« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Әлем өркениеті тарихындағы мемлекет басқарған хандар, патшалар, корольдер, әмірлер туралы көркем әдебиет шығармаларының да қалыптасқан дәстүрі бар. Мемлекет билігіндегі жеке тұлғалардың көркем әдебиет туындылары арқауына алынуы, олардың әдеби тек түрлері (эпос, драма, лирика) жанрлары шығармаларындағы әдеби-тарихи бейнелерінің сомдалу себебі – олардың өздері басқарған мемлекетін, халқын аман сақтау, дамыту, мәңгілік мызғымастай етіп нығайту, күшейту еңбектерінің халық көңілінің жылы ықыласын иеленгендігі. Йоллығ Тегіннің «Күлтегін», «Тоныкөк», Гомердің «Илиада», «Одиссея», Низамидің «Ескендірнама», Науаидің «Ескендір қорғаны», хакім Абайдың «Ескендір», Т.Ізтілеуовтің «Шаһнама», А.С. Пушкиннің «Мыс салт атты» дастандары, т.б. туындылар – батыр-патшалар туралы эпикалық шығармалардың бастаулары.
Жауынгерлік-қолбасшылық және елді даналықпен басқару жұмыстарымен өз Отанын өркениет кеңістігінлегі мәңгілік абырой биіктігіне көтеріп кеткен тарихи тұлғалар туралы прозалық эпикалық туындылар да әлем оқырмандарының қабылдау психологиясы бойынша жылы сезіммен бағаланған. М.Әуезовтің «Хан Кене», А.Толстойдың «Бірінші Петр», В.Г.Янның (Янчевецкийдің) «Шыңғыс хан», «Бату хан», «Бату ханның соңғы жорықтар», И.Ясашидің «Көкжал» (Шыңғыс хан туралы), І.Есенберлиннің «Қаһар», Ұ.Доспанбетовтің «Абылайдың ақ туы», М.Мағауиннің «Шыңғыс хан», Р.Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» және т.б. жазушылардың туындыларында ерлік пен елдік ұстанымы биіктігінде болған тұлғалар тағдыры көркем шындықпен бейнеленген.
Белгілі жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс баһадүр» романы – Орта Азиядағы Тұран елінің, оның бас қалалары Самарқан мен Нұрата қалаларының Әмірі болған Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы (1976-1656) туралы тарихи эпикалық шығарма. Тарихи роман – өмір шындығы деректерін негізге ала отырып, сюжеттегі оқиғалардың, кейіпкерлердің дәуіріне лайықты мінез-қылығымен, іс-әрекеттерімен, әлеуметтік ортасының шынайылығымен, материалдық және рухани мәдениет дамуы деңгейлерінің, тарихи-этнологиялық ерекшеліктерінің сәйкесітігімен айқындалатын эпикалық туынды. Тарихи романдар авторларының көркемдік қиялы желілерінде де суреттеліп отырған кезеңдердің географиялық-топонимикалық ерекшеліктері, кейіпкерлердің киген киімдері, тұрмыстық құрал-жабдықтары, әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, халықтық-этнографиялық болмысы – бәрі де шығарма арқауындағы кезеңдерге сәйкестігімен ерекшеленеді.
