ЕЛБАСЫ ЖЕЗТАҢДАЙ АТАҒАН ӘНШІ

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «... Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын» дейді. Осы ретте Сыр елінің перзенті, Елбасымен бірге Украина жерінде бірге оқыған Әбіләш Әбуов жайында сөз қозғасақ.

«Тәуелсіздік алған кезең. Алғашқы қадамдар жасалып жатқан сәттер. Бұл кезде дүние жүзіндегі күллі қазақ баласы «Қазақ өз алдына тәуелсіз ел болды», – деп қатты қуанған, қуанышын жасыра алмаған шақ. Алматыда дүниежүзі қазақтарының құрылтайы шақырылған болатын. Осыған орай облыс, тіпті, біздің Шиелі ауданы да арнайы киіз үй тікті. Жұрт алдында өнер көрсететін өнерпаздардың қатарында Әбіләш аға да бар еді. Елбасы отырған киіз үйге ол кісіні арнайы шақыртты. Әбіләш аға болса мені де қоса ертіп барды. Алдымен домбырасын құшақтап Әбекең кірді, артынан ілесіп мен де Президент отырған киіз үйге ендім. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев орнынан тұрып: – Жезтаңдайым, келдің бе, – деп төс қағыстыра құшақтай сәлемдесті. Бұл кезде екеуінің арасы тым жақын екені, Елбасының достықты аса жоғары бағалайтыны бірден сезіліп тұрды».

Қазақстанның мәдениет қайраткері, белгілі жырау, Нартай өнер мектебінің директоры Құрманбек Бекпейісов бір кездері осылай тебірене баяндап, Елбасының Әбіләш Әбуовті ерекше ықыласпен қарсы алғанын айтқан еді. Бұл оқиғаны көзбен көрмесем де, құлақ құрышым қана тыңдадым.  Себебі, жақын адамдар ғана, бір-бірін жақсы сыйлайтын, құрметтейтін, қадір тұтатын жандар ғана ілтипат танытып, бірінің алдында бірі екіншісін жоғары бағалай алады. Осы кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевтың Әбіләш Әбуовке  «Жағдайың жақсы ма?», «Қандай көмек керек?» деген сауалдарына да «Барлығы жақсы» деп қана жауап қайтарған көрінеді.

Әбіләш  Әбуов  1936 жылы  Шиелі ауданының  Бестам  ауылында дүниеге келген.  Алғаш  Ворошилов  атындағы 7 жылдық  мектепте,  кейін аудан  орталығындағы № 45  қазақ  орта  мектебінде  оқыған. Жасынан  өнерге  бейім Әбіләш  бастауыш  сыныптарда  жүрген кезінен  әнші  екенін  көрсете білген. Бала кезінен түрлі әндерді нақышына келтіре орындаған ол өз бетімен көптеген ұлттардың әнін салуға машықтанған. Есейе  келе  өзінің  әншілік шеберлігін  жетілдіре  түседі. Назарын халық әндеріне аударған ол  «Ағайша», «Игигай»  сынды халық  әндерімен  Жаяу  Мұсаның  әндерін  құйқылжыта  орындап,  тыңдаушысын  тәнті ете білген. Оның өнерге, әнге деген қызығушылығы қайда барса да, қай жерде жүрсе де айналдырып алып келіп қолына домбыра ұстата берді. Қай ортада болса да өзінің Сырдың азаматы екенін естен еш шығармаған. Тіпті, Елбасымен бірге Украина жерінде білім алып, оқыған кезінде де қазақ балаларының туған жерге, өскен ауылға, ағайынға, елге деген сағыныштарын басу үшін көптеген  әндерді орындап жүрген. Сөзіміздің дәлелі ретінде сол кезде Прзидентпен бірге оқығандардың қатарында болғанын күллі Қазақстан білетін демограф-ғалым, саясаттану ғылымдарының докторы Мақаш Тәтімовтің естелігінен үзінді келтіре кетейік.

– Сүйсіне айтып кетуге тұрарлық бір жағдай – сол 72 қазақстандық жігіт­тің ешқайсы жаман болған жоқ. Бар­лығы бірдей демесек те, көбі алға шы­ғып, еліміздің белгілі азаматтары болды: техника ғылымдарының док­торы, Қазақстан ғылымы мен тех­никасына еңбек сіңірген қайраткер Қай­рат Исламқұлов, белгілі термеші Әбіләш Әбуов, еліміздің Жоғарғы сот Төрағасы болған Мақсұт Нәрікбаев, ауыл шаруашылығы маманы Ыс­майыл Оразбаев, республика радио­телеторабын басқарушы Айдархан Қасымбеков, мектеп завучі Естан Жүнісов, Мәжіліс депутаты Сатыбалды Ибрагимов, фермер Бекболат Мұха­метжанов, ұстаз Әсет Кәрімов, кәсіпкер Замандун Имандунов, тағы басқалар. Өкінішке орай, қайтыс болып кеткендер де аз емес, мысалы, Баубек, Бәкір, Тұрсын, Сауытбек, Әбіләш, Ырысбек сияқты жолдастар... Бізбен бірге бес өзбек жігіт – Акбар, Ахмет, Құрбан, Досмат, Орман, үш ұйғыр жігіті, бір кәріс, бір орыс, бір қырғыз жігіттері де оқы­ды – деп еске алады. Украинаның Днепродзержинск қаласында оқып жүргенде Әбіләш ағай «Еңбек резервтерінің ән-би ансамблінің» мүшесі болған.  Бұл да “өнер десе ішкен асын жерге қоятын” Әбіләштің әнге, өнерге деген құмарлығын бұрынғыдан да арттыра түседі. Жатса, тұрса домбырасын жанынан тастамайтын болады. Сол арқылы туған жерін қадір тұтатын арда азамат екендігін айғақтай білді. «Еңбек резервтерінің ән-би ансамблінің» белді мүшесі бола жүріп, теледидарда Жамбылдың «Слушай степь акына»  деген өлеңін домбырамен орындап, көрерменін де, тыңдарманын да таң-тамаша еткен.

