Елбасы «100 жаңа есім» жеңімпазына лауазымды қызмет ұсынды

Нұрсұлтан Назарбаев жас ғалым Зарина Сауытбаеваның Астана қаласындағы онкологиялық орталық басшысы болуға лайық екенін айтып өтті, деп хабарлайды Baq.kz.
ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев жас ғалым Зарина Сауытбаеваның жетістіктерін жоғары бағалады. Бойжеткен — «100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының бірі.
«Қазір бұл мәселені (онкологиялық аурулар) әлем мамандары шешуге тырысып жатыр. Мен медицина саласын үнемі бақылап отырамын. Оған көп қаражат бөлініп, ғалымдар осы мәселемен айналысуда. Мамандар 2040 жылға дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын дәрі ойлап табуға уәде етті. Ал Қазақстанда бұл мәселені бәрінен бұрын шешу мүмкіндігі туып отыр. Қазір менің тапсырмаммен арнайы онкологиялық орталық құрылып жатыр. Меніңше, сен осы орталықтың басшысы болуға дайынсың», — дейді Елбасы.
Назарбаев университетінің ұстазы әрі ғалымы Зарина Сауытбаева өз кезегінде онкология саласындағы жетістіктері туралы айтып берді.
«Оқу барысында біздің зерттеу тобы қатерлі ісіктің пайда болуына әкеліп соқтыратын ақуыз түрін анықтады. Дипломды осы тақырып төңірегінде қорғадым. Кезекті демалыс кезінде Қостанайдағы онкологиялық диспансерде тәжірибе жинақтадым. Сол кезде қиналғаным рас. Себебі, ұйқысыз түндер өткізіп, кей тәжірибемнің нәтижесі сәтсіз болды. Бірақ қазір орындалмаған нәрсе ертең жүзеге асуы мүмкін екенін жақсы білдім», — дейді Зарина Сауытбаева.
Ғалымның айтуынша, ол Қазақстанға оралғаннан кейін онкологиялық аурулармен күресетін халықаралық ұйымның мүшесі болған. Мұнымен қатар, Гарвардтың медицина мектебіне шәкіртақы ұтып алған.
Естеріңізге сала кетсек, күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездескен болатын.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 желтоксан 2017 г. 512 0