тұжырымдалған жауаптар берді. Педагогика институты ұзамай Алматыға көшіп, ол Орта Азия университетінің мемлекеттік құқық бойынша ғылыми қызметкері болды. 1929 жылы Т.Жүргенов Тәжік АССР-інің қаржы жөніндегі халық комиссары, 1930 жылы Өзбек ССР халық ағарту комиссары болды. 1933 жылы Қазақ АССР-іне шақырылды. 1937 жылға дейін Т.Жүргенов Қазақ ССР халық ағарту комиссары, ҮКП (б) Қазақстан өлкелік комитетінің және оның бюросының мүшесі болды. Ол кез Қазақ өлкесі солақай басшылық пен шолақ белсенділердің кесірінен жұтқа 2 миллионнан астам адам өмірі мен 40 миллиондай мал басын шығындап, қатты есеңгіреп қалған уақыты еді. Яғни, 4 миллионнан сәл асатын халықтың 50 пайызы қырылған еді. Басқа-басқа ғой, адам орны толар ма?!
Халық комиссариатының ағарту саласына жаңа келген Т.Жүргеновтің жедел қолға алған шараларының бірі – мектеп ісін жақсарту мәселесі еді. Ол халық ағарту комиссариатының жинақталған ақпарына қанағаттанған жоқ. Ауыл-ауылды өзі аралап, оқу-ағартудың жай-күйін өз көзімен көрді. Ол туралы досы Жайық Бектұров былай деп еске алады: «1935 жылы күзде Шымкент пен Ташкент арасында қу далада Мантайтас стансасындағы мектепті көріп кетуге көмірді күрекпен салып жүргізетін паровоз машинасына мініп өзі келді. Темірбек ел ішінде ұсақ мектептерді біріктіріп, қазақ ауылында орталау жетіжылдық және орта мектептер ашуға келген еді. Ортан қолдай Нарком, бюро мүшелігіне кандидат бола тұра оның өз ісіне, ұлтына шын берілгеніне тәнті болдым».
Т.Жүргенов терең талдауға толы мақалалар жазып, Халық комиссарлар кеңесінің коллегиясының талқылауына күрделі мәселелер енгізді. Жаппай сауатсыздықты жоюға арналған оқулықтар мен көмекші құралдардың әзірленуін ұйымдастырып, көптеп шығарылуына қамқорлық етті. Мұғалімдердің І съезін шақыруға ұйытқы болды. Съезде жан-жақты мәселелерге толы баяндама жасады.
Қазақстандағы мектептердің құрылымын ретке келтіру, қазақ орта мектептерін көбейту туралы партия өлкелік комитеті мен республика үкіметі бірлескен қаулы қабылдады. Республиканың барлық облыстарында мектеп құрылысына баса назар аударылды. Тек Алматының өзінде 18 мектеп үйі салынды. 1934 жылы Қазақ университеті, Тау- кен металлургия институты және Коммунистік журналистика институты шаңырақ көтеріп, қазақ жастарына есіктерін айқара ашты. Дегенмен, бұлар ұлт кадрларына мұқтаждықты толық өтей қоймайтын. Сондықтан, еліміздің байырғы оқу орындарына жастарды арнайы жіберіп тұрған. Темірбек Жүргенов істеген жылдары республикадан тысқары университеттер мен институттардан 3 мың адам мамандық алып қайтты.
Халық ағарту, жоғары мектеп жұмыстарымен қатар ұлт тілін дамыту, оның қоғамдық функциясын арттыру, қазақша түрлі терминдерді қайта қалыптастыру істері қоса жүргізілді. Ертеректе оқыған интеллигенцияның күшімен ғылымның әр саласынан оқулықтар жазғызды. Тіл мен әдебиет оқулықтарын жазуға әдебиетшілерді жұмылдыруға үлес қосты. Халық Ағарту Комитеті 1935 жылы қаңтардан бастап «Мемлекеттік терминдер комиссиясының бюллетенін шығарды. Осы істердің басы-қасында үнемі өзі жүрді.
Дегенмен, Т.Жүргеновтің халық жүрегіне ұялаған тұсы – мәдениет майданындағы, өнерді дамытудағы кесек-кесек істері еді. Ол халықтың музыкалық мұрасын өркендетуді мақсат еткен. Әуелі музыка-драма техникумында қазақ ән-күйін зерттейтін ғылыми кабинет ашты. Ұзамай кабинет жанынан халық музыка аспаптарын жасайтын шеберхана ұйымдастырып, онда істейтін шеберлерді табуға өзі араласты. Ахмет Жұбановтың домбырашылар оркестрін құруына қамқорлық жасады. Ұлттық өнер кадрларын тәрбиелейтін ұстаздарды Москва, Ленинград, Ташкенттен шақыртты. Музыка студиясын ашып, аз уақытта оны музыка театрына айналдырды. Хореография мектебін, қуыршақ театрларын ашты. Театрларға арнап сценарий, пьеса, либреттолар жазуды ұйымдастыруға, жазылған жұмыстарды талқылауға міндетті түрде өзі қатысты. Қажет костюм үлгілерінің қазақ тұрмысына, этнографиясына сәйкестігіне сыншы өзі болды.
1934 жылы маусымда бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының слёті болды. Онда Т.Жүргенов сөз сөйлеп, қарт ақын Жамбылдан бастап жас әнші Ғарифоллаға дейінгі халық таланттарын қалың жұртқа танымал еткен слёттің маңызына тоқталған болатын.
Еңбекшілерді өнермен бауырластыру ісі жаңа қарқынмен өрістей түсті. Облыстарда, өндіріс ошақтары мен ауылдарда көркемөнерпаздар коллективтері жаңадан құрылып, өсіп-өркендеп жатты. Алматыда ұлттық филармония дүниеге келді. Оның құрамында халық аспаптар оркестрі, ұлттық хор мен ән-би ансамблі жұмыс істеді. Музыка театрларында орыс группасы өнер көрсетті. Көркем сурет галереясы ашылды.
1935 жылы мамырда Мәдениет қайраткерлерінің І съезінде Т.Жүргенов баяндама жасады. Онда республикадағы мәдени революция бағыттарын дәйектілікпен талдай келе, ағарту ісімен қатар, кәсіпқой өнер және көркемөнерпаздар жұмысына көңіл бөлу керектігіне тоқталды. 1936 жылы мамырда Москвада өткен қазақ кеңес мәдениетінің онкүндік мерекесі қазақ өнерінің айтулы оқиғасы болды. Қазақтың кеңестік мәдениетін дамытуда сіңірген аса ірі еңбегі үшін мәдениет қайраткері ретінде Т.Жүргенов бір топ өнер майталмандарымен бірге «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды.
Темірбектің бала кезінде Шығыс поэзиясымен, тілімен жақындасуына ықпал еткен, Тәжікстанда, Өзбекстанда қызмет істеген кездерінде сол тілдерде еркін сөйлеп, баяндама жасауына көмегі болған әйгілі Тұрмағамбет Ізтілеуовтен білім алуы еді. Темірбек ол кісіні үнемі ілтипатпен еске алып, көмегін аямаған. Ұлттардың рухани жақындасуында тәржіма ісіне мән берген Т.Жүргенов
«Бұқарада оқыған молда» ретінде қудаланған Тұрмағамбет ақынды құтқарып, халық ағарту комиссариатына қызметкер етіп алады. Шығыс білімпазына жан-жақты жәрдем беру жөнінде үкімет комиссиясын құрғызып, дербес пенсия тағайындатқан. Тұрмағамбетке Фердаусидің он айда тәржімалап шыққан «Шахнамасын» аударуына жағдай туғызған.
1937 жылы наурызда өткен Кеңестердің төтенше Х жалпықазақтық съезінде Т.Жүргенов съезд құрған редакциялық комиссияның құрамында Қазақ КСР Конституциясы мәтінін ақырғы өңдеуден өткізуге қатысты. Ал, маусымда Қазақстан Компартиясының І съезінде Орталық Комитетке мүше болып сайланды. Көп ұзамай Семей сайлау округінен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат болып ұсынылды.
Партия Орталық Комитетінің 1937 жылы ақпан-наурыз пленумында Сталиннің «Троцкийстерге қарсы күресте қазір ескі әдістерді құртып, жаңа талқандау әдісі керек» деген қатерлі тезисінің ызғары шілденің ыстық күндерінде қазақ жеріне де келіп жетті. Тамыз айының басында халық ағарту комиссары Т.Жүргенов қамауға алынды. Сол кезде «Қазақ әдебиеті» газеті (10.Х.37) «халық жаулары Жүргенов, Тоқжанов искусство жұмысына қырсығын тигізіп, зиянкестік істеді. Қазақтың советтік искусствосын жоққа шығармақшы болды, өздерін әдебиеттің, искусствоның «геншілері» етіп көрсетуге тырысты. Сол дұшпандардан тез құтылуымыз керек» деп орынсыз айыптап, аққа қара күйе жақты.
Қазақстанда «троцкийстермен» күрес жүргізу айрықша қатыгез Реденске тапсырылды. Оның қатыгездігі орталықтағы Ежовтан асып түсті. Москвадағы «Антисоветтік оңшыл троцкийстік блок процесі» басталысымен Реденс те «өз троцкийстерімен» сот процесін бастап, Москвамен бірге 1938 жылы 12 наурызда бітірді. Айыпталушылар санын 19 адамға жеткізді. Москва 19 адамның 14-ін атса, Реденс 19-ын түгел атқызды. Соттың ресми желеуімен «ұлтшыл-фашист, троцкийшілдер мен бухариншілдер», «отанға опасыздық істегені», «Қазақстанды КСРО-дан бөліп әкетуге әрекеттенгендері», «терроршылдық істері», «зиянкестік және диверсия жұмыстары», «шетелге шпиондық жасағаны үшін» ішінде Т.Жүргенов те бар, 19 партия кеңес қызметкері негізсіз айыпталып жатты.
Т.Жүргеновтің жары Дәмеш Әмірқанқызы Ермекованы да қамауға алады. 15 мыңнан астам тұтқын әйелдермен бірге Ақмола қаласы маңындағы 26-нүкте – «Алжир»-де отырып, кесілген мерзімді өтеп елге оралған. 8 жыл өз басының азабын, 20 жыл ері Темірбек екеуінің «халық жауы» деген жазықсыз жаласының жан азабын тартып, ақыры екеуінің ақталған қағазын алып жан жарасын сәл де болса емдегендей болып, дүниеден өтті.
Бүгінгі күні тәуелсіз ел болып тарихымызды таразыладық. Өткен ақтаңдақ беттерді қайта қарап ақиқатын ақтардық, есімдерін ақтадық. Бүгінгі ұрпақ пен болашақ балаларымызға ұлықтауды аманат етіп есімін жаңғырттық. Жалағаш ауданындағы жері киелі, тарихы терең, шаруашылығы іргелі, жаны жайсаң халқы бар бұрынғы Жаңаталап, кейін Мақпалкөл деп аталған елді мекен 2016 жылы 26 қазанда Қызылорда облысы әкімдігі қаулысы және Қызылорда облыстық мәслихаты шешімімен «Темірбек Жүргенов» ауылы болып қайта аталды.
Темірбек Қараұлы Жүргеновтің Қызылқұмды қыстап, Қырда көктеп, Ырғызда жайлап жүрген қазақ үшін ғана емес, дүйім Орта Азияға ортақ азамат екенін мақтан етеміз.
Райса ІЛИАС,
Ә.Оңалбаев атындағы №117 орта мектеп директоры.
Темірбек Жүргенов ауылы, Жалағаш ауданы.