«АЛТЫН САПА» СЫЙЛЫҒЫ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Бүгін өңірлік коммуникациялар орталығында брифинг өтіп, оған «Абзал және К» ТС директорының орынбасары, «Мағжан және К» ЖШС директоры Мағжан Ерәлиев қатысты.

«Абзал және К» компаниясы «Азық-түлік және ауылшаруашылық өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша жуырда ғана Елбасының қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алды. Брифингте М.Ерәлиев мұның бір ғана ұжымның емес, бүкіл Сыр елінің қуанышы екенін жеткізді. «Бұл бізге мотивация береді», – дейді ол.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған республикалық байқауға барлығы 101 компания қатысты. Үміткерлердің ішінен өнiм немесе қызмет көрсету сапасы жоғары, олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында жетiстiкке жеткен, сондай-ақ, менеджмент жүйелерiн енгiзген кәсіпорындар іріктеліп алынды.

Отандық нарықта жиырма жылдан астам уақыт бұрын пайда болған «Абзал және К» компаниясы биыл озаттар қатарынан көрінді. Оның негізін қалаушы – меценат, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Ерәлиев. Компания алғашқы 9 жылда күріш сатумен айналысса, одан кейін Сырдария ауданының Н.Ілиясов және Бесарық ауылдарында күріш егуді бастады. Бүгінде компания әртүрлі сортты күрішпен қоса, күріш жармасын, ұсағын, жемін, туралған және туралмаған күріш қауызын өндіреді.

М.Ерәлиев компанияның бүгінгі беталысы жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, күріш өндіру мен өңдеуден бөлек, түрлі көлемдегі бөтелкемен таза ауызсу, ас тұзын шығару жолға қойылған.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2017 г. 747 0