БАРДЫ БАҒАЛАП, БОЛАШАҚТЫ БАҒДАРЛАЙЫҚ

Адамзат баласы дүниеге шыр етіп келген жеріне кіндігімен байланады. «Туған жер» деген қасиетті ұғымды төбемізге қойып, қастерлейтініміз де сондықтан. Қаз басқан қадамымызға, жетістіктерімізге, ат жалын тартып азамат болғанымызға  куә болған сол аяулы мекен туралы естеліктер әрбіріміздің жүрек түпкірімізде сақтаулы. Күнделікті күйбең тірліктен қол босамай, туған жерге ат ізін салмай кетсек те, оған деген ықыласымыз әрбіріміздің көңіл төрімізде тұр. 

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген болатын.

«Сыр бойы» газеті барша оқырмандарына туған жері, ауылы туралы толғаныстарын қағаз бетіне түсіріп, редакцияға жолдауды ұсынып отыр. Туған жер туралы мақалалардан жер-су аттары, ауылдың тарихы,  елге тұтқа болған азаматтар туралы тың деректер, тағылымды ойлар күтеміз.

Туған жерге шынайы сүйіспеншілікті арттыру, өз ауылының патриоты болу – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бөлігі. «Елу жылда – ел жаңа» екенін күнделікті өзгерістерден байқап жүрміз. Бір кездері шағын ғана «Қызылдихан» колхозы атанған, кейінірек Партияның ХХІ съезі атындағы кеңшар, ал Тәуелсіздік жылдары осы колхозды құрып, басқарушы болған Оспан Мәлібаев атамыздың есімін иеленген шаруашылық бүгінде Президент Жарлығымен іргелес жатқан Тереңөзек кентіне қосылды. Қазіргі таңда тұрғындар «Оспан Мәлібаев шағын ауданы» деп айдар тағып, атау қойып алған. Бұл атау келешекте ресми түрде бекітілуі де әбден мүмкін.

Тәуелсіздіктің тәтті жемісін көріп отырған шағын аудан тұрғындарының үйлеріне таза ауыз су құбырлары тартылған. Ешкім көше кезбейді. Ең көрікті де ұзын көше – Социалистік Еңбек Ері Қасым Бөдеев атамыздың есімімен аталады. Осы көше бойында мектеп, медпункт, мешіт, пошта байланысы ғимараттары, сондай-ақ кәсіпкерлердің 3 азық-түлік дүкені бар. Тағы бір іскер азамат Сейфолла Анасов заман талабына сай келетін 150 адамға арналған тойхана құрылысын салып, пайдалануға берді.

Түн мезгілінде самаладай жарқыраған көше бойы көрікті қаладағыдай жақсы әсер қалдырады.  Орталықтан агроөнеркәсіптік кешен құрылыстары салынып жатыр. Мұнда заман талабына сай қырман, астық сақтайтын қоймалар, машина, трактор паркі, асхана, офистік және кеңселік ғимараттар бар. Облыс көлемінде аталған кешен алғаш рет жобаланып, ел игілігіне берілуге жақын. «Қызылдихан» шаруа қожалығы (төрағасы Алдаберген Құлбаев) жыл сайын егіннен мол өнім жинап, облыс пен ауданда чемпион атанып келеді. Биыл да аудан көлемінде топ жарды.

Жаңадан 10 тұрғын үй құрылысы салынып, пайдалануға берілсе, биыл 3 көше асфальтталып, тағы 4 көшеге тас төселді. Кең көлемді көшелер айбынды азаматтар есімін иеленуде. Мысалға айтар болсақ, Қызылдихан көшесі Оспан Мәлібаев  атамыздың атына, 1 май көшесі журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері Бәкір Өтепов атына берілді. Алдағы уақытта Тереңөзек, Жалағаш трассасы бойына тұрғын үйлер салу, 200 орындық клуб үйі мен стадион салынады деп жоспарлануда. Бір сөзбен айтқанда, шағын аудан жыл санап жаңарып, жасарып келеді. «Елге ел қосылса – құт» деген осы-ау, сірә?!

Тұрғындардың жергілікті атқарушы орындарға қойып жатқан талап-тілектері мен өтініш-ұсыныстары да біртіндеп шешіле бастады. Мәселен, кенттегі Қазантаев көшесінің аяқ жағынан шағын аудандағы Қ.Бөдеев көшесіне дейінгі аралықта жаяу жүргіншілерге арналған жүргінші жолы салынып, жұртшылық қуанышқа бөленді. Алдағы уақытта бұл тротуар № 131 орта мектепке дейін созылатын болады. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары дайын. Осы тротуар жол бойына түн мезгілінде кісілер жүру үшін электр шамдарын жүргізу, Айтбай арығы мен Элеватор аралығындағы бос жерге мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Қазантаев атында аллея ашу жөніндегі өтініш те зерттеліп жатыр. Себебі, бұл жер екі елді мекенді қосып тұр. Жасыл желек егіп, орындықтар орнатып, тіпті субұрқақ салып, тұрғындар демалатын, түрлі игі шаралар өткізетін аллея ашуға өте қолайлы. Бір жағынан Айтбай арығы арқылы аяқ су жетіп тұрса, екінші жағынан А.Оразбаева көшесі бойынан ауыз су құбыры өткізілген. «Кезінде шаруашылықты алға бастырған Қ.Қазантаевтың және колхоз бастық болған О.Мәлібаевтың еңбектері зор. Сол себепті аллея осы кісілердің бірінің атымен аталса, дұрыс болар еді» дейді ағайын.

Шаруашылықтан кезінде 3 бірдей Еңбек Ері шыққан, соның бірі Дүйсенбай Керейтбаевқа кент ішінен көше берілсе, Қасым Бөдеев атамыздағы көше жоғарыда айтылғандай, мөлтек ауданның ортасын қақ жарып жатыр. Даңғайыр дихан, Социалистік Еңбек Ері Ибадулла Ақниязовтың есімін бір көшеге беру де өз шешімін табарына ел сенімді.

Тағы бір өзекті мәселе бар. №131 орта мектеп жанындағы әдемі саябақты темір қоршаумен қоршап, орта жақ тұсына үш Еңбек Еріне арналған мемориал тақта орнатса – нұр үстіне нұр. Жас ұрпақ өз аталарын мақтан тұтып, сол кісілердің атқарған ісінен үлгі-өнеге алып, патриоттық сезімі оянар еді. Осы жерде шаралар өткізуге де мүмкіндік туады. Себебі, мұнда волейбол, баскетбол және футбол ойнауға арналған спорт алаңы бар. Түрлі жарыстар өткізуге қолайлы, демек бос жатқан саябақты тиімді пайдалануға тырысуымыз қажет. Қорыта айтқанда, Рухани жаңғыру – ел дамуының кепілі, ұлтжандылықты өркендетудің төте жолы. Сондықтан да қолда барымызды бағалап, болашағымызға бағдар жасап, жас ұрпағымызды заманға сай азамат етіп тәрбиелеуге атсалысайық, ағайын!

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ.

Тереңөзек кенті.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 желтоксан 2017 г. 677 0