Қармақшы – Сырдың төменгі ағысындағы қойнауы тарихқа тұнған мекен. Түгел түркінің ортақ тұлғасы, желмая мініп, жерұйық өмір іздеген Қорқыт бабаның осы жерде мәңгілік тыныс табуының сыры әлі де толық ашылған жоқ. Адамзатты ғарыштың тылсым әлемімен байланыстырған әлемдегі ең алғашқы космодромның осы маңнан салынуында ғылыми негізделген терең мән бар. Жеті атасынан бері жыраулық дәстүрдің алтын тінін үзбеген, көмейіне бұлбұл ұялаған өнерпаздар шоғыры Қармақшыны «жүз жыраудың елі» атандырғаны өзінше бір тарих. Елдік пен ерлікті, еңбек пен бірлікті жыр еткен, достық пен туыстықты ту еткен халық ата салтты алтындай сақтап, баба дәстүрін қастерлеп жаңа ұрпақ өрбітіп келеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы тарихи мекеннің рухани дамуына өзгеше серпін берді. Киелі өнерді, қасиетті орындарды қадір тұтып, қастерлеудің өзіндік жолын қалыптастырған қармақшылықтар қалтарыста қалған қазыналарды қайта жарқыратуға ден қойды. Әргі-бергідегі асылдардан қалған мұраларды түгендеп, абзал азаматтардың атын жаңғыртуды қолға алды. Біз бүгін Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Мажит Самитовпен аудандағы рухани өрлеудің өрісі жайында сұхбаттастық.
– Мажит Самитұлы, Елбасының бағдарламалық мақаласы елдің тұтас руханиятының алдағы даму бағытын көрсетіп берді. Бағдарламалық мақаладан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру тек руханият, мәдениет, білім саласының қызметкерлеріне жүктелген деп түсінсек, қателесеріміз анық. Дегенмен, жұмыстың ауқымды бөлігін осы салалардың сарбаздары атқаратыны белгілі. Қармақшы ауданында жасалып жатқан тірліктердің бағыты қандай?
– Елбасы мақаласында айтылған мәселелерді талдау мен насихаттау барысында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын, соның ішінде арнайы жобаларды іске асыру басталды. «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» атты арнайы жобаларды іске асыру жоспары талқыланып, тұжырымдамалық ұстанымдар мен қызметті одан әрі жетілдіру мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, салалық кәсіпорындарда, яғни аудандық Мәдениет үйі, Жыраулар үйі, тарихи-өлкетану музейі, кітапханалар қызметкерлері бағдарламалық мақаланы талқылау, насихаттау мақсатында «дөңгелек үстел» өткізді.
Мәдениет саласынан «Рухани қазына» кіші бағдарламасы «Туған жер – Туған ел» базалық бағытының аясында іске асырылатын «Менің тарихым – менің мақтанышым», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» базалық жобасы аясында «Ұлы даланың мұралары», «Туған өлке мәдениеті, өнегелік құндылықтар» базалық жобасы аясында «Жауһар жыр», «Ұлттық құндылықтар – ел бірлігі» базалық жобасын жүзеге асыру аясында «Жыр керуені», «Біз таланттарды іздейміз!» атты мәдени-ағарту экспедициясы кіші жобаларын жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Елбасының бағдарламалық мақаласында 2025 жылға дейін казақ әліпбиін латын графикасына көшіру міндетін алға қойған болатын. Ауданда латын графикасына көшу мәселесін кеңінен талқылау мақсатында әр салада дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен білім саласы ардагерлері, аудандық архив, тарихи-өлкетану музейі, халыққа қызмет көрсету және Жастар ресурстық орталығында «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып, латын қарпіне көшудің маңыздылығы талқыланды. Аудандық спорт бөлімі қызметкерлері, Қармақшы аудандық аграрлы-техникалық колледжі қызметкерлері, №183 мектеп, Оқушылар үйі, №30 мектеп ұжымдары осы мәселеге ден қойды. Аудандық орталық кітапханада «Латын әліпбиі – заман талабы» атты арнайы тұрақты көрме жасақталған.
– Жалпы қандай да болсын бағдарламаны жүзеге асыруда облыс, аудан орталықтарында ауқымды шаралар ұйымдастырылады да, ауылдар мұндай мүмкіндіктерден тыс қалады. Сіздерде бұл олқылықтың орнын толтыруға талпыныс бар ма?
– Біздің ауданға қарасты ауылдар орталықтан шалғай орналасса да, мәдени-көпшілік шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Мәселен, III-Интернационал ауылдық мәдениет үйінде бағдарламалық мақаланы насихаттау мақсатында және Қазақстан халқы Тілдер күніне орай «Тіл – жаның, тіл – арың, тіл – әнің» атты өзге ұлт өкілдері арасында топтық сайыс ұйымдастырылды. Өздеріңізге белгілі, көп ұлт қоныстанған ауылға бірлік пен береке дарыған. Тұрғындары өз ана тілдеріне және қазақ тілінде еркін сөйлейді. Т.Көмекбаев ауылдық клуб үйінде Т.Ізтілеуовтің 135 жылдығына арналған «Тау тұлға – Тұрмағанбет» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Шайыр туған жерде оның термелері мен назым жырларын төгілтетін жас ұрпақ өсіп келеді. Ақжар ауылдық клуб үйінде ауыл тұрғындарына рухани демалыс сыйлау мақсатында Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы бойынша көрермен назарына төрт перделі драма көрсетілді. Қуандария ауылдық клуб үйінде ауыл тұрғындарына «Рухани мұра» атты концерт ұсынылды.
Қызылтам ауылдық клуб үйінде қыркүйек айында ауыл ардагерлері, ауылдық мекеме басшылары, клуб қызметкерлері және кітапхана қызметкерлері «Болашаққа бағдар – қоғамдық сананы жаңғырту» атты дөңгелек үстел өткізді. Төретам кенттік клуб үйінде «Домбыра-думан» атты жас күйшілер сайысы, «Балдай тәтті бал бөбек» атты бүлдіршіндер арасында ойын-сауық кеші ұйымдастырылды. Аудандық Мәдениет үйінде өткен «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты отбасылық өнер фестивалі біздің аудан тұрғындарының өнерге жақын екенін, отбасы құндылықтарын бірінші орынға қоятындықтарын көрсетті.
Бабадан жалғасқан ақындық, жыраулық өнердің ұлылығын сақтап, ұлы өлкеміздегі жырау қыздар көшін бастаған айрықша талант иесі, көмейіне бұлбұл ұя салған жыршы-термеші, Қазақ CСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шәмшат Төлепованың аудандық Мәдениет үйі ғимаратына есімін беру салтанаты өзге шаралардан айрықша танымдық тағылымымен ерекшеленді. Бір топ өнер қайраткерлері Мәдениет үйі алдында лента қиып, ғимаратқа салтанатты түрде жырау есімі берілді.
Тағылымды шара мұнан әрі «Жыраулық дәстүр жалғастығы және Шәмшат әлемі» атты ғылыми-практикалық конференцияға ұласты.
Айтулы шарада оның көзін көріп, өнер жолында тәрбиесін сіңірген мәдениет майталмандары естеліктер айтып, Ұлы Отан соғысынан кейін жыраулар байқауы мен айтыс алғаш рет Қызылорда облысында 1979-1980 жылдары өткенін, сол байқауға Шәмшат Төлепованың қатысқанын айтты.
Жыраудың төл шәкірттері Ақерке Өтепбергенова мен Жарқынбек Тұрмағамбетов жырдан шашу шашса, Айгерім Ешбаева Талайлы Досымованың Шәмшат Төлепова дүниеден өткенде шығарған «Қош апа» өлеңін жырлады. Аудандық тарихи өлкетану музейі мен кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған көрмеге Шәмшат Төлепованың алған мақтау-марапаттары мен сахналық киімдері, жырау жайлы жазылған мақалалар мен газет қиындылары, кітаптар қойылды.
Шәмшат Төлепова белгілі жырау ғана емес, қаншама шәкірттерді өнер жолына баулыған ұлағатты ұстаз, ұл мен қыз өсірген ардақты ана. Ол кісі туралы әлі талай дастан жазылар, әлі талай тарих ақтарылар. Біз бүгін өнерді сүйген, жырауын ардақтаған Қармақшы елі үшін жыр шамшырағы – Шәмшат жұлдызы қайта жанғанына куә болдық. Жырау рухы өзін сағынған халқымен қайта қауышқандай әсер сыйлады.
– Жуырда өңірімізде Әз Тәукенің қолбасшысы болған Текей батырдың тағылымына бойлатып, батырлығына бас игізген үлкен шарадан ақпарат тараттық. Жосалыдағы Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Әз Тәукенің Текей батыры» тақырыбында облыстық тарихи-батырлық жыр-дастан орындаушылардың жыр фестивалі өтті. Батырлар жыры – біздің ауыз әдебиетіміздің інжу-маржаны. Жыр-дастандарды айтушы бар да, тыңдаушы бар. Осы фестивальдің Қармақшыда өтуінің өзіндік сыры да сонда деп ойлаймын. Өйткені мұнда таңды таңға ұрып жырлаған жырауларды тыңдайтын халық бар. Осы фестивальді жергілікті жұртшылық қалай қабылдады?
