Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани мұраларымызға баса назар аударуымыз қажеттігі айтылады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға арналған кіші бағдарламалардың бірі «Рухани қазына» деп аталады. Бұл бағдарламаның өңірлік жұмысшы органы – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы. Осы ретте аталған кіші бағдарлама аясында аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды саралап шыққанды жөн санадық.
Облыс бойынша 171 мәдениет үйі мен клуб, 209 кітапхана, 12 музей, 11 архив, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, облыстық филармония, халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі, қалалық демалыс паркі жұмыс жасап, барлығын қосқанда 408 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетеді.
Биылғы жылы Қазалы ауданы, Жалаңтөс ауылдық клубының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 6 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олардың қатарында Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының кино-бейне қызметін көрсету бөлімі ғимараты мен Жалағаш аудандық архиві, Сырдария ауданының Жетікөл ауылдық клубы, Шиелі ауданының Жөлек ауылдық мәдениет үйі, Жалағаш аудандық мәдениет үйі бар.
Облыстағы мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында филармонияның «Тұрмағамбет» атындағы халық аспаптар оркестріне музыкалық аспаптар, халық шығармашылығын дамыту орталығына дыбыс күшейткіш және жарық беру аппаратуралары алынды. Сондай-ақ, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханада дыбыс жазу студиясы, мүгедектерге арналған жоғары қабатқа көтерілетін баспалдақ алынды. Облыс мәдениет үйлері мен клубтарында осы жылдың 11 айында 6 063 мәдени шара өткізіліп, оған 1 157 521 көрермен тартылған. Аймақтағы кітапханалардың кітап қоры 4 522611 дананы құрайды. Оның 2 375 314 данасы қазақ тіліндегі әдебиет екенін айта кеткен жөн. Есепті мерзім ішінде облыс кітапханалары 29299 дана жаңа кітаппен толықты. Он бір айда облыс кітапханалары 217770 оқырманға қызмет көрсетті. Кітап берілімі 3 641976-ны құрап отыр. Ұлттық кітапхананың Қазақстандық корпоративтік каталогтау орталығына барлығы 56 654 жазба жіберіліп, 64 503 жазба алынды. Ауыл кітапханаларын дамыту, қызмет көрсету аясын кеңейту, заманауи ақпарат орталықтарына айналдыру мақсатында облыстағы 44 ауылдық кітапхана модельді кітапхана мәртебесіне ие болған. Модельді ауыл кітапханасы ‒ бұл заманауи байланыс құралдарымен, компьютермен жабдықталған, интернет желісіне қосылған және ауыл тұрғындарының кез келген ақпаратқа тең дәрежеде қол жеткізе алатын жаңа үлгідегі кітапхана.
Облыста 14 ауылдық кітапхана базасында «Ауылдық онлайн орталықтары» жобасы іске асырылды. Жобаның мақсаты облыс кітапханаларында ақпараттық қызметтерді кеңейту, ауылдар тұрғындарының қоғамдық-маңызды сапалы ақпарат алу мүмкіндіктерін арттыру болып табылады. Ауыл тұрғындары онлайн орталықтан мемлекеттік онлайн қызметтерді пайдалану, құжаттарды электронды түрде жеткізу, виртуалды анықтамалық қызмет көрсету, электронды кітапханалардың қорларын пайдалану және интернет ресурстарға тегін қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Кітапхана пайдаланушылары үшін соңғы жаңалықтардың тағы бірі – мобильді кітапхана қызметі. Мобильді кітапхана қызметін планшет пен смартфон иелері пайдалана алады. Пайдаланушылар виртуалды көрмеден қажет кітаптың QR-кодын сканерлеп, оны өзінің мобильді құрылғысына жүктей алады. Мобильді кітапхана қорында Сыр бойының белгілі қаламгерлерінің шығармаларының электронды нұсқалары бар.
Облыс музейлерінің қорында барлығы 129 452 экспонат бар. Облыс музейлері бойынша 3277 эспонат жинақталып, оның ішінде облыстық музей қоры 1320 экспонатпен толықтырылды. Есепті мерзімде облыс музейлерінде 9236 экскурсия жүргізіліп, 620 лекция, 487 көрме ұйымдастырылды. Оған келушілер саны 103 549 адамды құрады.
