3000-ҒА ЖУЫҚ ҚАЗАЛЫЛЫҚҚА ЖЕР БЕРІЛЕДІ

Алдағы уақытта 3000-ға жуық қазалылыққа жер беріледі. Ал болашақта Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының арасында үйлер мен небір ғимараттар салынып, ол орталыққа айналады. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте аудан әкімі Мұрат Ергешбаев осылай мәлімдеді.

Жер кезегіндегі тізімді азайту үшін 5 жаңа аймақты игеру басталып кетті. Жуырда ғана Әйтеке би кенті мен Басықара автожолы бағытындағы 56 гектар жерге инфрақұрылым желілері тартылып, 200 адамның үй салуына мүмкіндік жасалды. Қалған 180 және 210 гектар аумақтан тағы 1000-нан астам адам үмітті. Қазір мұнда жол салынып, жарық, су, газ құбырлары тартылып жатыр. Қазалы қаласындағы 180 гектар жер учаскесі де әне-міне дегенше қызу құрылыс алаңына айналады. Одан бөлек, 81 гектар аумақты инфрақұрылыммен жабдықтау жобасы дайын боп қалды. Бұл аралықтан тағы 1000-ға жуық жер учаскесі ашылады.

– Ауыл шаруашылығымен айналысуға жер көлемі жеткілікті әрі ауданның әлеуеті жоғары. Осы бағыттағы 1,5 млн гектар аумақтың әзірге бар болғаны 30 пайызы ғана пайдаға жарап тұр. Біз мұны арттыруға тиіспіз. Түгендеудің нәтижесінде бүгінде 28 жеке және заңды тұлғадан 19 809 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ендігі жерде бақша егіп, мал бағатын шаруашылықтар санын көбейтуге мүдделіміз, – деді М.Ергешбаев.

Жыл басынан беру ауданда 9,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл салаға 135 млн теңгенің инвестициясы салынды. 17 000 гектар жерге әртүрлі дақылдар, 6700 гектар жерге күріш егілді. Сыр салысының әр гектарынан 45 центнерден өнім жиналды. Нәтижесінде қамбаға 30 мың тоннадан астам астық құйылды. «Сыр маржаны» ЖШС Иран Ислам Республикасының сұранысы бойынша «Торем Хошеми» сортты күріш егетін болды. Келер жылы егістік көлемін 150 гектарға ұлғайтпақ. Аталған компания одан бөлек, ет экспорттайды. Мұндағы мал бордақылау алаңында 770 бас мал бордақыланып, сатылды.

Өткен жылға қарағанда мал басының артқанын статистика көрсетіп отыр. Мүйізді ірі қара – 103, қой – 108,5, ешкі – 103,7, жылқы – 120,1, түйе – 113,9 пайызға көбейген. Төрт түліктің негізгі бөлігі – жеке адамдар мен шаруа қожалықтарының үлесінде. Есепті кезеңде 4375,3 тонна ет, 12564 тонна сүт өндірілген. Бұл өткен жылғыдан 102 пайызға жоғары. «Дипломмен – ауылға» баратындардың көбі – мұғалім, дәрігер, аяжандар. Олардың үй сатып алуына бюджеттен несие түрінде 325 млн теңге қаралып, әлеуметтік қолдау ұсынылып, игерілді.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Әйтеке би кентінде аудандық аурухана ашылады. 150 орынға лайықталған нысанның құрылысы былтыр басталған болатын. Жанқожа батыр ауылында салынып жатқан спорт кешені келесі жылы пайдалануға берілмек. 2018 жылдың еншісінде басқа да жұмыстар бар.

– Кенттен 600 орындық мәдениет үйі мен аудан әкімдігінің ғимаратын бастауға 400 млн теңге қаржы бөлінді. Жаңа тұрғын үй аймақтарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 300 млн теңгенің жобасы қолдау тапты. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына сәйкес Әйтеке би кентінде 18 пәтерлік жалдамалы көпқабатты 6 үй салу жобасы әзірленді, – деді аудан басшысы.

Аудан орталығында тұратын отбасылардың 49 пайызы от жағып, күл шығару машақатынан құтылған. «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы үйлерге газ желісін қосу үшін тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасап отыр. Шығынды қалтасы көтермейтіндер пайызсыз, бөліп төлей алады. Осы себепті жыл аяғына дейін газ тұтыну көрсеткіші 75 пайызға дейін жоғарылауы мүмкін. Биыл облыстық бюджет қаржысы есебінен 12 әлеуметтік нысан газға қосылды. Алдағы уақытта бұл тізім тағы 147 мекемемен толығады.

М.Ергешбаев аудан жолдарының тең жарымына жуығының сапасы сын көтермейтінін айтты. Сапаны көтеру үшін көп уақыт, үлкен күш, қомақты қаржы керек. Биыл аудандық маңыздағы автомобиль және елдімекенішілік көше жолдарын жөндеуге 562 млн теңге бөлініп, біршама жұмыс атқарылды. Бұл қарқын әлі де үдей түседі.

– «Әлсейіт» көпірінің мәселесі халықты көптен толғандырып жүрген еді. Бұл мәселе өткен айда шешімін тапты. Сөйтіп, темір-бетон көпірдің құрылысы басталды. Жұмыс аяқталғасын дарияның арғы бетіндегі 15 мың адам аудан орталығына төте жол арқылы қатынай алады, – деді М.Ергешбаев.

«Өз күніңді өзің көр» дейтін заманда халықты бизнеске бейімдеу маңызды. Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 400 адам қысқа мерзімді қайта даярлау курсынан өтсе, 211 адам кәсіптік оқуға жіберілді. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 222 адам білімін толықтырды. Нәтижесінде 289,4 млн теңгенің 59 жобасы қаржыландырылып, 75 жаңа жұмыс орны ашылды.

– Жұмыссыздық деңгейі – 5 пайыз. 1182 жаңа жұмыс орны ашылды. Он айда жұмыс іздеп хабарласқан 2652 адамның 994-і тұрақты жұмысқа орналасты, – деді аудан әкімі.

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 желтоксан 2017 г. 510 0