Тұңғыш Президент күнінде Шиелі ауданында бірнеше әлеуметтік нысанның лентасы қиылып, пайдалануға берілді. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы, мәслихат хатшысы Болат Сыздықов және аудан ардагерлері, мекеме басшылары мен ауыл әкімдері қатысқан шараларда әуелі елдің ынтымағы, бірлігі мен даму барысы сөз етіліп, Елбасы бағдарламаларының жергілікті жерлерде тиянақты орындалуына қанағаттанғандық сезім білдірілді.
Тартоғай ауылы – Шиелі ауданындағы іргелі елді мекеннің бірі. Мұнда соңғы жылдардың өзінде бірнеше әлеуметтік нысан іске қосылып, халықтың игілігіне жарап келеді. Ал айтулы мереке қарсаңында мұнда жаңадан салынған медициналық пункт ашылып, салтанатты шара өткізілді. Онда аудан әкімі ел Тәуелсіздігін алған жылдардан бері ауылдың көркейіп, келбеттене түскенін алға тартты. – Міне, бүгінгі шара сол жетістігіміздің бір белгісі, – деді. Ол орта және шағын кәсіпкерлікті өрістету мәселесі туралы әңгіме өрбітумен бірге, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қатар дамыған ауданның келешегі мұнан да жарқын боларын тілге тиек етті. Осы шара барысында аудан ардагерлері атынан Пердәлі Архабаев, ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбай Әлсейтовтер атқарылған жұмыстарға сүйсіністерін білдіріп, тұрғындар атынан ризашылықтарын жеткізді.
Тартоғай ауылында соңғы жылдары орта және шағын кәсіпкерлікке ден қойып, белгілі дәрежеде жетістіктерге жетіп жүрген тұрғындар қатары да баршылық. Соның бірі жеке кәсіпкер Нағашыбай Серікбаев «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан 2,3 млн теңге қаржы алып, наубайхана ашып отыр. Күніне 205-300 бөлке нанынан бөлек тапсырысқа сай тоқаш, самса, шелпек пісіріледі. Кәсіпкер «Өңірлік инвестиция орталығынан» тағы да 3 млн теңге несие алып, өзінің өндіріс орнын кеңейту барысында еңбектеніп отыр.
Осыдан соң Ортақшыл ауылында ауылдық округі әкімдігінің ғимаратын ашу салтанатына куә болған қонақтар жаңа ғимараттың өте ыңғайлы жұмыс орны екендігіне сүйсінді. Жобалық құны 36950 мың теңге болатын кеңсе 4 ай мерзім ішінде салынып, пайдалануға беріліп отыр. Оның бас мердігері «Real Stoy Invest» ЖШС, Мердігер компания басшысы Жандос Ақжігітов бастаған құрлысшылардың ғимаратты неғұрлым сапалы әрі көрікті етіп салуға талаптанғандары көрініп тұрды. Салтанатты ашылу шарасынан соң қонақтар аталған ауылдағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарының барысымен танысты. Осы күні дарияның арғы бетіндегі Қызылқайың ауылында да қуанышты жағдай – медициналық пунктің ашылуы өткізілді. Аудандық емхананың бас дәрігері Я.Шорабаев денсаулық саласындағы жұмыстар туралы баяндап, елдің емделуіне толық жағдай жасалатындығына сендірді.
Жуантөбе ауылдық округінің орталығы Алғабас ауылында 600-ге тарта отбасы, 3200 халық тұрады. Бұл ауылда түрлі әлеуметтік нысандар салынуымен көркейген елді мекен. Осы күні мұнда да ауыл әкімдігінің ғимараты ашылды. Оған 30 млн теңгеден астам жергілікті бюджеттен қаржы жұмсалған. Аудан әкімінің сөзінен соң ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Әріпхан Жақипов өз алғысын білдірді.
– Аудан халқын түрлі көкөністермен қамтамасыз ететін жылыжайларды молайтуды қолға алғанбыз. Мұнда жаңа жұмыс орындары ашылумен қатар жыл бойы тұрғындардың таза көкөніс өнімдерін тұтынуына мүмкіндік ашылады. Кәсіпкерлікті қолдау шаралары үздіксіз жүргізіліп отырылады. Осы мүмкіндікті әрбір ауыл әкімі жете сезініп, жақсы жұмыс ұйымдастыруы керек. Ендігі жылы Шиелі ауданының құрылғанына 90 жыл толады. Соған орай 90 шара өткізу жоспарымызда бар. Елбасы бағдарламаларын өз дәрежесінде жүзеге асырумен қатар әрбір елді мекеннің көркейіп сәулеттене түсуі үшін де жанды басшылық керек, – деген аудан басшысы осы орайдағы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Бұл жеке кәсіпкер Жеңсікбаевтың жылыжайы басында болған әңгіме. 0.17 гектар жерге сарымсақ өсіруді қолға алған кәсіпкер бұл дақылды өндіруге аз шығын жұмсалып, мол табыс алуға болатындығын айтты. Қазан айында сарымсақты отырғызып, небәрі екі рет қана суардық, ал наурыз айында жинаймыз, деген кәсіпкер өз тәжірибесімен бөлісті. Шара соңында бүгінгі жиынның тәлімі мол болғандығын ардагер Е.Шәдібеков, кент әкімі Ғ.Аманжоловтар сөз етісіп, ой бөлісті.
Ақмая ауылында «Аймира» атты жаңа балабақша ғимаратының ашылу салтанаты өткізілді. Онда аудан әкімі сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады. Ол өз лебізінде әлеуметтік саладағы жетістіктер тізбесінің молдығын тілге тиек етті. Өз кезегінде ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Палмағанбетов, әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Нұрымбетқожаева балабақша иесі Жәмила Әділбекованың жұмысына сәттілік тіледі.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.