Осыдан жиырма жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылы 20 қазандағы Жарлығымен Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанынан Қазақстанның астанасы болып жарияланды. Мұнымен қатар, аталған қаланың атауы Астана болып өзгертілді, деп хабарлайды Baq.kz.
Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі астананы ауыстыру туралы шешімді 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылдады. Кейін бірден дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Қаланың инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1997 жылы Ақмола қаласында арнайы экономикалық аймақ құрылды.
1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасының Президентінің Қаулысы бойынша, Ақмола атауы Астана болып өзгерді. Ал Астана қаласының қазақ елінің жаңа астанасы ретінде халықаралық таныстырылымы 1998 жылы 10 маусымында өтті.
Бүгінде Астана күні 6 шілде күні атап өтіледі. Себебі, осы күні Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып саналады. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды.
Еліміздің бас қаласы 1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Әлемнің 15 қаласы Қазақстан елордасының бауырлас қалалары болып саналады.
Олар - Киев, Анкара, Мәскеу, Берлин, Варшава, Минск, Бангкок және т.б. Бүгінде Астана түрлі халықаралық деңгейдегі шараларды өткізетін орталыққа айналып үлгерді.