«Жалаңтөс баһадүр» романына арқау болған тарихи кезең және басты кейіпкердің түптұлғасы туралы дерекнамалық-тарихнамалық бағалаулар (М.Қозыбаев, Ж.Мұратбаев мақаласы) туындының тарихилық сипатына негіз болады: «Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы (15.09.1576-1656)... мемлекет қайраткері, батыр, қолбасшы, би. Әйтеке бидің үлкен атасы. ... Жалаңтөс баһадүрдің беделінен сескенген Имамқұл 1626ж. Бұқар хандығынан тәуелсіз Самарқан аймағын құрып, оған Жалаңтөс баһадүрді Әмір етіп тағайындады және бас қолбасшылықты Жалаңтөс баһадүрдің өзінде қалдырады. Жалаңтөс баһадүрге Үндістан, Хорезм, Тибет, Ресей, т.б. елдерден сыйлықтар келіп тұрады. Жалаңтөс баһадүр дарынды қолбасшы ғана емес, ол ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы бола білді. Самарқандағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан 1620-1636ж. «Ширдор» («Арыстан қақпа») медресесін салдырады. 1646 жылы екі медресенің ортасынан «Тіллә Қари» («Алтынмен апталған») медресесінің құрылысын бастайды, ... Жалаңтөс баһадүр шын мәнінде өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыздардың біріккен қолының қолбасшысы болып, Самарқан, Бұқара, Ташкент, Түркістан төңірегін ғана қорғаған жоқ, оған қоса қазақ сахарасының да қорғаны бола алды. 1640 жылы жоңғарлардың Батыр қонтайшысына қарсы 30 мың қолмен шығып, 50 мыңдық қолды талқандайды. 1643 жылы Жалаңтөс баһадүр Жетісу өлкесіне басып кірген жоңғарларға қарсы шайқасып жатқан Салқам Жәңгір ханға 20 мың қолды бастап көмекке келеді де, қалмақтарды ойсырата жеңеді. 1644 жылы Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан аумағын билейтін Моғол империясы мен Бұхар хандығы соғысады. Салқам Жәңгір 100 мың қолмен Жалаңтөс баһадүрге көмекке келеді де, Бұхар хандығы аман қалады. Жалаңтөс баһадүр Кабул, Мешхедті басып алды. Бабырдың ұрпағы Жаһан шаһтың екі баласы басқарған моғол әскері Балх түбінде жеңіліс тапты. ...Жоңғарлардың қазақ сахарасына қарсы жасаған соғыстары кезінде Қазақ хандығының қалың қолына келіп қосылып, оның күшін еселеді. Жалаңтөс баһадүрдің мұндай әрекеті оның қайраткерлігін танытты» (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2001.-3-том: Г-Ж.-720б.; 489-490-бб.). Демек, Жалаңтөс Сейітқұлұлы – жалпытүркілік дамудың көрнекті тұлғасы. Ежелгі сақ-массагет, ғұн, түркі халықтарының ортақ тарихының көрнекті тұлғаларының қатарында оның есімі де аталады. Бұл – жалпыадамзаттық өркениет тарихының заңдылығы.
«Жалаңтөс баһадүр» романының тақырыбы – ХVI-XVII ғасырлардағы Орта Азиядағы түркі халықтарының (қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, т.б.) тұрмыстық-әлеуметтік өмірі, идеясы – мемлекеттік басқару істері мен жауынгерлік-қолбасшылық қасиеттері тұтастығындағы жеке тұлғаның тарихи дамуға ықпалын таныту. Романның композициясындағы сюжеттік бөліктерде мынадай оқиғалар жүйелене көрінеді: біріншісі – Нұрата өңіріндегі қазақ, өзбек, қарақалпақ халықтарының ханы Сейітқұлдың отбасында дүниеге келген Жалаңтөстің балалық шағы, жапон жігіті Чин Чинмен жаттығулары, Бұхар хандығының жоғары дәрежелі қолбасшылар дайындайтын соғыс мектебінен, Бағдаттағы даналық үйінен білім алғаны; екіншісі – Жалаңтөс баһадүрдің Бұхар хандығына қарасты халықтар (қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ) мекендеп отырған Жиделі-Байсын, Мауереннахр өңірлерін жоңғарлардан қорғау соғыстарын басқарған қолбасшылық, жауынгерлік жорықтары; үшіншісі – Жалаңтөс баһадүрдің Иран шахының, Моғол империясының әскерлерімен соғысы; төртіншісі – Жалаңтөс баһадүрдің Самарқан әмірі кезіндегі қалаға сәулет өнері ғимараттарын салдырғаны, оқу-ағартуды, отырықшылықты, елдің бірлігін, берекесін қалыптастырудағы қайраткерлік қызметі.
Басты кейіпкер Жалаңтөс – балалық, жастық шағынан бастап, жеке басының батырлығымен, жауынгерлік-қолбасшылық қасиетімен халыққа даралана танылған батыр. Тарихи жаратысылындағы дене қуаттылығы, білек күші, жүректілігі – роман сюжетінің кезеңдеріндегі оқиғалармен дәлелденген. Бұхар ханының соғыс мектебіндегі күрес жаттығуларындағы бес-алты баламен, хан баласы Иманқұлмен күрес сайыстарындағы жеңістері, қалмақтармен, ирандықтармен жекпе-жек шайқастарындағы қол күші мен қылыш, шоқпар сілтеудегі әбжілдігі қосылған әрекеттерінің жеңісті сәттері – оның айрықша жауынгерлік қуаттылығын даралай танытады. Мысалы, Әмудария мен Сырдария өзендерінің құярлық сағасына елу шақты сарбазымен тосқауылда – барлауда жүргенде кездескен қалмақ басшысымен жекпе-жектегі қимылдарының табиғи суреттелгенін оқимыз.
