Салық саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар: сипаты мен залалы

Салық мемлекеттік бюджеттің негізгі кіріс көзі болғандықтан, оның уақытында және толығымен мемлекет қазынасына түсіп отыруы күрделі де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Салықтан жалтару фактілері бюджет қазынасының толмауына қауіп келтіреді. 

Салық төлеуден жалтару дегенiмiз – салық және басқа да төлемдер түрiндегi бюджетке мiндеттi төлемдердiң мөлшерiн төмендетуге немесе мүлдем жоюға бағытталған салық төлеушiлердiң мақсатты iс-әрекеттерi.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының заңнамалары мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктер қарастырады.

Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің басым бағыттарының бірі көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру, салықтық және қаржылық қылмыстарды ашу болып табылады.

Салық саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде ағымдағы жыл басынан бері 47 қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген, оның ішінде:

- банкроттық кезіндегі құқыққа сыйымсыз әрекеттері бойынша – 5 қылмыстық іс,

- салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару деректері бойынша – 27 қылмыстық іс,

- Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу жағдайларымен  – 6 қылмыстық іс,

- мүліктік пайда алу мақсатында кәсіпкерлік субъектісінің іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей жалған шот-фактура жазу бойынша  – 9 қылмыстық іс болды.

38 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, оның 17-сі сотқа жолданды.

Аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекетке 3 млрд. 39 млн. теңге залал келтірілген, оның – 1 млрд. 567 млн.  теңгесі өндірілді және 380 млн. 280 мың теңгенің мүлкіне тыйым салынды. 

Салық саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарында, әсіресе, орындалмаған жұмыстар мен алынбаған тауарлар үшін  жалған шот-фактура жазу әрекеттері белең алуда. Аталған бағытта жедел іздестіру іс-шаралары күшейтілген негізде жүргізілуде. Соңғы айларда ғана аса ірі көлемде залал келтірілгендер қатарында мынадай мысалдар бар:

Маусым айында жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Ж.С. деген азамат 160 млн. теңгеге жалған шот фактура жазып беру қылмысы  үстінде ұсталып, ҚР ҚК-нің 216-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

01 қарашада осындай әрекет барысында Ә.А. деген азамат ұсталды,  жалған шот фактура жазылған сома 217 млн. теңгеге тең, ҚР ҚК-нің 216-бабының 2-бөлігімен тіркелген қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

21 қарашада тіркелген  қылмыстық іс азамат Б.Л.-ға қатысты,  тауарлар тиеп-жөнелтілмей-ақ 386 млн. 643 мың теңгеге жалған шот фактура жазып бергені үшін ҚР ҚК-нің 216-бабының 3-бөлігімен тіркелген іс бойынша  сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Аталған әрекеттердің барлығы құрылыс жұмыстары мен құрылыс тауарларын қамтиды. Яғни, қай жерде қарқынды қызмет немесе өндіріс болса – сол саладан күрмеулі қаражат қымқырушы тұлғалар табыла кетеді.

Бұл – салықтан жалтарумен күресуге бағытталған жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана. Экономикалық тергеу қызметі – жазалаушы орган емес, қылмыстарды анықтап, оның алдын алуды мақсат тұтады.

Облыс және қала көлемінде кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерін бизнес жүргізу барысында адалдыққа және заң бұзушылыққа жол бермеуге шақырамыз, өйткені ҚР Конституциясына сәйкес, салық төлеу әр азаматтың, тұлғаның борышы мен міндеті болып табылады.

Н.Ергешов,

Қызылорда облысы бойынша МКД

Жедел іздестіру қызметі басқармасының басшысы

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 желтоксан 2017 г. 3 738 0