ТАРИХИ МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ ШЕШІМ

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтылады. Бұл – тарихи маңызы жоғары, ел-жұрт болып мән беретін оқиға.
Латын қарпіне көшу жайы кеше басталған жоқ. Ол тәуелсіздік алған жылдардан бері күн тәртібіндегі мәселеге айналып келеді. 2006 жылы Елбасы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес» – деген еді. Ал, «Қазақстан-2050» стратегиясында латын әліпбиіне 2025 жылы толық көшетініміз жайлы кесімді сөз айтылды.
«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады», – деді Мемлекет басшысы.
«Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» Парламентте де талқыланды. Алқалы жиында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек әліпби ауыстыру таза тілдік жайттарға қатысты туындап отырғанын жеткізсе, Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталықтың директоры Ербол Тілешов төл дыбыстарымызды диграфтар (ә-ае, ө-ое) арқылы сақтауға болатынын мәлімдеді. Дегенмен, диграфтар мәселесі көпшіліктің қолдауына ие бола алмады. Сол себептен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс атқарып жатқан жұмыс тобының мүшелерін қабылдады.
Отырыс барысында Президентке латын әріптері түріндегі қазақ әліпбиінің қоғамдық талқылау кезіндегі ұсыныстарды ескере отырып әзірленген бірыңғай стандартты жобасы таныстырылды. Латын әліпбиіне көшу тек бүгінмен өлшенетін дүние емес. Қазір қазақ тілінің жаңа алфавитіне қатысты сауал көптің талқысына түсуде. Халық латын алфавитін қолдап отыр. Тіпті, Президент Әкімшілігіне 300-ден астам ұсыныс келіп түскен. Осы ретте ғылыми орта да, жастар да, қоғамдық ұйымдар да әліпбиді талқылауға белсене қатысқанын атап өткен жөн. Әлеуметтік желіде де басты тақырыпқа айналды.
Көпшіліктің пікірі ескеріле отырып жасалған қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартты жобасында тілдік ерекшелігімізге мән берілгені көрініп тұр. Орыс тілділер үшін кириллица бұрынғысынша қалатын болады. Бұған дейінгі ұсынылған алфавитте 26 әріп болса, жаңа нұсқада олардың қатары 32-ге жеткен. Демек, жетілдірілген деген сөз.
Елбасы «2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан, біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек» – деп атап көрсетті.
Ол кезең де таяп қалды, сондықтан, біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Елбасы мақаласында Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек деп көрсетіледі. Сондай-ақ, латыншаға көшудің терең логикасы бар екені баса айтылады. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергі болмақ емес. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс дейді.
Осы ретте еліміздегі көптеген газет Ұлы Отан соғысына дейін латын әліпбиімен басылғанын айта кеткен дұрыс болар. Осы өлкенің ата басылымы саналатын «Сыр бойы» газеті де, 1940-шы жылға дейін жарық көрген аудандық, аймақтық газеттер де латынша шығарылған. Мерзімді басылымдарда аймақ халқының тыныс-тіршілігін, еңбеккерлер мен шопандардың жетістігін, сұрапыл соғыс пен тылдағы жанкешті еңбек¬тің көрінісін, тәуелсіздік жылдары еліміз бен облысымыздың өсу, өркендеу жолдары кеңінен насихатталды.
Сөзіміз дәйекті бола түсу үшін нақты деректерге тоқталайық. «Еге¬мен Қазақстан» (Социалистік Қазақстан) газетінің  1942 жылғы нөмірлерінің бірінде: «Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы «Ленин» атындағы колхоздың колхозшылары жаңа алфавитке «Стахановшы» әдісімен екі күннің ішінде көшті» деген деректер кездеседі. Бұл сол кездегі технологиямен жасалған мүмкіндік. Оның үстіне Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кез. Ал, бүгінгідей жаһанданған заманда жаңа әліпбиге көшу аса қиындық тудыра қоймасы анық. Облыстық «Сыр бойы» газеті де еліміздегі байырғы басылымдардың қатарына жатады. Әріптесіміз Гүлжазира Жалғасованың архив деректеріне үңіліп, «Сыр бойының» ескі тігінділерін парақтап жазған мақаласында латын әрпінен кириллицаға көшер кезде екеуін қатар қолданғаны айтылады. 1939 жылы газеттің сол кездегі «Ленин жолы» деген атауы латиницамен де, кириллицамен де берілген. 1941 жылдың басындағы нөмірлерде «Жаңа әліппені оқып үйренейік», «Жаңа алфавитке көшу жолында», «Жаңа алфавитті үйренуде» деген мақалалар басылған. Бұл біздің қаламгерлердің мұндай жауапты жұмыста тәжірибелері бар екенін айқындайды. Оның үстіне қазіргі журналистер үшін латын жазуы аса қиындық тудырмайды деген ойдамыз. Өйткені, бүгінгідей ғылым мен техника дамыған заманда өмір ағысына ілесу үшін жан-жақты болу керек. Қазірдің өзінде аймақ қаламгерлері ғаламтор арқылы латын қаріптерін қолданып жүр. Интернеттің алдында отырған баладан қарияға дейін латын әріптерін меңгерген десек артық айтқандық болмас. Бұл – бүгінгі шындық. Ал, шындыққа тура қарау, тура қарап қана қоймай, замана ағысына ілесу әрбір қазақстандықтың парызы деп санау қажет.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 желтоксан 2017 г. 585 0