Музей қорындағы құнды да көне жәдігерлер мен тарихи-мәдени жазбалардың тарихын халыққа таныстыру, насихаттау мақсатында «Бір жәдігер» жобасы «Қазақстан – Қызылорда» телеарнасымен бірлесіп, жүзеге асырылуда.Қазіргі таңда әр апта сайын музей қорындағы құнды жәдігерлер, олардың тарихы «Бір жәдігер» айдары арқылы көрсетіліп отыр.
Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына да көрермендердің ықыласы зор. Әр көрсетілім сайын сахна шеберлерінің өнерін тамашалайтындардың қатары артып келеді. Есепті мерзімде қойылған спектакльдерді 50 мыңнан аса көрермен көрген. Оның ішінде 99 спектакль балаларға арналған қойылымдар екенін де айта кеткеніміз абзал. Бұл өнер ұжымы талмай еңбектеніп, аудандарда болып, елді мекен тұрғындарына да қойылымдарын ұсынуда.
Рухани жаңғыру бойынша облыстық филармония да тыңғылықты жұмыс жасауда. Аталған өнер ұжымы 190 концерт өткізіп, оған 69 658 көрермен тартылған. Оның ішінде 60 гастрольдік сапар және 20 қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық филармония халық күйшісі Әлшекей Бектібайұлының 170 жылдығына арналған «Жауһар мұра» атты күйшілердің концерті, Базар Жыраудың 175 жылдығы аясында дәстүрлі орындаушылардың концерті, Т.Ізтілеуұлының 135 жасқа толуына орай «Ұлтымның шайыр дастаны» атты жыршы-жыраулардың рухани концерті өткізілді.
Сондай-ақ, филармония жанынан ашылған «Әдемі» музыкалық театр студиясы балаларға арналған қойылымдарын Талсуат елді мекеніндегі Мүгедектерді оңалту орталығында, №6 есту қабілеті төмен балаларға арналған және №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы түзету мектеп-интернатында ұсынды.
Облыстағы архив мекемелеріне 15808 сақтау бірлігіндегі құжаттар мемлекеттік сақтауға қабылданды. «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша 13180 сақтау бірлігінің 1 324 827 парағы сандық жүйеге енгізілді. Архив ісі мен құжаттама жүйесінің заңнамалық және ғылыми-әдістемелік құжаттарын түсіндіру, тәжірибеге енгізу мақсатында архивте түрлі тақырыптарда 57 семинар, 26 лекция, 70 экскурсия және мектеп оқушыларына 83 сабақ өткізілді. Облыс тарихындағы даңқты оқиғалар мен атаулы күндерге арнап архив қоры құжаттарына арналған 44 көрме болып өтті.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету мақсатында облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханаға дыбыс жазу студиясы алынып, қазіргі таңда еліміздің, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары Брайльша және дыбыстау түрінде басылып шығуда. Бүгінге дейін 10 ақын-жазушының шығармалары дыбысталып, мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға ұсынылды. Сондай-ақ, мүгедек балалардың шығармашылықпен айналысуына жол ашу мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде «Жүрек жылуы» байқауы өткізіліп келеді.
Қорқыт ата мұраларын ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізу мақсатында биылғы жылдың ақпан айында Қызылорда қаласында, наурыз айында Алматы қаласында семинар-тренингтер өткізілді. Оған Әзербайжаннан, Қырғызстаннан, Түркиядан және елімізден сарапшы мамандар, халықаралық түркі академиясының өкілдері қатысып, материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі Конвенция талаптарына сәйкес құжаттамалар топтамасы әзірленіп, деректі фильм түсірілді. Нәтижесінде «Қорқыт ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері» репрезентативтік тізімге енгізілу үшін осы жылдың 31 наурызында Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріне ұсынылды. «Қазіргі міндетіміз Қорқыт ата мұраларын әлі де терең зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізу» дейді мамандар. Осы мақсатта қыркүйек айында түркітілдес 10 ел өкілдерінің қатысуымен «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалі өткізіліп, «Қорқыт ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды.
