Қазақстан мұсылмандары YIII құрылтайында жаңадан сайланған Бас мүфти Серікбай қажы Оразұлы өзінің міндеттері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бас мүфти өзінің алдына қойылған мақсат-міндеттер туралы тілге тиек етті. «Мен үшін бұл тосын шешім. Өзімді көмекші, орынбасар ретінде жақсы сезінемін. Бірақ таңдау осындай болғандықтан, бұл үлкен аманатты барлық әріптестеріммен абыроймен атқарамын деп ойлаймын. Алдағы 5 жылда алдымызға қойылған барша бастамаларды одан әрі орындап, дамыту жолында еңбек етемін. Құранды буквализм танымымен түсінуге тосқауыл қойып, құран түсіндірмелерін пайымды түсіндіру жолында қоғам мен діндарлар арасында байланыс арттыруға жұмыс жасайтын боламыз. Үлкен қызметті бар күш жігеріммен, әріптестерімнің көмегімен, қоғамдағы дұрыс жан-жақты болған иммамдар ортасын қалыптастыра отырып, біздің халқымызда ата-баба қалыптасқан дәстүрлі діни таным мектебін жаңғыртып, алға қойған мақсатты бірге атқарамыз. Қазақстан Мұсылмандары тұғырнамасында да жолымызды айқындап алғанбыз. Жат пиғылды ортаға жол бермейміз. Оған қарсы тұра алатын имунитет Қазақстан мұсылмандары исламтану институтының рөлі күшті, білім тәжірибелері жетерлік деп ойлаймын», - деді Бас мүфти.
Айта кету керек, бүгін Алматыда Қазақстан мұсылмандарының YIII құрылтайы өтті. Жиын барысында құрылтайға қатысушы 300-ден астам делегат Серікбай қажы Оразұлының кандидатурасын бірауыздан қолдады. Жаңа Бас мүфти 4 жыл, яғни 2018-2022 жылдар аралығында қызмет атқаратын болады. Сондай-ақ Бас мүфти орынбасарлары лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлы, Алау Əділбаев, Бауыржан Есмаханов сайланды. Бұған дейін Бас мүфти қызметін атқарып келген Ержан Маямеров өз еркімен қызметінен кетті.