Ә.Әбуов 1953 жылы  аудандық  көркемөнерпаздар  байқауына қатысып, ел ағаларының алдында өнер көрсетеді. Осы байқауда  жезтаңдай  әнші,  суырып  салма  ақын  Нартайдың назарына ілініп, батасын алған. Сырдың, Арқаның, Жетісудың ән айту мақамдарын үйреніп, қазақ даласындағы дәстүрлі ән орындаушылардың бірнеше мектебін меңгерген. Ол  1961-1966 жылдарға дейін Ленин ауылында шопан болып, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлдегер атанған. 1966 жылы Қазақстан комсомолдарының ХІ-ші съезіне делегат болып, концертіне қатысқан. 1967 жылы «Сыр-сұлуы» ансамблімен Алматыда, Москвада болып, Нартайдың «Октябрь Ұлы мейрам, ұлы күн» әнін орындап, қос Астана жұртшылығын риза етіп, қол соқтырған. 1972 жылы «Сыр сұлуы» фильм концертіне қатысып, Нартай әндерін орындаған. 1975 жылы Қызылордада өткен жеке әншілердің байқауына қатысып, Бүкілодақтық         І дәрежелі дипломмен марапатталды. 1985 жылы «Нартай» әндері атты пластинкасы жарық көрді. 1986 жылы Алматыда өткен Қызылорда мен Орал облыстық ақындар айтысында Нартайдың «Ыбырай Жақаев» атты өлеңімен халықты тамсандырады. Ол өзінің әншілік өнерін педагогикалық жұмыспен қатар алып жүрді. 1994 жылы Алматыда өткен «Шиелі мәдениеті Алматыда» атты сапармен өнер көрсетіп, бұл жолы Мәдениет Министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Бір кездері Арзулла Молжігітов бұл кісіні “Алты Алашқа ән асырған Әбіләш” – деп атаған екен. Ә.Әбуов қазақ даласында кездесетін дәстүрлі әндердің көбін, алғашқы қалпынан айнытпай, тыңдаушысын тәнті етіп шырқайтын көрінеді. Бір өзі Арқа мен Жетісудың орындау шеберліктерін алып, оны сыр мақамымен ұштастыра білген көрінеді. Оның бұл өнері талайды еріксіз таңдай қақтырып, қол соғуға мәжбүр еткен. Кеңестік дәуірде қайнаған еңбекке біте қайнаса араласып кеткен Әбіләш қолына қойшы таяғын алып, шопан да болған. Оның өнерге, әнге деген сүйіспеншілігі ақыры қойшы таяғын домбыраға айырбастатады. Кезінде Әбекеңнің көзі тірісінде әншілік мектебі қалыптасқан болатын. Алайда, кейіннен жабылып қалды. Бұл іс қайта қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді.  Оны толыққанды зерттеп, келешек ұрпаққа саф таза, сапалы күйінде ұсыну бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған істердің бірі. Әбіләш ағайдың жалғыз ғана өлеңі бар екен. Көп орындалмағандықтан ол өлеңнің өзі ұмыт қалудың сәл-ақ алдында десек те болады. Оның сөзін де, әнін де Әбіләштай жезтаңдай әнші шығарған. Ел-жұрт білсін, өнертанушылар мен әнші-термешілер назарына алсын деген ниетпен Әбіләш ағамыздың  «Ризамын өнерге» атты өлеңін арнайы беріп отырмыз.

Қаратау туған жерім Сырдың бойы,

Кең алқап ырысты өлке, бай қойнауы.

Халқымның алдындағы қызыметім,

Мен үшін демалыстың ақ жайлауы.

Қ-сы

Ой-хой жалған,

Өнерге ризамын ел таныған.

Еңбегім ел дәстүрін селдеткендей,

Өнердің шаттық жолын көрсеткендей.

Жасымнан халық алды ақ сахнам,

Бесігін ән мен жырдың тербеткендей.

Қ-сы

Халқымның жүректегі арманындай,

Мәңгілік ой түбінде самға ұдай.

Жастарым жалындап өс жас шағыңда,

Қалмасын өнер сыры ақтарылмай.

Бұл өлеңнің мәтінін «Нартай» өнер мектебінің директоры Қ.Бекпейістен көшіріп алдым. Ол кісі бұл әнді қалай орындау керектігін білетінін, алдағы күндері «Нартай» мектебінің қызметкерлері мен шәкірттеріне үйретуді жоспарлап жатқанын айтқанда «төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалғандай» қатты қуандым.

Дауыс шеберлігімен, ерекше орындаушылық қабілетімен тыңдаушысын баурап алатын өнер иесі Әбіләш Әбуовтің шығармашылығы толық зертеуді қажет етеді. Біздің бұл жазған бұл мақаламыз әсем әнімен елді тербеген табиғи дарынның қыр-сырын толық ашты деуден аулақпыз. Себебі, Әбіләш кең көлемді тақырып. Оны оқыған сайын білгің келеді, білген сайын зерттегің келеді.

Азиз БАТЫРБЕКОВ. 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2017 г. 1 044 0