« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Сырдың елі – жырдың кені» атанған қасиетті Сыр өңірі бармағынан бал тамған күйшілер мен күміс көмей әншілерге, жыршылар мен жырауларға кенде болмаған. Олар атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлтымыздың інжу-маржандары – ән-күйлеріміз бен жыр-термелерімізді кейінгі ұрпаққа табыстай білді.
Ата-бабаларымыз сөз өнеріне, оның ішінде гауһар тастай асыл, өсиет терме, жырларымызға ерекше мән берген. Ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп, жадта жатталып келген халықтық туындылардың бүгінгі күнге байырғы қалпын бұзбай, тұнық қалпында жетуінде жыраулар мен жыршылар шешуші роль атқарды. Халық жыр, өсиет-терме айтатындарды жыршы атаған. Олар өз жанынан қисса -дастандар шығармаса да ауыз әдебиеті нұсқаларын, ақын-шайырлардар мұрасын жырлаған. Ал апталап, айлап жырлайтын айтулы жыршыларды да халық жырау атаған. Жыраулар өзіне дейінгі шығармаларды орындап қана қоймай, өздері де ойдан толғау, дастандар шығара білді. Таңды таңға ұрып жырлайтын сондай жыраулардың қатарында есімі Сыр бойына белгілі жырау Мұхамедияр Жабағыұлы да бар.
Мұхамедияр жырау 1908 жылы тамыз айында Қармақшы ауданы Қызылтам елді мекеніндегі Қайыршақты деген жерде өмірге келген. Әкесі Еспайұлы Жабағы ескіше хат таныған, көзі ашық, көкірегі ояу кісі болған. Қисса-дастандар айтып, халқын ән жырына бөлеген жан.
«Тақыр жерге шөп шықпайды» дегендей, Мұхаң текті жерден шыққан кісі. Ол кісінің түп нағашысы атақ-даңқы тек Сыр өңіріне ғана емес, алты алашқа мәшһүр атақты Марал ишанның баласы Қалқай ишан болатын. Сол кісінің Зылиха есімді қызынан Жабағы туады. Шешесі Қыстаубай қызы Сәти де жүрек жылуы мен мейірім шуағы мол, мінезі салмақты кісі бопған екен. Мұхаң Зылиха әжесінің бауырында болып ән-жыр, қисса-дастандарды кішкентай кезінен құлағына сіңіріп өседі.
Ол 15-16 жасынан бастап ел арасында жырау бала атанады. Әрқайсысы бір түндік «Алтын балық», «Айша қыз», «Шаһзада», «Мағауия», «Жалаңаш бала», «Әбу Шаһнама» қиссаларын жатқа айтып, халықтың қошеметіне бөленеді. Оның репертуарында Шораяқтың Омары, Тұрмағанбет, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Даңмұрын, Тоқжан ақын, Алтын Сейітжан ақын, Молдабай сынды өнер саңлақтарының шығармалары болды. Сонымен қатар, Сыр бойы күйшілері Құрақтың Досжаны мен Жалдыбайдың күйлерін де нәшіне келтіре орындаған. Жадында басқа да күйшілердің сирек орындалатын күйлері болған. 2008 жылы шыққан «Сыр сүлейін сұрасаң» атты музыкалық антологияда Мұхаңның орындауындағы Алаша Молдабайдың әні «Молдабай», Тоқжанның «Гөй-гөйі», Даңмұрынның «Бақташы бақ құсына бола қойсан», Ешнияз Жүсіптің «Көңілім гүл», «Сөйле, тілім, жосылып» (Әкімгерей – М.Жабағиев) және өзінің термесі «Ықыластанып сөйлесем» берілген. Мұхаңның қандай жырау болғанын осы термелерді орындағанынан-ақ байқауға болады. Әсіресе, жасының келіп қалғанына қарамастан, Молдабайдың әнін өз нақышында орындауы таңғалдырады. Бір жерлерінде екілендіре айтып, енді бір жерлерінде музыкалық тілмен айтқанда, фортиссимодан пианиссимоға дейін түсуі тәнті етеді». «Қазіргі орындауы мынадай болғанда, жасырақ кезінде қалай айтты екен?» деген ойға қаласың.