– Сан ғасырдан сақталып, сыны мен сыры кетпей келе жатқан төл өнердің төресі – дәстүрлі жыраулық өнер. Көне дәуірлерден сыр бүгіп, бүгінгі күнмен табысқан осынау ұлы өнерді ұлық тұтып, асыл мұраны мұқалтпай ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан жыршы-жыраулар көші сахна төріне шыға бастағанда көрермен қуанышында шек болмады. Жыр десе ішкен асын жерге қоятын қармақшылықтар бұл жолы да осы дәстүрден танбады.
Бірінші бөлімде түркі халықтарына ортақ эпостық дастан жырлар жырланса, екінші бөлімі Текей батырға арналды. Жиенбай, Рүстембек жыраулардың ұрпағы Бидас Рүстембеков түркі халықтарына ортақ «Көрғұлыны», жырау Алмас Алматов өзінің төл туындысы «Шыңғыснаманы» орындады. Сәрсенбай жыраудың ұрпағы Майра Сәрсенбаева өз шығармасы «Абылай хан» дастанынан үзінді орындап, көрерменін бір серпілтіп тастады. Кешегі қилы замандарда қазақ халқына берік қалқан болған Сартай батыр туралы дастаннан үзінді жырлаған Нұртуған мектебінің көрнекті өкілі Шолпан Бимбетоваға да көрермен ықыласы ерекше болды. Эпостық жыр-дастандардың жырлаушысы Айдос Рахметов «Түлкібай батыр» дастанын орындады. Жалағаштық жырау Берік Саймағамбетов Шегебайдың толғауындағы Текей батыр ерлігінен үзіндіні жырлады.
– Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырудың алғы шебінде кітапханашылардың да жүруі заңдылық. Өйткені біздің бай қазынамыз – әдебиетіміз, мәдениетіміз кітапта қаттаулы. Осы иен байлықтың сақтаушылары – кітапханашылардың осы бағдарламаға қосып жатқан үлесі қандай?
– Аудан кітапханаларда «Елбасы және ұлттың рухани жаңғыруы», «Рухани жаңғыру – санадағы сілкініс», «Рухани жаңғыру – ұлт негізі» атты кең көлемді көрмесі көрермен назарына ұсынылды. III-Интернационал ауылдық кітапханасы мен орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Мәңгілік ел идеясы – ақпараттық кеңістікте» атты онлайн режимінде зерделі кеңес өткізілді. Сонымен қатар, «Оқы және өзгеге ұсын» атты буккросинг жобасы алғаш рет ұйымдастырылды. Жобаға 70-тен аса түрлі жанрдағы көркем шығармалар мен балалар әдебиеттері қойылды.
Төребай би ауылдық кітапханасы мен ауыл әкімдігінің ұйымдастырумен «Сыбдыры сұлу Алтын күз» атты ауыл еңбеккерлерін мерекелік марапаттау іс-шарасы болып өтті. «Нұр Отан» партиясы Қармақшы аудандық филиалы мен орталық кітапхана, аудандық тарихи-өлкетану музейі бірлесіп ұйымдастырған “Ұлы дала қазынасы” шарасының мағыналық тереңдігін атап өткім келеді. Ұлттық қолөнерді қолдау мен дамыту мәселелерін талқылаған кездесу кешінде де салмақты ойлар айтылды.
Жыраулар үйінде аудандық ардагерлер кеңесі және «Қармақшы жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ұлттық құндылықты, туған елге деген сүйіспеншілікті, патриотизмді нығайту мақсатында ардагер ақындар арасында аудандық мүшәйра өтті.
– Әлемге әйгілі Қорқыт ата ескерткіш-кешеніне тілі мен мәдени танымы бір туыстас халықтар тәу етуді армандайды. Ұлы жолдың бойындағы мемориалдық кешен жаңа келбетке енгелі мұнда тоқтайтын, арнайы келетін туристер қатары көбейген. Жаз бойы ЕХРО халықаралық көрмесін тамашалаған 13 мыңнан астам турист Қорқыт баба кешені мен Байқоңыр айлағына да арнайы келген деген дерек бар. «Жүрген соң баурайында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» деп ақындар жырлағандай, іргемізде тұрған Қорқыт ата кешенін, оның тарихын тануға ұмтылушыларға, әсіресе, жас ұрпаққа қандай қолдау көрсетесіздер?
– Өзіңіз айтып өткендей, жаз бойы кешен аумағындағы этноауылда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, келушілер қолөнер шеберлері мен зергерлердің иірілген жіп, былғары, киіз және саздан, күмістен жасаған бұйымдарын көрді. Оған қоса ұлттық спорт түрлерін, қол күресі мен асық, тоғызқұмалақ шеберлерінің, көкпаршылардың жарысын қызықтап, қазақ ұлтының төрт түлік малы жайылған жайлауын тамашалады. Сонымен бірге, ұлттық тағамдар, нақтырақ айтқанда ірімшік, айран, шұбат, қымыз және басқа да сусындар мен қазы-қарта, жал-жая, бауырсақтан дәм татып, ризашылықтарын білдірді. Меймандар жүн түтіп, жіп иірген, табаға нан көміп, қол диірменмен бидай ұн тартқан әжелер мен келіншіктердің іскерлігін көрді.
Жақында бұл жерде 4-мәрте «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық музыкалық өнер фестивалі өтті. Оған әлемнің 10 елінен өнерпаздар қатысты. Өнер фестивалі кезінде ұзан күйін әлемнің әр түкпіріндегі түркітілдес елдерден келген ұрпақтары жалғады. Қорқыт ата іздеген өнердің өнегесі арқылы мәңгі жасау деген осы болар, сірә.
Кешен басында 3 экспозициялық залдан тұратын музей бар. Онда ескі дәуірдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін құндылықтар мен жәдігерлер қойылған. Қордағы 700-ге жуық экспонат келушілердің қызығушылығын тудыратын мәнге ие. Қасиетті мекенге, сәулет өнерінің үздік туындысына қызығушылар, Қорқыт ата туралы аңыздарды зерттеушілер кешен басынан жыл он екі ай бойы үзілмейді. Ұлы жолдың үстінде тұрғандықтан әрлі-берлі ағылған көліктер де мұнда тоқтамай өтпейді. Халықаралық көрмеге дайындық барысында туристер талғамынан шығу үшін кешен басындағы қызмет көрсету сапасын арттыруға барынша мән берілген еді. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды одан әрі жетілдіріп, қасиетті мекенді танымал туризм нысанына айналдыру міндеті тұр.
Жуырда «Ұлы даланың Ұлы ескерткіші» тақырыбында «Жыраулар үйіндегі» үйірме шәкірттерінің қатысуымен Қорқыт ата ескерткіш-кешеніне тарихи-мәдени экскурсия ұйымдастырылды. Мұндай шаралар жыл бойы үзілмейді.
– Қармақшы ауданының аумағында тарихи ескерткіштер, сыры ашылмаған үй-тамдар, ескі қорымдар өте көп. Бір ғана Шірік-Рабаттың өзі археологтардың зерттеу нысанына айналғалы бірнеше жыл болды. Құм астындағы өркениет белгілеріне, табылған экспонаттарға қарасаңыз, орта ғасырдағы гүлденген қаланың келбеті елестейді. Елбасы мақаласында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз» деген болатын. Осы еліміздің қасиетті орындары тізіміне Қармақшы ауданы аумағындағы қандай орындар енді?
– «Қазақстанның жалпы халықтық маңызы бар қасиетті орындар» тізімінің жобасы таныстырылып, аудан бойынша киелі орындар тізіміне ірі ортағасырлық қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары санатымен Шірік-Рабат қалашығы енгізілді. Ал, діни және ғибадат орындары санатына Қорқыт ата мемориалдық кешені енгізілсе, осы жоба аясында жергілікті маңызы бар қасиетті орындарының тізімі жасалып, аудан бойынша Марал ишан, Қалқай ишан тарихи нысандары енгізілді.
Жазғы демалыс кезінде жоғары сынып оқушыларын аудан аумағында орналасқан тарихи орындарға «Қармақшы ауданы жерлерімен» атты экспедицияға қатыстырдық. Оқушылар Шірік-Рабат, Сортөбе қалашықтарын көріп, тарихи орындармен танысты. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақ жадында сақтауы үшін мектеп оқушыларын музейге апарып, әртүрлі форматта саяхаттар өткізу дәстүрге айналды.
– «Туған жер» бағдарламасы туралы Елбасы: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бір» деген болатын. Қармақшыдан түлеген азаматтардың басын қосатын шара туралы не айтасыз?
– «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында «Туған жерге тағзым» акциясын ұйымдастырып, өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспар бойынша Қармақшы ауданында туған танымал мемлекеттік қызметшілердің, кәсіпкерлердің, өнер адамдарының, әлеуметтік сала қызметкерлерінің тізімі жасақталып, келіссөздер жүргізілуде. Акция жыл көлемінде өтетін болады. Мақсаты – аудан өңірінен шыққан танымал тұлғалардың жеткен жетістіктерін аймақ жастарына үлгі ету, оларды туған жеріне қолдау көрсетуге шақыру.
«Туған жерге тағзым» акциясына Қармақшы ауданының тумалары «Қайнар АКБ» ЖШС директоры Қ.Әжмағамбетов, «Бабас» ЖШС директоры Н.Ерманов, жеке кәсіпкер Ә.Таимбетов, «Нұр Талап и К» ЖШС директоры Қ.Керейтбаев, кәсіпкер З.Бекжанов және өзге де жомарт жанды жерлестеріміз белсене қатысуда.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.