БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН БАЙЫПТЫ БАЙЛАМ

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын қоғам өкілдері, жалпы қалың бұқара жылы қабылдады. Онда Елбасы қазіргі қоғам талабына сай ел болашағына бағытталған айқын басымдықтарды атап көрсетті.
Мақалада айтылған «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы», «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде», «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобалары бойынша аймақ көлемінде ауқымды жоспар әзірленіп, жүйелі жұмыстар қолға алынды. Осы орайда Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмахановпен сұхбаттасып, идеологиялық бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайынан хабардар болған едік.
– Жағыпар Айтбайұлы, Мемлекет басшысының мақа­ласынан туындаған міндеттер аясында атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтып өтсеңіз...
– Иә, Елбасы болашақтың бағдары елдің рухани жаңғыруына, әлемдік саясат алаңында ұлттық құндылықтарымыз бен тарихи танымның айқын болуына байланысты екенін атап көрсетті. Осы тұрғыда жаһандық өркениетке өрлеудің жаңа басымдықтарын белгілеп берді.
Ел дамуының даңғыл жолында алдымызға қойылған басты мақсат – рухани жаңғыру болса, бұл бағытта жүзеге асырылатын кешенді жобалардың келешектің кемелденуіне ықпалы зор болмақ. Мәселен, болашақ бағдарындағы басты талаптың бірі – білімнің салтанат құруы екені айтылған. Бұл орайда «Туған жер» бағдарламасының аясында білім беру ұйымдарында «Оқуға міндетті 30 кітап» акциясы өткізіліп, онда қазақ әдебиетінің озық туындылары жас оқырмандарға жан-жақты насихатталды. Сондай-ақ, «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» тақырыбында барлық мектепте ашық тәрбие сағаттары өткізіліп, оқушылар арасында танымдық шаралар жүргізілді. Ал жазғы демалыс кезінде «Ақтерек» сауықтыру лагерінің демалушыларына «Қорқыт ата» мемориалды кешеніне экскурсия ұйымдастырылса, осы тақырыпта аудандық Оқушылар үйінің бастамасымен сурет-шығарма конкурстары өткізілді. «Менің қиялымдағы әлем», «Туған өлке», «Табиғат – алтын бесік» тақырыптарында сурет салудан өткен аудандық байқауларға мектеп оқушылары жоғары белсенділікпен қатысты.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы негізгі тұжырымдама бойынша «Тәрбие және білім», «Рухани қазына» кіші бағдарламаларына сәйкес еліміздегі тарих және мәдениет ескерткіштері мен тарихи орындарды сақтау, қорғау және туған өлке тарихын терең тану бағытында оқушылар арасында насихаттық шаралар жүйелі жүргізіліп келеді.
– Елімізде мемлекеттік тілді реформалау мәселесі көтеріліп, оған қоғам қызу атсалысып, қалың бұқара үн қосты. Осынау саяси маңызды бастаманы аудан жұртшылығы қалай қабылдады?
– Иә, расында бұл бастаманың саяси салмағы зор. Жаһандық өркениет көшінде мәдениет, ғылым, жаңа технология саласы бойынша әлемдік деңгейде ақпарат алмасуда латын графикасының орны ерекше. Сондықтан уақыт талабынан туындаған батыл шешімді аудан тұрғындары да жылы қабылдап, жоғары бағалады. Ардагерлер, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, білім беру саласының мамандары, үкіметтік емес және жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен идеологиялық актив өткізілді. Жиын қорытындысымен, аудан активі байыпты бастамаға бірауыздан қолдау танытып, алдағы міндеттер бойынша ақпараттық насихат шараларына зор белсенділікпен үлес қосты.
«Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанаты аудандық бөлімі жəне «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Латын əліпбиі – уақыт талабы» тақырыбында жастармен кездесу өткізіліп, маңызды бастаманың мазмұны жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, аудан орталығындағы Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесіне байланысты облыстық ақпараттық-насихаттық топтың қатысуымен арнайы жиын өткізіліп, орамды ой-пікірлер ортаға салынды.
– Жалпы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда жастарға зор сенім артылатыны белгілі. Дегенмен, жастар өміріне қатысты әлеуметтік мәселелер қаншалықты шешімін тауып отыр? Айталық, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына немесе кәсіппен шұғылдануына атқарушы билік тарапынан лайықты қолдау көрсетіліп отыр ма?
– Иә, дұрыс айтасыз. Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жастардың әлеуетін одан әрі қарай қолдау мен дамытуға байланыс­ты нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты ауданда алдын ала бекітілген жоспар аясында тиісті шаралар жүзеге асырылып келеді.
Айталық, ауданда 14 пен 29 жас аралығында 8865 азамат тіркелген. Бұл көрсеткіш жалпы халық санының 24,7 пайызын құрайды. Оның ішінде аудандағы жастар саны 8544 болса, сырттағы жастар саны 321 болып отыр.
Есепті мерзімде еш жерде жұмыс жасамайтын, оқымайтын жастар саны 480 құрап отыр. Бұл жастармен әлеуметтік қызметтер аясында адрестік жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға аудандық бюджеттен 2,2 млн. теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әртүрлі бағыттағы 38 шара ұйымдастырылды. Аталған шараларға 4000-нан астам жас­тар қатысты.
Жастар мәселесіне байланысты басты жаңалық – биылғы жылдан бастап аудандық бюджеттен 11 млн 518 мың теңге қаржы бөлініп, ішкі саясат бөлімі жанынан 7 штаттық бірліктен тұратын «Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мемлекеттік жас­тар саясатын жүзеге асыру, жастар ұйымдарын қолдау және дамыту мақсатында құрылған жастар орталығына қажетті құрал-жабдықтар алынып, «Мәдениет және өнерді дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ғимаратына орналасты. Бүгінгі таңда бұл орталық «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел», «Қолжетімді баспана-2020», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Серпін - 2050» «Жастар кадрлық резерві» сияқты мемлекеттік бағдарламалар мен аймақтық жобалардың орындалуына атсалысып, қоғамдық шараларға да белсенді түрде үлес қосып келеді.
Ал, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы 2017 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 101 маманға тұрғын үй несиесі, 23 маманға көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік қолдау шарасы көрсетілді.
Аудан жастары арасында мәдени, рухани бағытта атқарылып жатқан іс-шаралардың ауқымы кең. Соның бір көрінісі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жастар арасында насихаттау мақсатында Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінде кездесу өткізілді. Шара барысында мақалада айтылған басым бағыттардың бірі болашақта еңбек нарығына қажетті кәсіби мамандар даярлау мәселесі сөз болды.
Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы, Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінің, Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – терме» тақырыбында аудан жастарының жыршы-термешілермен кездесуі болып өтті. Кездесуге Жалағаш ауданының тумасы, жыршы-термеші, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің «Домбырамен халық әндерін орындау» класының оқытушысы А.Рахметов және Қармақшы аудандық Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің директоры, халықаралық, республикалық жыршы-жыраулар байқауларының бірнеше дүркін бас жүлдегері, жырау С.Жақсығұлов қатысып, жастарға қазақ өнерінің қадір-қасиетін түсіндіріп, дәстүрлі өнердің тарихы мен танымы жайлы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, «Домбыра думан» жастар кеші өткізіліп, ұлттық аспаптағы ән-күй өнеріне деген құрмет еселене түсті
– Рухани қазына» кіші бағдарламасының бір бағыты – «Цифрлы Қазақстан» жобасы. Бүгінгі таңда осы жоба қалай жүзеге асырылып жатыр?
– «Цифрлы Қазақстан» кіші жобасы аясында оқырмандарға кітаптарды электронды нұсқада оқу, аса құнды сирек кітаптар мен өлкетану құжаттарын сақтау үшін кітаптардың электрондық көшірмесін жасау, жергілікті баспадан шығатын басылымды көшіру, виртуалды анықтама, веб-сайт арқылы кітапхана сайтына кіріп, қордағы әдебиеттер мен іс-шараларды қашықтықтан оқып отыруға мүмкіндік жасау қарастырылған. Осыған сәйкес ақпараттық жүйелерді қалыптастыру, жетілдіру мақсатында жергілікті бюджеттен 1400,0 мың теңге қаржы бөлініп, ауылдық кітапханалар толығымен компьютермен жабдықталды.
– Жоғарыда аталған бағдарлама аясында «Туған жер – Туған ел» базалық бағытындағы мәдени құндылықтарды дәріптеу шаралары жөнінде айтып өтсеңіз...
– Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтті. Осы тақырыпта ғылыми-танымдық конференция, республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, батырдың тұлғалық қасиеті, ерлігі мен еңбегі мазмұнды баяндамаларға, келісті ой, кестелі жырға арқау болды. Ақарық ауылына Есет батырдың есімі берілді.
