Елбасы: Цифрлық технологиялар саласын меңгерген мамандарды дайындау қажет

«Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» атты ұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының қандай мақсатта дайындалып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды BNews.kz.
Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4.0. Индустриясының технологияларын енгізіп, бұл салада индустриялық тұрғыдан дамыған елдермен және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты. Бұдан бөлек, Елбасы цифрлық технологиялар саласындағы заманауи машықтарды меңгерген мамандарды дайындаудың маңызды екеніне назар аударды.
«Қазақстанды дамыған 30 елге қосуға мүмкіндік беретін, қуатты, индустриялды серпілісті қалыптастырудамыз. Үшінші жаңғыру бағдарламасы еңбек өнімділігін арттырып, отандық тауарлар экспортының кеңеюіне жағдай жасауы қажет. Алдымызда 4.0 технологиясын енгізу мәселесі тұр. Мұның не екенін түсінуіміз қажет. Осы мақсатта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы дайындалды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін әрбір министрлік, әрбір әкімдік, әрбір компания атсалысуы қажет», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта Астанада өтетін цифрландыру форумы жоғары деңгейде өтуі қажеттігін алға тартты.
«Алдағы уақытта цифрландыру бойынша өтетін ЕАЭО форумын тиісті деңгейде өткізуіміз қажет. Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев маған ай сайын қандай кәсіпорын, қандай компания цифрландыруға көшкені туралы есеп береді. Бұл туралы ақпарат республикалық газеттерде, біздің телевидениедегі ақпараттық бағдарламаларда шығуы қажет. Жұмыс осыдан басталуы керек», - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 желтоксан 2017 г. 570 0