« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жер бетінде тіршілік пайда болған Адам Ата мен Хауа Анадан бастау алған адам баласы ұлты мен нәсіліне қарамай, өсе келе заманның ағымымен қоғамның, оның адамдарының бағыт-бағдарын, сенім-нанымның орындалуына, табиғаттың бір тылсым күшінің бар екендігіне Тәңірге, оны жаратушы құдайға сенуді басты мұрат еткен. Табиғаттың алып күштері отқа, суға, ай мен күнге, жұлдызға, тауға, тасқа, бұлтқа, т.б. құдай деп сеніп табынған. Осындай адамдардың сенім-нанымдарын өз мақсаттарына пайдаланған қуатты мемлекеттер экспансиялық жаугершілік, миссионерлік соғыстар жүргізіп өз діндеріне бағынышты ұлттарды енгізудің арқасында дүние жүзінде ұлы діндердің өмірге келгенін білеміз. Солардың бірі жиырмасыншы ғасырдағы ең әділ, таза гуманды дін ислам діні деп танылғанын, оның негізін қалаушы Мұхаммед пайғамбар деп мойындалғанын дүние жүзі халқы біледі.
Еліміздің ширекғасырлық тәуелсіздік биігіне көз тастасақ, егемендігіміздің әр жылы бір ғасырға тең жылдамдықпен өсіп, өркендеп, дүниежүзіндегі алпауыт елдермен терезесі тең, бейбіт қатар өмір сүріп қарыштап дамудамыз. Бұның барлығы, қол жеткен жетістігіміз көпұлтты, көпэтносты, түрлі конфессиялы халқымыздың бірлігінің арқасы деп білеміз. Елбасының тікелей басшылығымен құрылған Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы көпұлтты, өздерінің діни сенім-нанымдары бар ұлттар мен ұлыстардың татулықтары мен бірліктері жарасып Қазақстан халқы Мәңгілік ел мұратымен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек етіп, өмір сүруде. Біздің елімізде Ислам дінімен қатар христиан, буддизм, католик діндерін ұстаушылар ешқандай қысымсыз, өздерінің сенім-нанымдарымен тіршілік жасауда. Егер тарихқа үңілсек, еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында өмір сүрген қарахандықтар мемлекеті Орталық Азияда ең алғашқы мұсылман мемлекеті болды. Одан кейінгі ғасырларда Қазақ хандығының билеушілері ислам дінін ұстады. ХVІ-ХVІІІ ғасырда Қазақ хандығының астанасы мұсылман әлемінің көрнекті ойшылдарының бірі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан Түркістан қаласында орын тепкен және сол жерде үш жүздің батырлары мен билерінің, қазақ хандарының көпшіліктерінің жерленуі көп жағдайды аңғартады. Осы ретте Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бір мезгілде қазақ мемлекеттілігінің, сонымен қатар Орталық Азиядағы исламның рәмізі ретінде оларды бір-бірімен тығыз және ажырамас бөлікте байланыстырып отырды. Мұның барлығы суниттік бағыттағы ислам заңды түрде қазақ халқының дәстүрлі діні саналатындығын көрсетті. Басқаша айтқанда, ислам діні және онымен байланысты ұлтымыздың тарихи-мәдени мұралары қазіргі қазақ қоғамының басты тұғыры болып табылады.
Сонымен қатар бүгінгі күні сан алуан идеялар мен пікірлер күресі аясында өмір сүруде. Бұл жағдай исламдық кеңістіктердің қалт басуын күрделендіре түсуде. Біз бүгінде шеттен келіп жатқан радикалды сипаттағы діни идеялар мен ой-пікірлердің қозғаушысы болып отырған «Жаңа исламдандыру» толқынымен бетпе-бет келіп отырмыз. Діни экстремизм сипатындағы бұл құбылыс ХХІ ғасырда етек ала бастады. Бастапқы кездері экстремистік топтардың әрекеттері мұсылман елдеріндегі шетелдік субъектілері (саяси, әскери, т.б) қарсы бағыттарда болса, бүгінгі күні мұсылман елдері солардың нысанасына айналды. Сондықтан діни экстремизмнің ең қауіпті түрлерінің бірі Қазақстандағы тәкфіршілдік іс-әрекеттері.
Тәкфіршілдік – діни арман-тілектерді алдау және психологиялық манипуляциялау. Ол – жастарды рухани қорлау және оларды мәңгүрт ету, өз дінімен халқына сатқындық жасау. Уахабилікті ұстаушылар фундаментальды исламды табиғи түрде кездесетін тәкфірмен жиһад туралы түсінікті, ислам дініндегі осы жалпы ұғымды өз мақсаттары үшін пайдаланып, ислам құндылықтарын құран мен суннит мәтіндерін жоққа шығаруға бағытталған. Олар Қазақстадағы християн, иудилер, католик, буддизм және басқа діндерді ұстаушыларды, тәкфіршілдіктің идеяларына келіспейтін мұсылмандарды «кәпір» (куфр-дінсіздер) деп айыптайды. Осы идеялармен көпұлтты, көпконфессиялы еліміздің бірлігі мен тұтастығына сызат түсіруге әрекеттенуде.
Әлем мойындаған, ең таза әділдіктің ақиқатына бастайтын қасиетті ислам дінін соңғы жылдары саясаттың, агрессиялық қақтығыстардың және түрлі жат ағымдардың жетегіне еріп исламның атын жамылып, түрлі исламға, мұсылманға тәнті емес әдеттерді ұран етіп, араб дүниесінен бастау алып Таяу шығыстағы мұсылман елдеріне ойран салып жүрген тобырлардың қанқұйлы әрекеттері, уақыт өткен сайын өрши түсуде. Ислам дүниесінде қасқырдың терісін жамылған террорлық топтар жер бетінің тыныштығын бұзуда. Нәтижесінде ислам дініне қорқынышпен қарайтындар көбейіп, қасиетті дініміздің қадіріне нұсқан келуде. Оның зардабы мен ұшқыны дүниенің бейбіт елдерінде әсер етуде.
Террорлық тобырлар мен оның фанаттары Орта Шығыс Азия елдерімен, араб дүниесі көлеміндегі елдерден бұрын-соңды дүниеде, тарихта болмаған «Ислам мемлекетін» құрамыз деп, сол елдердің бейбіт халқына «Жиһад» соғысын ашып, ойран салуда.
Дүниеде ислам мемлекеті жоқ. Ислам дінін ұстаушы мемлекеттер бар. Олар баяғы заманнан өз ұстамдарын таңдаған, белгілі қоғамдық қатынастың түрлі даму сатысындағы суверентті мемлекеттер болып өмір сүруде. Ислам мемлекетін құрамыз деп бейбіт елге ойран салып жүрген сол террористік топтардың қанқұйлы іс-әрекеттерін теледидардан көріп, ақпарат құралдарынан оқып жүрміз. Бұл жағдайлар адамның жан дүниесін тітіркендіреді. Ислам дінінде Жиһад өте қастерлі ұғым. Олар дінін, жерін, халқын, Отанын жаудан қорғау үшін азаттық жолында жанкештілікке баратын. Сол жолда құрбан болатындарға тән қасиет. Ислам дінінде халқының азаттығы мен бостандығы үшін Жиһад соғысында шейіт болғандар ұшпақтың төрінен орын алады. Құдай олардың тіршіліктегі біліп және білмей істеген күнәларын кешіреді деген ұғым бар. Біздер осы арада таза Жиһад пен терроризм Жиһадының ара жігін ажырата білуіміз керек.
