« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бұқарбай батыр ауылындағы «Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл сайын ел ырысы – Сыр күрішінен мол өнім өндіріп келеді.
Бірлігі жарасып, еңбек дәстүрі қалыптасқан берекелі ұжым биылғы жылғы егін жинау науқанын табысты қорытындылады. Серіктестік бойынша 1461 гектар күріштің әр гектарынан 70 центнерден өнім алуды қамтамасыз етті. Сөйтіп, облыс орталығында өткен мерекелік «Алтын дән-2017» салтанатында күзгі егін жинау науқанының қорытындысымен «Байтабын» ЖШС-ның төрағасы Сапарбек Мыханов «2017 жылдың озат шаруашылығы» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Диқан еңбегімен өсірілген егінді ысырапсыз жинап, қамбаға құйып алған шаруашылық еңбеккерлері күзгі сүдігер көтеру жұмысына қызу қарқынмен кіріскен болатын. Күзгі егін жинау науқаны кезінде жатка, комбайнға отырып, күріш орып, бастыру жұмыстарына қатысқан механизаторлар Рүстем Төреқұлов, Әділбек Пірімжанов, Файзрахман Іскендіров, Мусабек Смайловтар сүдігер айдау кезінде де егіс танабында уақытпен санаспай еңбек етті. Сөйтіп, серіктестік бойынша 1200 гектар жердің сүдігері айдалып, бұл жөніндегі жоспар ауданда бірінші болып аяқталды.
– Келешек мол өнім негізін қалау сүдігер жұмысының атқарылуына байланысты. Сондықтан сүдігер жұмысын сапалы атқарып, толық аяқтадық. Сонымен бірге келер жылдың егісі үшін қажетті тұқым жеткілікті мөлшерде құйылып алынды, – дейді серіктестік басшысы С.Мыханов.
Бүгінгі таңда шаруашылықта еңбек өнімділігі жоғары заманауи техникалармен толық қамтамасыз етілген. Орталық қырманда күріш тазалайтын агрегаттарымен мемлекеттік стандартқа сай астық сақтайтын қоймалар бар. Мұнда еңбек ететін 110 адам ай сайын жалақыларын алып тұрады. Еңбек дәстүрі қалыптасқан бірлігі бекем шаруашылық еңбеккерлері жыл сайын ел ырысы – Сыр күрішінен мол өнім өндіріп, ауданда алдыңғы қатарда келеді.
С.Мыханов басқаратын серіктестік биылғы жылғы көктемгі егіс жұмыстарына да жан-жақты әзірлікпен келген еді. Көктемгі егіс алқабында алғашқы тұқым себу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Аймақ басшысы диқан-механизаторлармен кездесіп, «Биыл берекелі мол өнім алыңдар», – деп тілек айтқан болатын. Ал ауыл ардагерлері ақ бата беріп, алғашқы тұқым себілген еді. Жастың тілегі, үлкеннің батасы қабыл болды.
Биыл серіктестік бойынша 1461 гектар күріш агротехникалық талаптарға сай орналастырылды. Мерзімінде минералдық тыңайтқыштар беріліп, күтімге алынған егіс алқабы жайқалып, бітік шықты. Күзгі егін жинау науқаны кестеге сәйкес қарқынды жүргізілді және науқан кезінде тапсырмаларын асыра орындаған сушы-механизаторлар арасында ынталандыру шаралары ұйымдастырылды. Егінжай ерлері егіс алқабында уақытпен санаспай еңбек етті. Сөйтіп, егін жинау жұмысы аяқталып, «балапанды санайтын» мезгіл де келіп жетті. Диқан қауымның жаз бойы төккен тері, еткен еңбегі еш кетпеді. Биыл да байтабындықтар 1461 гектар күрішті орып-бастыру жұмыстарын ауданда бірінші болып аяқтап, әр гектардан 70 центнерден өнім алды. Сонымен бірге келер жылдың егісі үшін тұқым сақтау қоймасына 360 тонна 1 репродукциялы күріш тұқымы құйылды.
Сапарбек Мыханов осыдан 18 жыл бұрын «Байтабын» шаруашылығын құрған кезде елдегі қалыптасқан жағдай біршама күрделі болатын. Қаржы, жаңа, өнімді жұмыс істейтін техника жетіспеді. Біртіндеп барлығы жөнге келді. Сапарбек ең алдымен елдің бірлігін сақтауды мақсат етті. Жұмысшы-қызметкерлерден әлеуметтік көмегін алмады. Олар өз кезегінде шаруашылықтың берекелі ұжымға айналуына сүбелі үлестерін қосып, аянбай еңбек етті.
Ж.ӘЛМАХАН.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |