БОЛАШАҚҚА БАТЫЛ ҚАДАМ

Еліміздің өткені мен ертеңі жайлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын қоғам қауымы зор қызығушылықпен танысып, зерделеу үстінде. Бұл қазіргі ғаламдастыру заманындағы түйткілі көп проблемалардың шешімі айтылған ерекше құжат екені даусыз. Мақала атауындағы «рухани жаңғыру» тіркесінің өзі жұртшылықты ұлт болашағы хақында көп ой-толғамдарға жетелейді.

Шындығында қазіргі күні адам баласының мінез-құлқы мен сана-сезімі тез өзгеріске ұшырап жатыр. Себебі, дүниенің өмір сүру заңдылықтары жылдам жаңғырып, бәсекелестіктің қарқыны арта түсуде. Алайда, халқымыз бұл өзгеріс жолында Елбасы айтқандай: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды». Сондықтан біздің ел өз ұлттық құндылықтары мен рухани байлығынан нәр алып, заман ағымына ілесіп ғана қоймай, көшбастаушылар қатарынан орын алуы қажет.

Бұл ең бірінші ұлттың ұлттық санасының қалыптасуына ерекше мән берілуі керек. Ұлттық сананың негізі – тарихи таным, тарихи сана-сезім. Адам өзінің қайдан шығып, қалай жаратылғанын білмей, бұл өмірге келуінің мақсатын да түсіне қоймайды.

Сонымен қатар, жаңарған қоғамның жастары жаңа ұлттық саясатты түсінуі және меңгеруі – уақыт талабы. Ұлттық саясат – бір мемлекетте тұратын әртүрлі этностардың, этностық топтар мен диаспоралардың арасындағы қарым-қатынастарды реттеу. Өркениетті мемлекеттерде ұлттық саясат этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтауды және нығайтуды мақсат етеді. Сондықтан ұлтаралық қатынастарды, ұлт мәселесін және ұлттардың өзін-өзі билеуі мәселесін шешуге, реттеуге бағытталған ұлттық саясатқа деген зәрулік әлем мемлекеттерінің басым көпшілігіне тән құбылыс. Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында қазіргі ұлттық саясатты жүргізудің бір әдісі – оларға басқалардың құндылықтарына еліктеп кетпейтіндей деңгейде ұлттық болмысымызды насихаттай білу. Әрине, бұл – олар басқа ұлт пен ұлыстардың озық үлгілерін үйренбесін, олардан тыс қалсын деген сөз емес. Бұл жердегі басты мақсат – тұтастық, бірлік, елдік мәселесі.

Келесі мәселе – ұлттық сананы жетілдіру. Елімізде тарихи сананы қалыптастыру – ел бірлігінің кепілі, ол тұтас руханиятқа жеткізеді.

Ұлттың болмысы, санасы, дәстүрі мен салты, кәсібі, ұстанымы, т.б. да бірде кертіліп, бірде жетіліп ғасырлармен бірге жасасып келеді. Бәрінен де бұрын тарих – тәрбиеші, ұлттың бағдаршамы, жол сілтеушісі. Бағдары жоқ ел де, оның азаматтары да тарих айдынында адасары анық. Өз уақытында Ә.Бөкейханов: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады… Дүниеде өзге жұрттар қатарында қор болмайын, «тұқымым құрып қалмасын» деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып-білуге тиіс болады», деп жазған болатын. Сондықтан ол жетекшілік еткен Алаш азаматтары қазақ болмысын айқындайтын рухани құндылықтарға ерекше көңіл бөліп, ұлт тарихын, ұлттық сананы қалыптастыратын, бір жүйеге түсіретін істерге ерекше назар аударды.

Алайда, Кеңес өкіметі ұстанған саясат Алаш азаматтарының бұл ойын жүзеге асыртпады. Өйткені, ол тұстағы ұстаным бойынша аз, кіші халықтардың мемлекет субъектісі ретінде өз тарихтары болмайды, ол тек үлкен тарихтың объектісі деп түсіндірілді. Осы ұстаныммен бұрынғы ұлт-азаттық көтерілістер бүлікшілік ретінде бағаланып, оның жетекшілері тарихи тұлға емес, елге іріткі салушы деп қараланды. Ал Ресей империясының өзінің шет аймақтарын жаулап алуы бұратана халықтарды өркениетке бастау, жақсылыққа жетелеу, көзін ашып, көкіректерін ояту деп түсіндірілді.

Қазір біз тәуелсіз даму жолындағы елміз. Алайда, үш ғасырдан астам уақытқа созылған Ресей империясының, кейінгі Кеңестер Одағы жүргізген саясаттың үстемдігі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанынан кейін де бірден жойыла қоймайды. Өйткені, ол отарланған халықтың рухани өміріне тереңірек тамыр жіберді. Кезінде Қайта өрлеу дәуірінің ірі ойшылы Никколо Макиавелли ұзақ уақыт отарланған халықтың санасында үстемдік еткен ұлттың тілі, діні, мәдениеті сақталып қалатыны жөнінде ескерткен болатын. Ал, Кеңес Одағында басқа халықтарды ұлтсыздандыру саясаты ғылыми негізде, жүйелі түрде оқулықтарға енгізіле отырып жүргізілді.

Ұлттың тарихи санасы дегеніміз – күрделі феномен. Оның қалыптасуында, дамып-жетілуінде мемлекеттің ролі ерекше. Жеке адам да, ұлт та ұзақ уақыт тәрбиеден өту арқылы өз бойына ұлтжандылық, ізгілік, басқа ұлттармен бейбіт қатынаста өмір сүруге бейімделу секілді қасиеттерді жинақтайды, ұрпақтарының бойына дарытады. Не болмаса, ұлтсыздану үдерісіне жол беріліп, кеңестік интернационализм кезіндегідей ұлтты ұйыстыратын ұйытқыларды жоғалту мақсатын көздеген саясат жүргізіледі. Құлдық психология – ұлтымызға ұзаққа созылған отарлық саясат, кейін кеңестік дәуір дарытқан ең сорақы, ең зұлым, ең қасіретті құбылыс. Ашаршылық, соғыс, індет, қуғын-сүргін секілді зұлматтар қоғамның кемел тұлғаларының түбіне жетті, аман қалғандардың рухани дүниесін жұтатты, қандай да жолдармен, әртүрлі сорақы әдістермен өзін-өзі қорғау, жан сақтау инстинктін дамытты, сөйтіп, оларды «өз ұлтым», «өзге ұлт» дегенге үйрететін дербес ұлттық санасынан ажыратып, өзіндік өмір сүру әліппесінен айырды, мәңгүрттену үдерісі жалпыхалықтық сипат алды.

Бұл ұлт санасының терең дағдарысқа ұшырауына, ұлттық намыстан жұрдай болуға алып келді. Осыдан келіп, ұлттық тарихи санасы тұтаспаған ұрпақ пенделіктің небір түрлеріне барып, ұлт беделін түсірді, мазақ бола жүріп, мақтан қуды, дақпыртқа, даңғазаға қосылды. Өз дамуында алға кеткен халықтың озық жетістіктерінен саналы түрде үйренудің орнына, Абайша айтсақ, «өзгеге жатып жастық, тұрып төсек болып, жалпақшешейлік танытты», билік басындағылардың алдында табынды. Бұл үдеріс әлі тоқтар емес. Сөйтіп, саналы адами, рухты, ұлттық болмысы бар азаматтар сиреді.

 Соған қарамастан, өткен тарихымызға көз жүгіртсек, қазақ халқы өзінің табиғи дарыны, тарихи-саяси, қоғамдық ахуалына байланысты, батырлары мен билерінің ерен еңбегінің арқасында ұлттық сананың халықтық құндылықтарын бойларына терең сіңіре білген.

Қазіргі халықаралық саяси қатынастарда ұлттық мүдде мәселесі ерекше маңызға ие. Қазақ ұлтының ұлттық мүддесі оның ана тілін сақтауға, демократиялық ахуалының жақсаруына, ұлттық төл мәдениетінің дамуына, салт-дәстүрінің сақталуына, әдебиеті мен ғылымының өркендеуіне, рухани мұраларының жаңғыруына байланысты. Ұлттық мүдделеріміздің іске асуы оның тарихи кеңістікте ұзақ өмір сүруін қамтамасыз етеді. Ал сол мүддені іске асыратындар – білікті, білімді, ұлттық рухы мен санасы барлар.

Міне, осындай адамдар, егемен елдің жастарына үлгі болар тұлғалар, тәуелсіз елімізде шетқақпайлық көрмей, бойындағы бар қасиеттері мен қабілеттерін жастарға беруіне мемлекет тарапынан жағдайлар жасалуы керек. Әрине, ұлттық сананың қалыптасуы түрлі шаралармен, заң жолымен біте салатын нәрсе емес, ол үшін әр қазақтың өз ұлтының, ата-бабаларының алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білуі, осы жолда күресе білуі керек.

Қазіргі жаһандану заманында тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын, басқа да қоғамдық гуманитарлық ғылымдарды жетілдіру біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағыттары болуы керек. Осының айғағы ретінде 1995 жылы «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» қабылданғанын, 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланғанын, ал 2004 жылғы 13 қаңтарда «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы өмірге келгенін және әлемде теңдесі жоқ бұл бағдарламаның күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып жатқанын, тағы басқаларын айтсақ та жеткілікті.

 Алайда, әлі де болса, кеңестік дәуірдің тар шеңберінде қалған тарихымызды, қоғамдық-философиялық ойымызды әлемдік биікке көтеру басты мақсатымыз болып қала береді. Қазіргі уақытта Қазақ елі көшпелілер өркениетінің орталығы, түркі халықтарының атажұрты ретінде әлемге таныла бастады, осындай жағдайда өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау ұлттық идеямыздың құрамдас бөлігіне айналуы қажет.

Бұл үшін әрбір ұлт азаматтарының ар-ожданы мен намысын оятқан абзал.

Ал ұлттық намыс – ар-ожданнан бастау алатын, отансүйгіштікпен ұштасып жатқан рухани құндылық сезім. Ұлттық намыс адамның ұлттық құндылықтарының маңызын түйсінуден туындап, халқының мұң-мұқтажын түсініп, туған елін қорғауымен сипатталады. Ұлттық намыстың негізгі көрінісі адамның туған еліне сүйіспеншілігінен, төл мәдениетіне деген құрметінен байқалады.

Қалай болғанда да, қазіргі жаһандану заманында өзінің ұлттық бірегейлігін терең ұғынған, соған орай қимылдайтын халық қана алпауыт мемлекеттердің жемсауында кетпей, тарих сахнасында сақталып қала алады.

Елбасы атап көрсеткендей, «Ұлттық кодымызды» өзгелерге мойындатқымыз келсе, жасампаздыққа ұмтылуымыз қажет. Сондықтан ұлт  болмысындағы туа біткен дара қасиеттерін одан әрі жетілдіріп, білім мен мәдениеттің озық үлгілерін ала отырып, рухани жаңғыруға бет бұрсақ, болашағымыз жарқын болады деп сенемін.

Ербол АБЕНОВ,

Қызылорда мемлекеттік университеті

«Қазақстан тарихы» кафедрасының

доценті, саяси ғылымдарының кандидаты.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 желтоксан 2017 г. 1 064 0