Қорқыт мұраларын насихаттау мақсатында «Қорқыт. Қобыз» музыкалық жобасы бойынша облыстағы мәдениет үйлері мен клубтарда қобызға арналған бірлестіктер мен үйірмелер құру қолға алынуда.
Сыр бойы өнері мен мәдениетін алыс-жақын шетелдерге таныстыру мақсатында облысымыздың кәсіби өнер ұжымдарының гастрольдік сапарлары ұйымдастырылып келеді. Биылғы жылы Қазақстан мен Әзербайжан Республикалары арасындағы достық қарым-қатынас пен мәдени ынтымақтастықты дамыту аясында, сондай-ақ, таяу және алыс шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылуының 25 жылдығына орай Әзербайжан елінде Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өтті. Баку және Шеки қалаларында облыс өнерпаздарының концерті мен облыстық театрдың спектакльдері қойылып, әзербайжандық көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге, облыстық филармонияның қатысуымен Орынбор және Ташкент қалаларында концерттер өткізілді.
Өнердің түрлі жанрлары бойынша 15 облыстық, 1 аймақтық, 1 республикалық, 1халықаралық конкурс-фестивальдер өткізілді. Бұл шаралардың қатарында ақын Зейнолла Шүкіровтың 90 жылдығына арналған облыстық жыр мүшәйрасы, фольклорлық ансамбльдердің байқауы, Елбасының Жолдауын насихаттауға арналған мәдени үгіт-бригадаларының және клуб қызметкерлерінің байқауы, «Бозторғай» балалар шығар¬машылығы мен балалар тақырыбына ән жазатын композиторлардың конкурстары және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында «ЭКСПО қарсаңындағы Қызылорда» атты облыстық әуесқой кино-фото түсірушілердің байқауы, Халық батыры Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы мен батырлық дастан орындаушылардың конкурсы бар.
Осы жылдың 27 сәуірі мен 3 мамыр аралығында Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай «Жайнай бер, Қызылорда!» атты республикалық суретшілер симпозиумы өткізілді. Симпозиумда еліміздің түкпір-түкпірінен – Астана, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстаннан елімізге ғана емес, шетелге есімдері белгілі суретшілер бас қосты. Шара қорытындысымен суретшілер туындыларынан көрме ұйымдастырылып, қылқалам шеберлері симпозиум барысында салған суреттерін көркемсурет галереясына сыйға тартты.
Сонымен қатар, биылғы жылдың 10-14 тамыз аралығында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Астана қаласында Қызылорда облысының мәдениет күндері өткізілді. Бас қалада Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының қойылымдары, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен дәстүрлі орындаушылардың, қобызшылар мен домбырашылардың, «Ақмешіт» фольклорлық және «Томирис» би ансамбльдерінің концерттері өтті.
Сондай-ақ, 10-20 тамыз аралығында Этноауылда облыстың тарихы мен мәдениетіне арналған «Сыр шежіресі» атты көрме өткізілді. Елордадағы облысымыздың мәдениет күндері «Астана ЭКСПО-2017» аумағының амфитеатрында «Сырдария–Жырдария» атты Сыр елі өнер шеберлерінің Гала концертімен қорытындыланды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында түркі тілдес елдердің ұлттық музыкалық өнерін дәріптей отырып, өзара мәдени қарым-қатынасы мен байланысын нығайту, қайталанбас өнерінің озық үлгілерімен жұртшылықты таныстыру және кеңінен насихаттау мақсатында қыркүйек айының 27-29 күндері Қызылорда облысы әкімдігі мен Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы бірлесіп түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық – музыкалық өнер фестивалі өткізілді.
Фестиваль аясында, «Тұран таңбалары» атты Сыр елі қолөнер шеберлерінің этноархеологиялық көрмесі дайындалып, фольклортанушы ғалымдардың, өнер зерттеушілері мен фестиваль қонақтарының қатысуымен «Қорқыт ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Бұл фестивальға Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Англия, Ресей Федерациясынан – Татарстан, Башқұртстан, Тыва, Саха-Якутия, Түркия Республикасы, Қытай Халық Респуб¬ликасынан және еліміздің белгілі ғалымдары мен өнерпаздар, дәстүрлі әншілер және Қазақстаннның халық артисі, Әлем артисі Айман Мұсаходжаева қатысты.
Сондай-ақ, алыс-жақын шетелдерден және Қазақстаннан келген ғалымдар мен музыка мамандары Қызылорда қаласындағы жоғарғы және арнаулы орта оқу орындары мен облыстық филармонияда шеберлік дәрістері өткізілді.
Фестивальдің жабылу салтанаты Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата мемориалды ескерткіш-кешенінде ұйымдастырылып, шара барысында қонақтар «Салт-дәстүрі сақталған Сыр елі» атты этноауыл көрінісімен және бесікке салу, беташар, тілашар, тұсау кесу, ұлттық алтыбақан ойындары сынды бас қа да ғұрыптық, салттық көрініестерді тамашалады.
Сонымен қатар, қараша айында ақын-драматург Иранғайыптың 70 жылдығына арналған «Бұ дүние ғайыбы» атты жыр кеші, композитор Ілия Жақановтың «Әнім саған, Сыр елі!» атты шығармашылық концерті болып өтті. Концертте жергілікті өнерпаздар мен қатар Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақастан облыстық филармония әншілері І.Жақановтың «Еділ мен Жайық», «Әсел», «Жайлаукөл кештері» секілді басқа да әндері орындалды. Бұл кеште І.Жақановтың Сыр еліне арнаған «Сырдария вальсі» әнінің тұсауы кесілді.
Облыс өнерпаздарының республикалық, халықаралық байқау-фестивальдерге қатысу көрсеткіші де жаман емес. Осы жылдың ақпан айында Алматы қаласында өткен ҚР халық артистері К.Кенжетаев пен Ш.Бейсекова атындағы халықаралық әншілер байқауының «Академиялық ән салу» номинациясы бойынша филармония әншісі Дархан Жамантаев ІІ орынды иеленді. Ресей елінің Санкт-Петербург қаласында 26-31 мамыр арлалығында өткен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Шаг навстречу» халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне есту қабілеті төмен 4 бала қатысып, жүлделі I орынды иеленді. Алматы қаласында 27 мамыр - 3 маусым аралығында өткен «Бозторғай» халықаралық балалар шығармашылығы конкурсында «Ән» жанры бойынша Қызылорда қаласынан С.Әбдіқали III орынды, А.Берік I орынды иеленсе, «Халықтық орындау» жанры бойынша Қызылорда қаласынан М.Жалғасбай I орынды, М.Көшербай II орынды, Арал ауданынан Б.Орынбасар I орынды, Қызылорда қаласы «Атамұра» ансамблі III орынды иеленсе, «Би» жанры бойынша Шиелі ауданының «Жас дәурен» би тобы дипломант атанды.
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында 21-22 маусым аралығында өткен «Атамекен» халықаралық ән фестиваліне Қызылорда қаласынан А.Мұхамбетжанова қатысып, II орынға қол жеткізді. Тамыз айында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетова жетекшілік жасайтын балалар студиясының 7 өнерпазы Болгария елінде өткен халықаралық балалар шығармашылығына арналған екі конкурсқа қатысып, барлығы да өнер бәйгесінің Бас жүлдесі мен І, ІІ орындарын иеленіп келді.
Қарағанды қаласында өткен Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Ордалы сөздің иесі – Қазыбек би» атты жыршы-термешілердің конкурсында Майра Сәрсенбаева бас жүлдені қанжығасына байлады. Жыршы-термеші Мұхамедәлі Бекпейісов «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ творчествалық бірлестігінің «Нартай Бекежанов» медалімен марапатталды.
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы облыстық мәдениет және өнер мекемелері қызметкерлерінің арасында кеңінен насихатталып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осы Жолдаудан туындайтын басым бағыттардың бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Электронды архив», «Электронды кітапхана», «Виртуалды музей» ақпараттық жүйелерін қалыптастыру, жетілдіру, азаматтардың тиісті ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы іс-шаралар әзірленіп, жұмыстар атқарылуда.