Сүлейлердің көпшілігімен сырлас, табақтас болып, тәлім тәрбиесін көрген Мұқаң тек орындаушы ғана емес, сонымен қатар, өз жанынан да өлең-жыр шығаратын арқалы ақын болған. Сейітжан ақынның «Қияметнама», «Қасіретнама» дастандарын орындап қана қоймай жаңғыртып, толықтырып отырған. Оның жолдасы Домбайұлы Жақсыбайға арнаған дастанын қазақ поэзиясына қосылған тағы бір тың шығарма деп айтуға болады. Бұл дастанның басы 1943 жылы соғысқа аттанған Домбаев Жақсыбайдың Сталинград ұрыс даласында болып, арнаулы тапсырмамен Красноградқа оқ-дәрі тиеген эшелонды жеткізу міндетін мойнына алғаны, ал ол мінген поезд Қызылорда станциясы үстімен өтетін болып басталады. Сонда Жақсыбайдың 12 жасар баласы әкесін көрмек болып, үлкен сағынышпен күтеді. Бірақ ол тілегіне жете алмай, кездейсоқ ауырып қайтыс болады. Дастанның кіріспесі былайша өрбиді:
Ал, сөйле, қызыл тілім, шығар дыбыс,
Білімсіз бей-ахуалдық етпей жүріс.
Жағаңнан ажал мұңдар алып қалса,
Жатарсың қара жерде тауып тыныс.
Қауқалай аға-іні кез келгенде
Халқыңа тіліңнен шаш алтын-күміс.
Кеңестік алтын заңның бақшасында
Халық едік еркін өскен жайып өріс.
Құтырып өз өзінен шартын бұзып,
Гитлершіл Германия бастады ұрыс.
Иә өлім, иә өмірдің тап үстінде
Тамам жұрт таңырқарлық болды бір іс.
Советтің еркін өскен ерке ұлдары
Аттанды етіп сапар өңшең құрыш.
Қиратып қызыл ерлер жау қамалын,
Соққыны берді үстіне дүрс-дүрс.
Ол 1937 жылы Қармақшыда өткен үш күндік ақындар айтысының жеңімпазы атанады. Бірақ сол замандағы зобалаңның кесірінен «Марал ишанның жиені, әкесі молда, байдың құйыршығы» деген айып тағылып, 3 ай түрмеге қамалады. Сондағы кінәсі «Кенесары-Наурызбай» дастаны мен А.Байтұрсыновтың өлеңдерін айтқаны болса керек.
1963 жылы Сыр өңіріне Алматыдан фольклоршы-ғалымдар М.Байділдаев, З.Киреева, М.Жармұхамедов келіп, оның орындауындағы ән-жыр, хиссаларды таспаға түсіріп, республика фонотекасына алып кетеді. Мұхаң кейінірек М.Байділдаевпен хабарласып, хат алысып тұрады, орындаған ән-жырларының жай-жапсарын сұрайды.
Республикалық радионың облыстағы сол кездегі тілшісі Ахат Жанаев Мұхаң жайлы музыкалық хабарлар әзірлеп, эфирге таратты, газеттерге мақалалар жариялады. Бұл күндері Мұхаңның мұрасын зерттеуді Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, жырау А.Алматов пен оның шәкірттері жалғастыруда.
Өз атам Жүнісұлы Нұрабай Мұхамедияр жыраумен тікелей араласып, жолдас болған кісі. Мұхамедияр жыраудың менің атамнан 8 жас кішілігі болған. Атам сөзге ұста, шежірешіл кісі екен. «Алтын-Жаппас бір туған» дегендей, Мұқаңның руы Алтын, біздің руымыз Жаппас болғандықтан атаммен інісі есебінде сыйласқан. Жырау атам Нұрабайдың үйінде талай мәрте таңнан таңға дейін жырлаған. Жырау жасы келіп қалса да еңбектен қол үзбей, малшыларға хат-хабар, газет-журнал жеткізіп тұрған.
Мұхаң ол кездерде Тереңөзек ауданына қарасты Қаракөл совхозының Төрттам аталатын жерінде тұрған. Атамыз Төрттамнан он шақты шақырым жерде мал бағып, қыс айларында қыстауда, көктемге қарай жайлауға көшетін болған. Жыраудың сиыршыларға көп қыдыратын кезі осы жаз айлары болатын. Әкем сол кездерді былайша әңгімелейтін: «Мұхаңның астында тор жорғасы, қасында ерткен екі тазысы болатын. Жырау үйге енгесін қой сойылып, маңайдағы көрші-көлем тегіс шақырылатын. Астында қос құс жастық, шайды ұрттап қойып, жырау алдымен қысқа термелерді, соңынан ұзын сонар дастандарға кірісетін. Ол кезде бала болсақ та, жыр-термені шама-шарқымызша тыңдайтынбыз. Түннің бір уағында жұрт үйді үйлеріне тарайтын. Ертеңіне әкем алған әсерін айтып, жырауды өте мықты, күшті кісі деп мақтап отыратын. Айтса айтқандай, ол кісіні Сыр бойының белгілі жыршылары Балқашбай Жүсіпов, Әбілда Жүргенбаевтар ұстаз тұтады екен. Балқашбай Жүсіпов болса, уақытында ақиық ақын Нартай Бекежановпен бірге Қарақалпақстанды 2-3 ай аралап, жыр айтқан. Нартайдың үгіт-бригадасында болған.
