Мейірім шуағы

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өзгеге мейірбандылықпен қарап, қамқорлық таныта білетін атымтай жомарттарды елге таныту керектігін айтқан. Қазақ халқының мейірімді әрі жаны жақсылыққа құмар жандарға бай екенін жасап жатқан игі істерінен аңғаруға болады.
Міне, қайырымдылық жасап көптің алғысын арқалаған жанның бірі –Динара Алмусаева. Ол 1989 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Мамандығы – экономист. Бірақ Динара өзінің армандаған мамандығымен жұмыс жасауды шешеді. Алғашқы еңбек жолын сән салондарында жұмыс жасаудан бастайды. Біраз тәжірибе жинақтап алады. 2013 жылы жеке кәсібін ашып, кәсіпкер атанады. 2015 жылы «Dinara Almussayeva» атты академиялық салонын ашты. 17 жасынан бастап сән әлеміне бағыт алып, кәсіп ашып, жұмысын жандандырған жас кәсіпкер нәзік жандыларға сұлулық сыйлауды жаны сүйеді. Сән үйінде көптеген жеңілдіктер өтіп тұрады. Онда нағыз білікті мамандар жұмыс жасайды. Шеберлердің 70 пайызын кәсіпкер өзі баулып, маман етіп қалыптастырған. Бүгінде Динара халықаралық дәрежедегі визажист, «make up» шебері. Жаңашылдыққа құмар қыздың алдына қойған арманы асқақ. Мақсаты биік. Динараның жаны жомарт. Қолы ашық. Ол облыстағы барлық қайырымдылық шаралардан қалыс қалған емес. Тіпті түрлі іс-шаралардың өтуіне демеушілік жасайды. Сондай-ақ, «Даму» қоры мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен жиындарға қатысып, қолдау білдіреді. Талабы бар жастарды жанына жинап, дәріс беріп, маман атануына да септігін тигізіп келеді. Динара еңбекті сүйетін жан. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Білімін жетілдіру мақсатында сырт елдерге шығып, тәжірибе алмасады. Қауырт тіршілігіне қарамастан, қайырымдылық жасауды жадынан шығарған емес. Динара «Сәбилер» үйіне үнемі көмек көрсетеді. Ал, қаладағы есту қабілеті нашар балаларға арналған №6 мектеп-интернатының оқушыларына тұрақты демеушілік жасайды. Онда дарынды балалардың халықаралық, республикалық және облыстық сайыстарға қатысуына демеушілік етеді. Сонымен қатар Талсуаттағы балаларды оңалту орталығы мен Қарттар үйіне арнап қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды дағдыға айналдырған. Мұнан өзге айықпас ауруға шалдыққан балалардың ем-домына қажетті қаражаттың жиналуына да атсалысады. Динараның айтуынша, кез келген жан жетістікке жету үшін тек еңбек ете білу керек. Үйренгенін өзгелермен бөлісіп, шәкірт дайындау да үлкен жұмыс дейді.
Биылғы жылы қайсар қыз Мүгедектер күніне орай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шығармашылық әлеуетін қолдау, олардың әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдесу, әлеуметтік белсенді тұлға ретінде қалыптастыру бағытындағы азаматтық белсенділігі үшін облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен бірге «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының «Жаңа есім» номинациясын иемденді.
Жалпы, жанашырлық, бауырмалдылық – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Расымен де көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу сауабы мол іс. Қысылғанға қолдау танытып, айналасына шапағат шуағын шашып жүретін Динара бұл ізгілікті шарасын алдағы уақытта да жалғастыра беретінін жеткізді.

С.ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2017 г. 702 0