Балқаш өңіріндегі жоңғар қалмақтарымен болған шайқастардағы Жалаңтөстің жеке ерліктері онымен майдандас болған батырлардың баяндай суреттеулерімен де дәйектелген. Жағыпар батырдың қазақы марқайысты-мақтанышты көңіл-күймен баяндауы да әсерлі: «– Не дегенмен, ашу мен кекке булыққан екі жақтың жауынгерлері де аянған жоқ. Екі жақ деп отырғаным, Жалаңтөс пен менің жігіттерімді айтамын. .. – Жекпе-жекте Жалаңтөс батырларына сай келер жау болмады. Бірінен соң бірі ат жалын құшып құлап, қан құсып, өкіріп жатты. «Өлімнен ұят күшті» дегендей, арға тырысқан жоңғардың бастап келген қонтайшысы да біздің елдің аумағында жер құшты. Өзі де бір түйенің жарты етіндей бәле екен. Ешкімге алдырмай, ерік бермей кете ме деп едім, әйтеуір ажалдан қашып құтылмай, басын жұтып тынды».
Жалаңтөс баһадүрдің тарихи-әдеби бейнесінің сомдалуында оның Бұхар хандығымен көршілес ирандықтардың және Моғолстанның араларында болған соғыстардағы қолбасшылығымен жүзеге асырылған жеңісті шайқастары да реалистікпен суреттелген. Романдағы Жалаңтөс баһадүрдің қолбасшылығымен Жетісудағы Орбұлақ шайқасына жиырма мың қол әскермен келіп, Салқам Жәңгір бастаған Қазақ хандығы әскеріне қосылып, өздерінен әлденеше есе көп қалмақ басқыншыларға қарсы тізе қоса шайқасқан қазақ батырларымен (Қарасай, Ағынтай, Жиембет, Зарқым, Қара, Сапақ, Байқазақ, Бекбауыл, Сүйіндікқара, Сарыалтай, Тасым, Қараалтай, Жайық, Мәмбет, Сәметей, Кенжеғұл, Көксерек, Көген, Табай, Жақсығұл, Қомпай, Елтінді, Сарыбұқа, т.б.) бірге Батур қонтайшы бастаған басқыншы жоңғарларды жеңген ауызбіршілік қуатын әйгілегендей романтикалық рухпен баяндала суреттелген: «Алаш! Жалаңтөс! Жәңгір!» деп ұран сала шайқасып, басқыншыларды жер жастандыра қырып, тас-талқан етіп жеңген сәттегі айқара құшақтасып тұрған екі батыр-ханның достығы да оқырман ұрпақты азаматтық-отаншылдық сезімге бөлері ақиқат. Жазушы деректілікті негізге ала отырып, Салқам Жәңгірдің қорғаған Қазақ мемлекеттілігінің мәңгілігіне елбасылық-көшбасшылық тұлғасын танытатын монологын да оқырманға ұсынған: «– Құдайым, осы достық ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халқымызды бақытты ұшпаққа шығарса бізде не арман бар? – деді.
Романның басты кейіпкері Жалаңтөс – халықаралық қатынастардағы көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері деңгейіндегі тарихи тұлға. Романның композициясындағы оның Самарқан Әмірі және Бас қолбасшысы дәрежесіндегі қызметімен көршілес мемлекеттермен (Қазақ хандығы, Моғолстан, Иран, Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Ресей, т.б.) байланыстардың ортасындағы әлемдік деңгейдегі қайраткерлік тұлғасы даралана көрінеді. Ең бастысы – әлем өркениеті тарихындағы әрі батыр-қолбасшы, әрі мемлекет басшысы қызметтері тұтасқан аса көрнекті адамдар қатарындағы тұлғасы даралана бейнеленген.
Самарқан Әмірі болып, Бұхар хандығы ғана емес, алыс-жақын көптеген мемлекеттерге танымал ел басшысы және бас қолбасшысы болған кезіндегі Жалаңтөстің өзін даралай және артына ерген қалың әскерін топтай бейнелеудің көркем үлгілерін оқимыз. Қолбасшы Әмірдің және жорықтағы немесе шайқастар кезіндегі жауынгерлердің портреттік бейнеленулері де олардың ішкі жан-ділі әлеміндегі айбынды, айбатты психологиялық сипаттармен тұтастандырыла өрнектелуімен ерекшеленген.