Ислам дүниесіне ойран салып жүрген ДАИШ пен оның террорлық топтары сана сезімдері таяз «өмірге өкпелі» жастарды алдап-арбап тұзақтарына түсіріп, өз мақсаттарына пайдалануда. Олардың осындай террористік жат әдеттері біздің еліміздің түрлі аймақтарында байқалуда. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған армандары орындалып, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізде, көпұлтты, көпконфессиялы еліміздің тыныштығын бұзуға әрекеттеніп жүрген, қоғамға жат тұлғалардың жолын кесу, мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау бүкіл халықтың және әр азаматтың белсенді міндеті болу керек деп білемін. Исламның дұрыс бағытын ұстаған қандастарымыз, дініне берік Алланың ақ жолында шариғаттың талаптарын орындауда діни сенім-нанымдарына адал болған. Кешегі кеңестік дәуірдегі аттеизм үстемдік құрып тұрған заманда, дін жолын ұстаған әкелеріміз бен ағаларымыз, аналарымыз кеңестік қызметтің қай саласында жүрсе де, тіпті қалталарында партия билеттері болса да, бес уақыт намаздары мен отыз күн оразаларын тастамаған. Одан олар жаман болған жоқ. Шариғаттың әділ ақ жолын өмірлерімен сабақтастырған олардың жандары адал болды. Өтірік-өсек айтпады. Қоғамның ала жібін аттамады, ақ адал еңбектерімен күн көрді. Отбасыларын асырады. Балаларына саналы тәрбие, сапалы білім беруге күштерін салды. Парақор-жемқор болған жоқ. Ал, олардың ұрпақтары, біздер солардың өмірлерінен сабақ алып өстік. Одан жаман болғанымыз жоқ. Бес саусақ бірдей емес дегендей, еліміз егемендік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткенде, еркіндік пен бостандықтың ақ таңы атқанда, әркім өз ісінің, өз кәсібінің қожасы болғанда, бүгіндері көріп, біліп жүргендей, кейбір жастарымыз дүниенің түкпір-түкпірінде болып жатқан «Жиһад» шайқасына қатысуға кетіп жатқаны басқа емес, біздердің жанымызды қинайды. «Мұның себебі не?» деген сұрақ мазалайды.
Меніңше, еліміз егемендік алғаннан кейін ғасырлар бойы қыспақта келген халқымызға бостандықты, еркіндікті бердік. Солардың ішінде дінге деген еркіндік ерекше болды. Елді мекендерде халық өтпелі кезеңнің қиындығын көріп отырса да мешіттердің саны көбейді. Алайда, елді мекендерде ислам дініне сауатты өмір талабына сай қос тізгінді қатар ұстап отыратын діни мықты тұлғалар болған жоқ. Бұрынғы қыспақта қалған діни сенімдерді жаңғыртушы, кеңестік қоғамдағы атеистік сенім-нанымдарды жоққа шығарушы, шариғаттың сүрелерін әрқайсысы өздерінше насихаттайтын дін жолын ұстаған белсенділер жұмыстарын жүргізді. Дін жолын ұстамағандарды, намаз оқып, ораза тұтпағандарды, кеңестік қоғамдағы атеистерді дінсіздер деп насихаттаудан жалықпады.
Исламның құндылығы мен оның ілімін оқып үйренеміз деп көптеген қазақ жастары Араб елдеріндегі, Ислам дүниесіндегі жоғары оқу орындарына аттанып жатты. Араб елдері кешегі кеңес одағына қарсы идеологиялық майданның көшбасшылары батыс елдердің ықпалында, солардың колониялары болған елдер еді. Олар ислам дінін түрлі ағымдағы миссионерлерін дайындап, ислам дүниесіне жік түсіруге агрессиялық іс-әрекеттерін жүргізіп жатты. Қазірде де жүргізуде. Жастарымыздың көбі осындай оқу орындарынан дәріс алғандығы шындық. Біздің мемлекетіміздің өз заңдылығы, өз қағидасы бар. Ата заңымызды басшылыққа алып өмір сүретін ел. Қазақстанда дін мен биліктің ара жігі ажыратылған. Олай болса, мемлекеттің құзырындағы теледидарлар мен ақпарат құралдары дінді уағыздағанда осы ұстанымда болуы тиіс.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда заңды тіркелген 18 діни бірлестік бар екен. Солардың ішінде ислам бағытында әртүрлі, Абу Ханифа Мазһабынан өзге бірде-бір бірлестік ережеге сай тіркелмеген. Сондықтан да біздің зайырлы мемлекетіміз Ислам дінін жалған ағымдармен белден басып жүргендерге заң жүзінде күрес жүргізіп отыр.
Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан 2050 қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытында» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстримизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиісті. Діни экстремизм қаупі ерекше алаңдатушылық тудырып отыр. Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен дініне жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын Ханафи Мазһабына қарама-қайшы. Мен жариялап отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды» – деген болатын.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |