Тұғыры бекем Тәуелсіздік

Тағдыр сынағында мың өліп, мың тірілген Қазақ елі үшін Тәуелсіздіқ ұғымы көзінің қарашығындай қымбат екені анық. Енді санаулы күндерден соң осынау қастерлі де киелі мерекеміздің жиырма алты жылдығын атап өтетініміз әмбеге аян. Осынау аралықта біздің елімізде, Сыр өңірінде, оның ішінде Арал ауданында да көптеген оңды істер тындырылғанын көріп, біліп жүрміз. «Жақсының жақсылығын айт» дейді дана халқымыз. Осы ретте теңіз төскейінде қабырғалы қауымның игілігіне айналған толымды жұмыстардың кейбірін оқырмандар назарына ұсына кетуді жөн санадық. 

Ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздіктің арқасында елімізде ғаламат шаруалар жүзеге асқаны, мұндай жағымды жаңалықтар Елбасы қамқорлығындағы Арал өңірінде де жиі кездесетіні жайлы талай айтылып, жазылып жүр. Ал жетістіктердің өздігінен келмейтіні, бұл үшін тынымсыз еңбек, ұйымдастырушылық қабілет ең бастысы ағайынның ауызбіршілігі қажет екені  белгілі. Жетістіктерді санамаламастан бұрын бір сәт  өткен кезеңнің естелігіне  мойын бұрсақ.

Мұнан біршама уақыт бұрынғы  Аралдың жұтаң кейпі, ата қоныстан амалсыздан ірге ажыратқан жұртшылықтың жайы теңіз төскейінің тұрғындарының  әсіресе аға ұрпақтың жадында өшпестей жаттаулы тұр. Теңіздің тартылуы өңірдегі әлеуметтік ахуалдың төмендеуіне соқтырғанын несіне жасырамыз? Мұның өзі қарапайым халықтың наразылығын туындатты. Десе де  қашанда өзіндік ұстанымы, батыл көзқарасымен  ерекшеленетін теңіз перзенттері Аралдың тағдыры сынға түскен қысталаң шақта тартынып қалмады. Өздерінің  пікір – ұсыныстарын тиісті орындарға ашық әрі нақты жеткізе білді. Жеміссіз болған жоқ. Бүгінгі таңда заман да, қоғам да өзгерді. Бар қиыншылық артта қалды

Осы тұрғыда сөзімізді Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың лебізімен толықтыра кетсек. Әкімнің айтуынша Елбасының жанашырлығын аралдықтар әрдайым сезініп келеді. Кіші Арал теңізін қалпына келтіру арқылы  өңір дамудың даңғыл жолына түсіп, халықтың әл-ауқаты артты десек асыра мақтағандық емес.  Халықтың қалтасына салмақ түсірмей ең таза ауыз судың жеткізілуі, өзге өңірлерге армандай сезілген табиғи газдың ел игілігіне берілуіне тұрғындардың ризашылығы шексіз. Келешекте елді мекендерге кезең-кезеңімен газ апарылса көптеген мәселе шешімін табатыны тағы рас.

 Аралдың тыныс – тіршілігі жайлы әңгіме қозғалса ел ішінде «ғасыр жобасы» аталған «Сырдария  өзенінің  арнасын  реттеу  және  Арал  теңізінің солтүстік бөлігін сақтау»  жобасына тоқталмай кете алмас едік.

«САРАТС» тұтас өңірдің үмітін оятып, ата кәсіппен қайта қауыштырды. Аталмыш жобаның алғашқы кезеңінде  Кіші  Арал  суға  толды. Судың тұздылығы азайып, теңіз маржанының өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туды. Соның арқасында теңізде балықтың қазіргі кезде балықтың 24 түрі аулануда.  Арал  ауданында  балықты  өсіру  мен  аулау  ісі  ғана  емес  өңдеу   де  жолға  қойылған.  Өңірде  заманауи  тұрғыда  салынған  балық  өңдейтін 8 зауыт жұмыс жасауда. 2005 жылы  ауданда жылына 2000 тоннаға жуық  балық  ауланса,  қазіргі  таңда  8000 тоннадан  астам  балық  ауланып, 5000 тоннаға жуық балық өңделуде» дейді ел ағалары.

Нақты кезеңде Арал теңізінің жағалауы адам танымастай өзгерген. Оған қоса Кіші Аралда балық қоры уақыт ағынымен бірге көбейіп келеді. Мәселен, біршама жыл бұрын теңізде камбала балығы ғана тіршілік қылған болса енді балық түрлері жоғарыда атап өткендей көбейді. Сондай - ақ аса бағалы бекіре мен қаяз балығын өсіру қолға алынлы. Бүгінгі таңда су айдындарына 15 млн. шабақ жіберілген. Таяу жылдарда 10 мың тонна балық өсіп шығады деп жобалануда. Түйіндеп жеткізсек, «САРАТС» жобасы теңізді  толтырумен бірге сапалы балығын экспортқа шығаруға мүмкіндік туындатты. Ғасыр жобасының септігімен Аралдың тыныс-тіршілігі оңалып, кезінде Балқаш, Зайсан, тағы да басқа жерлерге амалсыздан көшкен ел  туып - өскен қонысына қайта оралды. Ата кәсіп- балық шаруашылығы жанданып, қабырғалы қауымның еңсесі тіктелді.

Аралда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуіне жол бермеу,  бағаны тұрақтандыру жайы назарда тұр.Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөнінде аудандық деңгейде жұмысшы тобы жұмыс жасайды.  Сауда қатарлары мен дүкендерді аралап, кәсіпкерлердің бағаны негізсіз көтермеуі жұмысшы тобының қадағалауында.   Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің бағасына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Өзіміз тілдескендерден «Ағымдағы жылы азық-түлік тауарларын жеткізетін кәсіпкерлермен ынтымақтастық меморандумы  жасалды. Алайда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар  азық-түліктің кейбір түрінің бағасы өсіп, әлденеше түрінің бағасы арзандады. Ал  бұрынғы қалпында қалғандар да бар. Бағаны тұрақтандыру мақсатында «Әлеуметтік дүкенге»  күріш, бірінші сұрыпты ұн, қант, өсімдік майы, макарон, картоп, қарақұмық жармасы, тауық еті , шәй сатылуға бөлінді.  Жеке кәсіпкер С.Саянов «Әлеуметтік дүкенге» төмен бағадағы мұнан өзге де қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп отыр. Осы жылы аудан орталығында жеті мәрте жәрмеңке өткізілсе, Астанада өткен Халықаралық мамандандырылған көрмесіне ауданның балық өңдейтін кәсіпорындары «Арал СДО», «Камбала БӨО», «Аста» ЖШС-гі кестеге сәйкес балық өнімдері жіберілді. Бас шаһарда бірнеше мәрте ұйымдастырылған облыстық жәрмеңкеде ауданнан барған жылқы еті, тұз және балық өнімдері сатылымға шығарылды» деген көңілге қонымды уәжді естідік. Тәуелсіздіктің тұғыры бекем болғай!


 

Жұмабек Табынбаев ,Арал ауданы.  

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2017 г. 562 0