Романның басталу бөлігінде жасы егделенген Жалаңтөс баһадүрдің өзінің өткен өмірі кезеңдерін есіне түсіре толғанып отырған сәтіндегі кескін-келбетінің бейнеленуінен мағыналы-мазмұнды өмір сүрген тарихи тұлға ұлағатын, сәулетті салтанатын поэтикалық мегзеу де аңғарылғандай: «Қалың қабақты, етекті мұрынды батырдың малдас құруында да бір ерекшелігі байқалады. Түйенің жарты етіндей сандары түйлігіп, шар үрлеген қарындай жөргемделіп, екеуі екі түзудің бойында қатар жатыр. Қабажа қарнын босаң ұстағасын ба, кең етекті ақ көйлектің жиегі де малындыра көл жағалауында соққан толқынның ақ көбігіндей ирелеңденіп, қатпарланып, бөкседен төмен шәйі көрпенің үстіне төне құйылады. Айналасы Алатаудың бөктеріндей бірталай аймақты жамбасына басып жатқан жердегі қос-қостан төсеген түйе жүн көрпелер желі шыққан шардай жерге жабысып, айналасы күлтелене, көбіктене көтеріле түскен».
Тарихи романның көркемдік-эстетикалық сипатынан халық тарихында Жиделі-Байсын атымен бағаланған ежелгі Тұран өлкесінің табиғат көріністерінің пейзаждық суреттелуі де қаламгердің эстетикалық танымы аясындағы шеберлігін танытады. Табиғат құбылыстарының бейнеленуіндегі дәстүрлі кейіптеулік тәсілдер өрілімдері тұрақты қолданылған.
Кейіпкердің рухани дүниетанымын табиғат құбылыстарымен тұтастыра, тіршілік қозғалысындағы іс-әрекеттерінің ғарыштық кеңістік әлеміндегі заттармен, көріністермен баламаланып берілуі романтикалық сипатпен өрнектелген. Қарама-қайшылықтар, қақтығыстар ортасындағы кейіпкер тағдырының даралануын түс көруі сәттерімен сабақтастыру да фольклорлық-мифологиялық халықтық көркемдік ойлауға негізделуімен айқындалады.
Басты кейіпкер Жалаңтөс баһадүрдің жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық білім негіздерін әлем өркениеті жетістіктері нәтижелері бойынша оқыған дүниетанымы мен өзінің дала даналарына тән ақыл-ойының кемелді сипаты мен ол жүрген дала пейзажының суреттері де орайластырыла, үндестіріле бейнеленулерімен әсерлі. Жазушы қоршаған жаратылыс әлемін, табиғат көріністерін, құбылыстарын басты кейіпкердің көркемдік ойлау әлемінің танымынан, түйсінуінен туындағандай романтикалық әуенді сипатымен суреттеген.
Тарихи роман – халықтың көпғасырлық қалыптасу, даму жолындағы ата-бабалардың этнологиялық-этнографиялық ұстанымдарын, дәстүрлерін қамтуымен ерекшеленетін туынды. «Жалаңтөс баһадүр» романында да халықтың аңшылық-саяткерлік дәстүрі аясында бірнеше мәселелер қамтылған. Басты кейіпкер Жалаңтөс бойына біткен кезде анасының жерігін басу үшін әкесі Сейітқұлдың жолбарыс атып әкелгені («Шешесі жолбарыс төсін сонда шикілі-пісілі асыға жеп, қара тер боп, еңсесі түскен самарқау кейпі кетіп, әл жинаған еді») де әрі батыр, әрі Елбасы – Әмірі болған тұлғаның ана жатырында жаратылысының да айрықша даралығын ерекшелей танытады. Роман кейіпкері Жейдегүл арудың түсіне кірген жолбарыстың оның ырқына көнгендей кейіпімен көрінгені («Құйрығын еркелей қозғап, азу тістері тұсындағы ауыз тірелер қуысты арандай ашып бағынған, дегеніне көнген шарасыздық қимыл танытты») адамның ақыл-ойының, күш-қайратының, сезім тазалығының қуаттылығын танытқандай әсерімен сезіледі.
Қорыта айтқанда, жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс баһадүр» тарихи романы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі дәуірінің жаңа әдеби үдерісіндегі көрнекті эпикалық туынды. Әлем өркениеті кеңістігіндегі әрі батырлығымен – қолбасшылығымен әрі мемлекет басқарған дана қайраткер біліктілігімен танылған бұрынғы – соңғы тарихтағы көрнекті тұлғалар қатарындағы Жалаңтөс баһадүрдің және ол өмір сүрген кезеңнің ұлттық және жалпытүркілік тарихымыздағы тағылымын деректілік негізіндегі көркем шындықпен бейнелеу арқылы жазушы ұлттық сөз өнері әлеміне көрнекті үлес қосқан.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |