Жуырда терең білімді адал еңбекпен ұштастырған, ел дамуына айрықша үлес қосқан жаңашыл жастар марапат төрінен көрінді. Елбасы ұсынған “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясындағы “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының жеңімпаздары қатарынан жерлестеріміз де табылды.
Соның бірі – психолог, аудармашы Сымбат Абдрахманова. Сыр үмітін арқалаған жастың есімі көпшілікке балаларға арналған дамытушы мультфильмдер құрастырумен таныс. Кәсіби біліктілігі, еңбекке деген ынтызарлығы ерекше кейіпкеріміз белсенді. Тынымсыз жолда бағындырған белесі биік. Бұған дейін ол парсы тілі бойынша Орта Азиялық олимпиадада оза шығып, І орын иеленген. Ол «Педагогикалық ізденіс» ғылыми-әдістемелік журналының редакция алқасына да мүшелік етеді. Жоғарыда айтқанымыздай, тілінде мүкістігі бар балаларға арналған бірнеше мультфильмдердің, сондай-ақ, «Компьютерлік психодиагностика» атты жасөспірімдер арасындағы психологиялық өзгерістерді анықтауға арналған жобаның авторы. Мұнан бөлек, Сымбат Иран мемлекетінің «Таботабои» университетінде арнайы біліктілік арттыру курсында білімін шыңдап, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінде аудармашы қызметін атқарған. Еңбекті ту етіп, қоғамға титтей де болсын септігін тигізуді міндет санайтын жас – облыстық білім басқармасы жанындағы облыстық оқу орталығында «Әлеуметтік педагогикалық қызмет» бөлімінің меңгерушісі. Қазіргі таңда ол баланың ақыл-ойын дамытуға арналған мультипликациялық өнімдердің сапасын арттыруға күш салып жүр.
– Әрбір шығармашылыққа жаны құмар адам өз туындысын дайындағанда, оның пайдаға жарауын ойлайды. Қазір жасаған дүниелердің қолданыста екенін көргенде «еңбек ақталды, жоба өз мақсатына жетті» деп іштей қуанамын. Оған қоса жұртшылықтың қолдауымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жеңімпазы атануым үлкен серпіліс сыйлады. Себебі, әрбір істе нәтиже басты рөл атқарады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев та жастарға үлкен үміт артып отыр. Қазір білектінің емес, білімдінің заманы. Бізге қойылар басты талап – өрлі рухтың, саналы сананың иесi болу, озық технологияларды жетік меңгеріп, жаңашылдыққа икемделу. Көп тіл үйреніп, қабілетті болу, ел ертеңі үшін тер төгу, – деді Сымбат Абдрахманова.
Сымбат бір минутты да босқа өткізбек емес. «Өз ісіңнің кәсіби маманы атану үшін қарапайым қадамдар жасау қажет» деген пікірде. Туындыларын тек қазақ тілінде дайындайды. Мақсаты – ана тіліміздің мәртебесін көтеру. “Әлем таныған ел болу үшін ана тілдің жұлдызын биіктету керек” деп есептейді. Бүгінде табиғатынан тынымсыз, әрдайым жаңаға ұмтылатын талантты жастың мультфильмдерін облыстық білім басқармасының ютуб каналынан жүктеуге мүмкіндік бар.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.