ЖАСАНДЫ ТАПШЫЛЫҚ ПЕН БАҒАНЫҢ НЕГІЗСІЗ ӨСУІНЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтті. Онда мақсатсыз немесе заңнамадан тыс пайдаланылатын ауылшаруашылық жерлерін алып қою, оларды ауылшаруашылық айналымына енгізу, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен жанар-жағармай бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу, жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының алдын алу мәселелері талқыланды.
Жер – экономикалық ресурс, оның пайдаланылмай бос жатуы дамуға тұсау болады. Көптеген дамушы елдердегi табысты реформалардың көбiсi дәл осы жер реформасынан, ауыл шаруашылығынан басталған. Елбасы тапсырмасына сәйкес мақсатсыз, заңнаманы бұзып жер пайдаланып отырғандардан ауылшаруашылық жерлерін алып қою және оларды ауылшаруашылық айналымына енгізу керек. Осы тапсырманың орындалуы бойынша облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Қ.Тоғызбаев хабарлама жасады.
Өңірімізде кезең-кезеңімен жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесі 132,6 мың гектар жер учаскелерінің пайдаланылмай отырғанын анықтады. Мұндай жерді мемлекет меншігіне қайтарудың үш тәсілі қолданылып келеді. Атап айтқанда, сот органдары арқылы мәжбүрлеп алып қою, жалға беру шарттарын бір жақты бұзу және түсіндіру шараларын жүргізу нәтижесінде жер пайдаланушылардың өз еріктерімен қайтаруы. Соңғы жылдары көлемі 182,4 мың гектарды құрайтын 423 жер учаскесі мемлекет меншігіне өткен.
– Мемлекет мәжбүрлеп қайтартудың да тетіктерін беріп отыр. Салық кодексінің 386-бабына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жер салығының базалық мөлшерлемелерін он еседен асырмай жоғарылатуға болады,– деді аймақ басшысы.
Оған қоса құзырлы мекемелерге пайдаланылмайтын жер учаскелерін анық­тап, иелеріне өз еріктерімен мемлекет мен­ші­гіне қайтарту немесе мәжбүрлеп алып қою жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­­масының басшысы Б.Жаханов қараша, желтоқсан айларында нан, картоп, жұмыртқа, күріш, сиыр еті қымбаттағанын, пияз, қарақұмық жармасы, қант бағалары түскенін айтты. Қалған 11 өнім бойынша баға бірқалыпты.
Нан бағасына жанармайдың қым­бат­тауы әсер етті. Алайда наубайхана иелерімен сауда орындарында 55 теңгеден сату келісілді. Картоптың құны да жанармайға тәуелді болып отыр. Ал жұмыртқа бағасы әдеттегідей осы маусымда көтеріледі. Күріш бағасының өсуі ұсақ қаптамалардың бағаларының жоғарылауынан болып отыр. Сиыр етінің бағасындағы өзгеріс қысқы жем-шөп бағасының қымбаттауынан орын алды.
Қазір тұрақтандыру қорында 1 сортты ұн, пияз, картоп, сәбіз, қырыққабат, макарон, өсімдік майы, қарақұмық жармасы, сиыр, тауық еті, күріш, қант, шайдың жеткілікті қоры бар.
Аймақ басшысы Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл мерекелері қарсаңында баға­ның негізсіз өсуіне, өнімдердің жасанды тапшылығына жол бермеу шараларын қабылдауды тапсырды. Сонымен бірге тұрғындар тарапынан айтылған жәр­меңкелердің ұйымдастырылуына қатысты наразылықтарды ескеруді, жәрмең­келерді регламентке сәйкес ұйымдастыру, бақылауға алуды ескертті.
Облыста жанар-жағармай бағаларын негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары ту­­ралы хабарлама жасаған облыстық кәсіп­керлік және туризм басқармасының басшысы Н.Өмірсерікұлы әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің бағасына күнделікті мониторинг жұмыстары жүр­­гізілетінін айтты. Қазір жанар-жағармай бекеттерінде бензин, дизель отыны жеткілікті.
Биыл біздің облыс аусыл ауруынан буферлік аймақтан шықты. Алдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Халықаралық эпизоотиялық бюро сарапшылары екінші рет инспекциялық бақылау жұмыстарын жүргізбек. Осы сынаққа облыстағы ветеринария саласының дайындығы қандай? Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетов аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы аурудың алдын алуға ветеринариялық препараттар алынғанын, осы іс-шараларды толық атқаруға қаржы бөлінгенін айтты.
Сарып індетімен ауырған малдар ветеринариялық-санитариялық ережелерге сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысына тасымалданып, сол жақта санитарлық жағдайда сойылды. Қызылорда қаласындағы «Сұңқар Ко» ЖШС «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында етті қайта өңдеу цехын ашуды жоспарлап отыр. Бұл цех ауру малдарды көрші облысқа тасымалдамай, етті өзімізде қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Аталған нысан іске қосылғанда 22 адам жұмыспен қамтылмақ.
Қоғамдық денсаулық сақтау депар­таментінің мәліметіне қарағанда, аса қауіпті жұқпалы оба эпизоотиясының белсенділігі артқан. Алдағы көктемнен бас­тап оба ауруының табиғи ошақтары өте белсенді күйде болмақ.
Облысқа вакцина қолданатын аусыл бойынша таза аймақ мәртебесі берілген соң, осы мәртебені ұстап тұру керек. Ол үшін тиісті ветеринариялық шараларды ұйымдастырып, орындау талап етіледі.
Аймақ басшысы халықаралық бюро сарапшылары қойған барлық талаптарды орындауды, эпизоотиялық тұрақтылықтың сақталуын қатаң бақылауды, жұқтыру қауіпі жоғары топтағы адамдарды алдын ала егуді жауапты тұлғаларға жүктеді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 желтоксан 2017 г. 548 0