Әкемнің қонақжайлығынан және өнерді сүйгендігінен болар, үйімізде Мұхамедияр жыраудан бөлек, жыршы-термешілер Балқашбай Жүсіпов, Бекұзақ Тәңірбергенов, Берік Жүсіпов, күйшілер Рақыш Ысқақ пен Сламбек Ысқақов, әнші-ақын Ниятолла Раманқұловтың өнерін тамашалауға мүмкіншілік алдық», – деп әкем Қуаныш Нұрабайұлы айтып отыратын.
Мұхамедияр жырау өмірінің соңында Қызылорда қаласында тұрады. Әйгілі жырау 1989 жылы қайтыс болады. Жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың туған інісі Ибрагим Мұхамеджанов өзінің жырауға арнаған 25 шумақтық көңілқосын былайша келтіріпті.
Кеулің күй, көңілің жыр күмбірлеген
Даңқыңды сұлу Сырда кім білмеген,
Ұстазы ең жүзден жүйрік көп жыраудың,
Жиында жүз құлпырып, мың түлеген.
Аңызды әдемі жыр сазға бөлеп,
Өзен боп ағушы едің күркіреген.
Тыңдаушың жинау құстай жағаңдағы,
Арман ғып сіздей ұлды мың тілеген.
Секірген тастан тасқа ақ бұлақтай,
Ән-термең ұштасушы ед күлкіменен.
Сырлы ойдың алтын гауһар қоймасы едің,
Ала алмас патшаң сатып мүлкіменен.
Жырлаушы ең адам сыры ғажаптығын,
Бақытын, қуанышын, азап мұңын.
Сіз жырлап, халық тыңдап отырғанда,
Біреуі қозғалмас ед аяқтының.
Көңілқостың соңын жыраудың зайыбы Жәмила мен қызы Қыдыркүлді жігерлендіру мақсатында былайша аяқтайды.
Жеңеше және қалқам қарындасым,
Мұхаңның екеуің де орнындасың
Ажалға ара тұрар ештеңе жоқ,
Сақтаңдар жақсылардың сабыр салтын.
Біріңе бірің серік, бірің көрік,
Бұрынғы жасай берсін салтанатың.
Марқұмның топырағы торқа болсын,
Жаратқан қайырлы етсін рабатын.
Жұма мен бейшембіде еске алғанда,
Бір қозғап қоярсыңдар домбырасын.
Қағаз бен кітабына мұқият болып,
Сақтаңдар сары алтындай ер мұрасын!
«Құрмет белгісі» орденді республикалық дәрежедегі еңбек ардагері Рысбай Мырзатаев, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер, Одақтық дәрежедегі зейнеткер Ахмет Халықов, ҚР Білім саласының үздігі, ардагер-ұстаз Данияр Досжановтардың бастамасымен 1977 жылы ауыл ақсақалдары Қаракөл ауылындағы бір көшеге жырау Мұхамедияр Жабағиевтің есімі беріліп, ескерткіш тақта қойылды.
Қазіргі кезде жырау ұрпақтары еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Қызы – Қыдыркүл Жабағиева «ПетроКазахстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ мекемесінде инженер қызметін атқарып, зейнетке шықты. Ұлы – Аслан Жабағиев Мәскеудегі Губкин атындағы академияда аспирантура бітіріп, мұнай саласынан облысымыз бойынша ең бірінші кандидаттық диссертация қорғады. Қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «мұнай» факультетінің деканы. Қолында анасы Жәмила Сейтенқызы және бір қыз, бір ұлы бар. Немересі Аида Жабағиева Өскемен облыстық телеарнасында қызмет атқарады.
Дина НҰРАБАЕВА,
Қазақ ұлттық Өнер университетінің
ІІ-курс магистранты.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |