ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ИГІЛІКТІ ҚАДАМЫ

Сыр өңірінде шағын және орта бизнесті дамыту, құрылыс екпінін қарқындату, индустриялық-инновациялық жобаларды қолдау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта облыс көлемінде құрылған индустриялық аймақтардың жұмысы жанданып келеді.

Аймақ экономикасының дамуына үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы тың серпін берді. Осы бағдар­ламаның аясында аймақта 20 жоба жүзеге асса, оның 16-сы толық қуаттылығында жұмыс істеуде. Жүзеге асырылған жобалардың сапасын арттыру мақсатында тиімсіз және экспорттық әлеуеті төмен, бәсекеге қабілетсіз жобалар Индус­трияландыру картасынан алынып тасталған. Қалған жобалар бойынша нақты жұмыс атқарылуда. Мәселен, келер жылы облыста молибден үш тотығын шығаратын кәсіпорын іске қосылады. Өнім экспортының негізгі көлемі Жапонияның үлесінде болады. Мамандар алдағы жылдың шілде айында шыны зауытының алғашқы өнімін шығаруды көздеп отыр. Сондай-ақ, келер жылы құрылыс саласында ғана емес, мұнай-газ және уран өндіруде кеңінен қолданылатын тампонажды цемент шығаратын зауытты да іске қосу жоспарланған. Қазір Шиелі ауданында аталған зауыт құрылысы жүруде.

Бұл кәсіпорындардың барлығы­ның да экспорттық әлеуеті жоғары екенін және жаңа технологиялар енгізілгенін айтып өткен жөн. Жалпы, аймақ дамуында оң динамика бар. Ірі жобалар жүзеге асуда. Британдық инвесторлармен бірлесіп «Баласауысқандық» ванадий кен орнында қара тақта тасты автоклавта өңдейтін жоба да қолға алынған. Қазірдің өзінде Тайваньға 100 тоннадан аса аммоний метаванадаты экспортталды. Бұдан бөлек, Қызылордада ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске асыру бағытында жұмыс жасалуда. Қыркүйек айының соңында түркиялық «Yıldızlar SSS Holding» компаниясымен бірлесіп, аймақта 2 ірі нысан құрылысын бастау туралы шешім қабылданды. Керамикалық тақта шығаратын зауыт осы өнімді жасайтын Қазақстандағы ірі өндіріс орны болады деп күтілуде. Ал, газ поршеньді электр станциясының іске қосылуы электрмен қамтамасыз етуді жақсартып, аймақта өнеркәсіптің дамуына мүмкіндік береді.

Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинаты мен газтурбиналық электр­станциясының құрылысы бас­талды. 2019 жылдан бастап тау-кен байыту комбинаты 2 млн тонна, ал, 2020 жылға қарай 4 млн тонна кен өңдейтін болады. Комбинаттың іске қосылуы 1500 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, гидрометаллургиялық зауыт құрылысы жобасын дайындау ісі басталды.

Осы ретте индустриялық ай­мақтар да облыс экономикасының дамуына серпін беретінін айтып өткен дұрыс. Облыстағы индустриялық аймақтың көлемі 894,9 гектарды құрайды. Аталған аймақ үшін Қызылорда қаласынан 760 гектар жер телімі бөлінген. Аудандар ішінде индустриялық аймақтың үлкені Шиеліде екенін атап өткен жөн. Ол 50 гектар алқапты алып жатыр. Мұндай аймаққа Аралда – 10, Қазалыда – 12,7, Қармақшыда – 15, Жалағашта – 22, Сырдарияда – 20, Жанақорғанда 5,2 гектар жер берілген. Жоғарыдағы жобалардың бірқатары осы индустриялық аймақ­тарда орналасқан.

Қызылордада әлеуметтің әлеу­етін арттыру бағытында атқарылған бұдан да басқа тірліктер жетіп артылады. Облыста құрылыс қарқын алуда. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы көптеп салынып, өңіріміз бұл бағытта республикадағы көшбасшылар қатарына қосылды. Осы бағытпен Сыр еліндегілер әлі талай белесті бағындырары сөзсіз.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 желтоксан 2017 г. 540 0