Аудан тұрғындарының ұлттық салт-дәстүрлер мен тарихи мәдени құндылықтарға құрметпен қарап, өз өлкесінің тарихын терең білуге қызығушылығын арттыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының облыстық, аудандық бөлімшелерінің «Туған жерге саяхат» шарасы ұйымдастырылды. Ауданның белсенді жастары көне дәуірден сыр шертетін киелі орындарды аралап, керемет әсерге бөленді.
Жаңа әлеуметтік мәдени ортаны қалыптастыру, ұлттық өнерді дамыту, патриоттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Далдабай ауылдық клубы жанынан «Қобыз» үйірмесі, Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанынан «Мұрагер» фольклорлық этнотобы құрылса, Т.Жүргенов ауылдық мәдениет үйі жанынан бұрынғы «Шұғыла» фольклорлық ансамблі қайта жаңғыртылды. Өнегелік құндылықтарды насихаттау мақсатында Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған этнотоптың ұйымдастыруымен жастар көп жиналатын демалыс орындарында «Көне аспаптар сыр шертеді» жобасы іске асырылды.
Ақындық таланты бар жас буынды ұлттық мәдени құндылықтар мен ұлтжандылыққа тәрбиелеу, бағыт-бағдар беру мақсатында Мәдениет және өнерді дамыту орталығында Ә.Жүргенбаев атындағы жас ақындар үйірмесі ашылғалы отыр. Оған Жалағаш ауданының тумасы, белгілі жырау Айдос Рахметов жетекшілік жасайтын болады. Сондай-ақ, ауданның түрлі салада қызмет атқарып жүрген жастарымыздың және мектеп оқушыларының жаңаша бастамалары мен жемісті қадамын көпшілікке дәріптеу және инновациялық тұрғыда ой-өрісін дамыту тұрғысында «Жас қалам» жобасы қолға алынды.
– Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түспейтіні белгілі. Осы бағытта қандай жаңа жұмыс орындары ашылды? Жұмыссыз ретінде тіркелген қанша адам тұрақты жұмысқа орналасты?
Бүгінгі таңда ауданда жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрады, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеген. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап отыр. 2017 жылдың 10 айында аудан бойынша 764 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл басынан жұмыс іздеуші ретінде хабарласқандар саны 2094 адам болса, есепті кезеңде жұмысқа орналасқаны – 661 адам немесе 31,6 пайызды құрады. Айта кетейік, соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары артып келеді. Соның нәтижесінде, жаңа жұмыс көздері ашылып, тіршілік тынысы арта түсті десек болады. Мысалы, «Серпін» индустриалды өндіріс аймағында орналасқан «Өркен Әлем» ЖШС-ның «Арнайы киім тігу шеберханасының» жалпы құны 38,2 млн теңгені құрайды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағыты бойынша мұнда 20 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Тігін шеберханасы мемлекеттік тапсырыстар бойынша қызмет көрсетеді. Келешекте кәсіп аясын кеңейтіп, жалпы 40 адамды жұмыспен қамту жос­парланып отыр. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жеке кәсіпкерлікпен шұғылданатын тұрғындар қатары да артып келеді.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынғаны белгілі. Нәтижесі қалай болды?
– Елбасы осынау бағдарламалық мақаласында Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен тұлғаларды айқындап, оларға лайықты құрмет жасалуы тиіс екенін атап көрсеткен болатын. Осыған орай жұмысшы тобының отырысы өткізіліп, хаттаманың қорытындысымен 13 азамат http://100esim.el.kz/kz сайтына орналастыру үшін ұсынылған болатын.
Таяуда жобаның ресми қорытындысы жарияланып, облыс бойынша үздік танылған 4 азаматтың қатарында Жалағаш ауданының тумасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми-хирургиялық орталықтың басқарма төрағасы Баймаханов Болатбек Бимендіұлы «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енгізілді. Әрине, бұл жаңалық айтулы азамат үшін биік мәртебе болса, аудан тұрғындары үшін зор мақтаныш болғаны анық.
– Әңгімеңізге рахмет, Жағыпар Айтбайұлы! Алдағы уақытта да қолға алынған бастамаларыңыз абыройлы белес­терден көріне берсін!

Сұхбаттасқан Ғазиза ӘБІЛДА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2017 г. 745 0