Кітаптарды электронды нұсқада оқу, аса құнды сирек кітаптар мен өлкетану құжаттарын сақтау үшін электрондық көшірмесін жасау және оған қашықтан енуді қамтамасыз ету мақсатында да жұмыстар жүргізілуде. Аймақта жергілікті баспалардан шығатын басылымдарды цифрлы форматқа көшіру, виртуалды анықтама (кітапхана сайтына кіріп, кітапхана қорындағы әдебиеттердің бар-жоғы жөнінде сұрақтар қою, т.б.), қашықтықтан пайдаланушыларға электронды құжаттарды жеткізу қызметтері көрсетілуде.
Барлығы цифрлы форматқа 4196 кітап (864 593 бет) және 6 газет (29 978 бет) көшірілді. Қазіргі таңда облыс бойынша өлкетану бағы¬тындағы 4196 кітап (864593 бет) цифрлы форматқа көшірілген. Сонымен қатар, 1941-1969 жылдары басылып шыққан «Ленин жолы», «Путь Ленина» облыстық газеттері (22618 бет) цифрлы форматқа көшірілді.
Облыс архивтері қорларында 700 мыңға жуық құжат сақталуда. Архив саласы бойынша цифрлық жүйеге бірінші кезекте құнды құжаттар енгізілуде. Бүгінде архив құжаттарының 67 мың 917 сақтау бірлігінің 10 млн-ға жуық парағы сандық форматқа көшіріліп, сақтандыру қорлары жасалды.
Сондай-ақ. Елбасының Жолдауын насихаттауға арналған мәдени үгіт-бригадаларының байқауы және семинар- кеңестер өткізілді.
Облыс көлемінде 533 тарихи-мәдени мұра нысандары мемлекет қорғауына алынған. Оның 30-ы республикалық, 266-і жергілікті маңызы бар болса, 237 ескерткіш алдын ала есепке алынған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің картасына еліміз бойынша таңдалып алынған 100 қасиетті орындардың тізіміне облыс бойынша 12 ескерткіш енгізілді. Олардың қатарында археологиялық Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат, Жент қалашықтары, сәулет және қала құрылысы ескерткіштері – Қорқыт ата ескерткіш кешені, Оқшы ата, Төлегатай-Қылышты ата, Қорасан ата, Жанқожа баба, Бұқарбай батыр кесенелері, Бегім ана мұнарасы және Қызылорда қаласындағы Христос спаситель шіркеуі бар.
Осы жылдың 18 қарашасында облыс әкімдігі жанындағы тарихи-мәдени мұра¬ларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңес отырысы өткізілді. Кеңес отырысында Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат қалашықтарымен қатар, биылғы жылы жүргізілген ортағасырлық Жент, Сортөбе, Кердері кесенелерінің археологиялық қазба жұмыстарының есебі тыңдалып, құнды экспонаттардан көрме ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген Жетіасар мәдениеті ескеркіштерінің ғылыми және менеджмент жүйесінің құжаттамалары таныстырылды.
Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы ескерткіштерге мәртебе беру жөніндегі арнайы комиссия шешімімен облыс бойынша 9 ескерткіш республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне алынды.
«Туған өлке мәдениеті, өнегелік құндылықтар» базалық бағытына енгізілген «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғат ландшафты аймақтарының шекараларын бекіту туралы» жобасы бойынша бүгінгі күнге дейін 34 ескерткіштің қорғау аймағы белгіленді.
Биыл өңірімізден шыққан көрнекті тұлғалардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімдерін ұлықтау мақсатында Қызылорда қаласында Мұстафа Шоқай ескерткіші, Ж.Нұрманов, Ә.Мүсілімов, К.Қаракөзов және Шиелі ауданында Ш.Есеновтердің мүсіндері орнатылды.
«Туған өлке мәдениеті, өнегелік құндылықтар» базалық бағыты бойынша «Тарихи-мәдени мұра объектілеріне пресс-тур ұйымдастыру» жобасы аясында өңірімізде жүргізілген археологиялық зеттеу жұмыстарын және тарихи орындарды кеңінен насихаттау мақсатында республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп пресс-турлар ұйымдастырылса, бірқатар телеарналардың арнайы бағдарламаларына, экспедицияларға ақпараттық қолдау көрсетілді.
Мемлекет басшысы өз мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп атап өтті. Рухани жаңғыруға негіз боларлық жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да атқарылатын болады. Алашқа ана атанған Сыр өңірінде рухани қазына боларлық мұралар жеткілікті.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.