ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕР ТАЛАБЫ

Бейсенбі күні «Достық үйінде» облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов қоғамдық кеңес алаңында қоғамдық тыңдау өткізді. Жиынға мәдениет саласының мамандары, қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты.

Қоғамдық кеңес алдында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов хабарлама жасап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған шаралар мен мәдениет саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатып айтты.

Қазақстанның киелі жерлерінің картасына еліміз бойынша таңдалып алынған 100 қасиетті орындардың тізіміне облысымыздан 12 ескерткіш енгізілді. Олардың қатарында археологиялық Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат, Жент қалашықтары,  сәулет және қала құрылысы ескерткіштері – Қорқыт ата ескерткіш кешені, Оқшы ата, Төлегатай-Қылышты ата, Қорасан ата, Жанқожа баба, Бұқарбай батыр кесенелері, Бегім ана мұнарасы және Қызылорда қаласындағы Христос спаситель шіркеуі бар. «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша тарихи-мәдени нысандар зерттеліп, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Өңірдің шығармашылық ұжымдарын тарта отырып, күй өнерін, ұлттық дәстүрлі әндер мен жыраулық дәстүрді дәріптеу, тарихи қойылымдарды сахналау, музей экспозицияларын жаңарту сынды жобалар қолға алынуда. «Туған өлке мәдениеті, өнегелік құндылықтар» базалық бағытына енгізілген «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғат ландшафты аймақтарының шекараларын бекіту туралы» жобасы бойынша бүгінгі күнге дейін 35 ескерткіштің қорғау аймағы белгіленді. Музей қорындағы құнды да көне жәдігерлер мен тарихи-мәдени жазбалардың тарихын халыққа таныстыру, насихаттау мақсатында «Бір жәдігер» жобасы «Қазақстан – Қызылорда» телеарнасымен бірлесіп, жүзеге асырылуда.Қазіргі таңда әр апта сайын музей қорындағы құнды жәдігерлер, олардың тарихы «Бір жәдігер» айдары арқылы көрсетіліп отыр. Қызылорда облысы әкімдігі мен Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы бірлесіп түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты  фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өткізілді. Сонымен қатар, ақын-драматург Иранғайыптың 70 жылдығына арналған  «Бұ дүние ғайыбы» атты жыр кеші, композитор Ілия Жақановтың «Әнім саған, Сыр елі!» атты шығармашылық концерті болып өтті. Бұл кеште І.Жақановтың Сыр еліне арнаған «Сырдария вальсі» әнінің тұсауы кесілді.

Осы сынды жұмыстарды тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары кітапханалар мен архивтерге қатысты атқарылып жатқан шараларға тоқталып, аймақ өнерпаздарының түрлі байқауларда жеткен жетістіктерін саралады.

Жиынға қатысушылар «Сыр сүлейлері» аллеясындағы жұмыстарды жаңғырту, көркемөнерпаздар үйірмелерін күшейту, «Жанданған арбат» аллеясының атын өзгерту, жастарға арналған байқаулар өткізу сынды көптеген мәселелерді көтерді.

А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.  

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2017 г. 1 384 0