ТАРИХТЫ ЖАСАҒАН ТҰЛҒА

Бүгін Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында Тұңғыш Президент күніне орай «Елін сүйген Елбасы» атты мерекелік шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.

«Тарихты тұлғалар жасайды» дейді халық даналығы. 1991 жылғы 1 желтоқсанда мемлекет тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев сынды дана перзентіне сеніп тапсырған ел үміті ақталды. Тұңғыш Президентіміздің халықтың болашағына, мемлекеттің тұтастығына, Конституцияның мызғымастығына кепіл болған кемел ісінің арқасында еліміз әлемдік даму сатысына көтерілді. Осы жылдар ішінде Қазақстанның қол жеткізген барлық табысы мен жетістігінің басы-қасында Елбасының тұрғаны ертеңіміз үшін – тарих, болашақ ұрпақ үшін – ұмытылмас шежіре.

– Әр ұлттың тарихын қалыптастырған тұлғалар болады. Олар қаншама уақыт өтсе де сол ұлттың мұрасы ретінде санаға бекіп, адамзаттың ортақ құндылығына айналады. Бұл ретте егемен Қазақстанның негізін салудың және нығайтудың тарихи миссиясы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тиесілі, – деген облыс әкімінің орынбасары көпшілікті мерекемен құттықтады.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының жуырдағы Сыр еліне сапарын аймақ тарихындағы елеулі оқиға ретінде атап өтті. Сапар барысында Елбасы «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту жобаларымен, «Қорқыт ата» мемориалды кешенінің, сондай-ақ өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысанның, өндірістік кәсіпорынның жұмысымен танысып, облыстың даму қарқынын оң бағалады.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға жалғасты. Онда С.Байсейітова, Ж.Оразғұлов, А.Мұхамеджанова сынды жергілікті өнерпаздар, «Сыр сандуғаштары» балалар вокалды тобы Елбасы өмірімен сабақтас әндерді орындады. Сондай-ақ мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі өнер көрсетті.

Н.САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2017 г. 574 0