ОТБАСЫ. ӨНЕГЕ. ҚҰНДЫЛЫҚ

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімі жанындағы отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Ұлт руханияты: Отбасы. Өнеге. Құндылық» ІІІ облыстық әйелдер форумы өтті. Форум жұмысына облыстағы іскер, көшбасшы әйелдер, алтын құрсақты аналар мен өз кәсібінде жетістікке жеткен арулар қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Руслан Рүстемов қоғамның қай саласы болмасын арулардың орны ерекше екенін атап өтіп, форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

– Өздеріңізге белгілі, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан жолымызда әйелдер қашан да өміріміздің сән салтанаты, тіршілігіміздің тұтқасы, баланың тәрбиешісі саналған. Ертеде жорықтан келген ұлдары ең алдымен анасына тәж етіп, содан кейін әкесіне сәлем берген. Осының өзі анаға деген құрметтің айқын көрінісі. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ғасырлар бойғы ұлттық құндылықтарымызға, оның ішінде салт-дәстүрімізді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге үлкен міндет қойылды. Тәрбиенің тал бесігі – отбасы десек, сол отбасының шырақшысы, ұйытқысы сіздерсіздер. Айта кету керек, бүгінде аймақтағы 35 мыңға жуық алтын құрсақты ана еліміздің демографиясының жоғарылауына үлес қосып келеді. Пайыздық өлшеммен қарайтын болсақ, біздің облыс көпбалалы аналар қатарынан алғашқы үштікте. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Ана бақыты» ескерткішінен бастау алатын «Аналар» аллеясының ашылуы да өздеріңізге деген ізгілік пен мейірімнің, қадір-құрметтің белгісі, – деді ол.

Форум барысында Жаңақорған кентінің әйелдер кеңесінің төрайымы Сырғагүл Болғанбаева «Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру» тақырыбында баяндама жасады. «Қолөнер бұйымдарын өндіру арқылы ұлт құндылықтарын насихаттау тақырыбын «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығының РR менеджері Гүлбақыт Жалғасқызы баяндады. Сондай-ақ, балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы мультфильмдер құрастырып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз болған жас маман, психолог, аудармашы Сымбат Әбдірахманова сөз сөйледі.

Сымбат Нұртазақызы 2008 жылы парсы тілі бойынша Орта Азиялық олимпиадада І орын алған. «Педагогикалық ізденіс» ғылыми-әдістемелік журналының редакция алқасының мүшесі. Ол тілінде мүкістігі бар балаларға арналған бірнеше мультфильмдердің авторы. Мәселен, «Дыбыстарды машықтандыру», «Көңілді түстер» деп аталса, «Логоритмика» әдістемелік құралы, сондай-ақ, «Компьютерлік психодиагностика» атты жасөспірімдер арасындағы психологиялық өзгерістерді анықтауға арналған жобаның авторы.

2016 жылы Испания мемлекеті, Овьедо қаласында өткізілген 16-шы «Суицид және суицидалды әрекет» тақырыбында еуропалық симпозиумында «Қазақстандағы кәмелетке толмағандар арасында суицидтердің алдын алу: Қызылорда облысының тәжірибесі» тақырыбында Қазақстаннан тұңғыш баяндама жасап, өз тәжірибесін әлем сарапшыларымен бөліскен.

– Әрбір шығармашылыққа жаны құмар адам, өз туындысын дайындағанда, сол туынды пайдаға жараса, қолданысқа ие болса деп тілейді. Себебі, әр туындыны жасауда, алдымен басқа идея, ол идея баста пісіп-жетіліп, іске асамын дегенше қаншама уақыт, ізденіс, жүйке жүйесі кетеді, оған барлық жүрегіңді, ойыңды, сезіміңді арнайсың. Қазіргі күні, жасаған жобаларымның пайдаға асқанын көрген кезде, еңбегім ақталыпты, жоба өз мақсатына жетіпті деп қуанамын. Себебі, еңбек етсең, оның нәтижесі болары хақ, – деді Сымбат Әбдірахманова.

Аймақта «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік Тұжырымдамасын» орындау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Жас отбасыларға көмек көрсету мақсатында «Жанұяны жоспарлау», «Дені сау бала» кабинеттері мен «Жас ана» мектебі жұмыс жасаса, отбасылық үлгідегі «Атамекен» балалар ауылында 80 жас тәрбиеленуде. Ең бастысы, биылғы жылы біздің аймақта ана өлімі тіркелмеген.

«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 320 әйел оқудан өтсе, 124 әйел шағын несие алу арқылы кәсіптерін жүргізіп отыр. 150-ден астам қыз-келіншек «Көшбасшы әйелдер» мектебі арқылы тегін оқу курстарынан өтіп, бірқатар әйелдер қызметтік өсу, кәсіп ашу сынды нәтижелерге қол жеткізді.

Форум соңында қоғам белсенділері жастарды «Іскер әйел», «Өнегелі отбасы», «Кәсіпке адалдық», «Жас кәсіпкер», «Салауатты өмір жаршысы» және «Жас қаламгер» номинацияларын табыстады.

Шынар БЕКБАН,

Нұрболат Нұржаубай (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 желтоксан 2017 г. 679 0