РЕКТОРЛАРДЫҢ АЙМАҚТЫҚ СЕМИНАРЫ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің  Студенттер сарайында «Жоғары оқу орнының академиялық саясаты: басқару, құралдар және субъектілер» атты тақырыпта республикалық жоғары оқу орындарының ректорлары мен басшыларының қатысуымен аймақтық семинар өтті. Семинарға Қазақстандағы Эразмус+ бағдарламасының үйлестірушісі Шайзада Тасболатова, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, еліміздегі жоғары білімді реформалау бойынша сарапшылар Ұлттық тобының қадағалау кеңесінің төрағасы Серік Өмірбаев, Халықаралық бизнес университетінің ректоры, ұлттық топтың мүшесі Дархан Ахмед-Заки мен өзге де жоғары оқу орындарының ректорлары, оқытушылары қатысты. Семинарды университет ректоры Қылышбек Бисенов ашып, шараның маңыздылығы жөнінде кеңінен айтып берді. Сексенжылдық тарихы бар білім ордасының жеткен жетістігі мен оқыту жүйесіндегі жаңашылдық  бағыты жайлы сөз болды.

Семинар-тренинг барысында университеттің академиялық саясатын жүзеге асыратын  құрылымдық бөлімшелерін анықтау, беделін арттыру, академиялық  саясатты басқару процесі мен әдістерімен танысу, субъектілерінің жауапкершілігін, академиялық адалдық пен сапа саясатының қағидаларын қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Бірінші күні семинарда «Эразмус+ бағдарламасы. Жоғары білімнің әлеуетін көтеру компоненті. Халықаралық кредиттік ұтқырлық» тақырыбында Шайзада Тасболатова және «Университеттің заманауи академиялық саясаты: әзірлеу принциптері мен стандарттары» атты тақырыпта Серік Өмірбеков баяндама жасап, талқылады.

Жалпы, Эразмус+ бағдарламасы білім беру мен оқыту жүйесінің тұрақты дамуы мен жаңартылуына, спорт және жастар саясатын дамытуға қолдау көрсетуге, сондай-ақ, азаматтардың қабілеттерін дамыту арқылы олардың жұмысқа орналасу  мүмкіндіктерін  арттыруға бағытталған.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес Ұлт Жоспарының 72 қадамындағы біздің университеттер келешекте бастаушылық және академиялық дербестікке ие болатындай заңнама тұжырымдамасы Мәжілісте қаралып жатыр. Оның бірінші қадамы Қазақстандағы 28 мемлекеттік университет жаңа тұрғыда бастаушылық жүйесіне енгізу қабылданбақ.  Осы орайда бақылау кеңестер енгізілді. Биылғы жылдан бастап еліміздегі барлық мемлекеттік университеттерде бақылау кеңестері толығымен құрылды. Онда жоғары оқу орнының даму стратегиясы қарастырылады. Жоғары оқу орындарының бәсекелестігін арттыру үшін екі нәрсе талап етіледі. Бірінші бағыт өндірістік талапқа сәйкес мамандарды даярлау және әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке ие болу үшін стратегияны қабылдаумен қатар оқу деңгейі әлемдік  стандартқа сай болу. Сонымен бірге шетелдік студенттерді және білікті мамандарды оқу орнында дәріс беруге шақыру көзделген. Еліміздегі білім жүйесін әлемдік деңгейде жетілдіру басты міндеттердің бірі, – деді Халықаралық бизнес университетінің ректоры Дархан Ахмед-Заки. Келесі күні жалғасын тапқан шарада «Корпоративтік басқару университет стратегиясы табысының кепілі» және «Академиялық саясатты әзірлеу  тәжірибесі» атты тақырыпта Дархан Ахмед-Заки мен Серік Өмірбаев баяндама жасады. Аймақтық семинарда жоғары оқу орындарының академиялық қызметкерлерінің университеттің академиялық саясатын қалыптастыру саласындағы құзыретін жетілдіру, оқу орнының академиялық саясатын қалыптастыру және енгізу дағдыларын меңгеруде оң нәтижелері күтіледі.

Екі күнге созылған семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.

Сара АДАЙБАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 желтоксан 2017 г. 852 0