Қазақстан-Беларусь: Өзара серіктестік нығая береді

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласына барды. Екі күнге жоспарланған сапар аясында Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжым­дық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысады деп күтілуде.
Минскіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен шақырған Беларусь басшысына алғысын білдірді.
«Бұл кездесуіміз екі мемлекеттің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толған айтулы датамен тұспа-тұс келіп отыр. Осы жылдар аралығында Қазақстан мен Беларусь мықты экономикалық және саяси базасы бар қарым-қатынас орнатқанын айта кету керек. Тарихи тұрғыдан қысқа уақыт ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Біз қиын жағдайларда екіжақты ынтымақтастықтың мықты саяси базасын құрдық. Мемлекеттеріміз ашық әрі сенімді қарым-қатынастағы берік әріптес болып саналады», дей келе Нұрсұлтан Назарбаев Александр Лукашенконың еңбегін атап өтті.
«Мемлекетіңіз үшін сіздің атқарған еңбегіңіз зор. Беларусьтің ауыл шаруашылығы өнімдері мен машина жасау саласындағы жетістіктері әлемге кеңінен танылып үлгерді», деді Елбасы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастығының даму қарқынына оң баға берді.  Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстанда Беларусьтің 260 кәсіпорны, 6 автомобиль жасау зауыты жұмыс істейді.
«Қазақстан белорус жерінен ауыл шаруашылығы және жиһаз өнімдерін импорттайды. Осы кездесу барысында Қазақстанға БелАЗ өнімдерін жеткізу туралы келісімшарт жасалмақ. Жаңа техника жеткізу, тасымал сапасын арттыру да дами түседі деп ойлаймын», деді Елбасы. Сондай-ақ Қазақстан басшысы ортақ интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Қазақстан мен Беларусьтің экономикалық тұрғыдан өзара тығыз іс-қимыл жасап отырғанына тоқталды.  Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Беларусь арасындағы достық қарым-қатынасты жоғары бағалады. «Екі мемлекет арасындағы стратегиялық қарым-қатынас өте жоғары деңгейге жетті. Мемлекеттеріміздің арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнаған», деп атап көрсетті Елбасы.
«Инновациялық жетістіктеріңізді арнайы көрме барысында таныстырады екенсіздер. Қазақстан да барынша инновациялық дамуға ерекше көңіл бөліп келеді. Яғни бізде ортақ тақырып көп. Әрине екі мемлекет арасындағы тауар айналымының деңгейі төмендеп кеткен кездер болды. Бірақ биыл бұл көрсеткіш бірден 60 пайызға артты», деді Нұрсұлтан Назарбаев.  Қазақстан Президентінің айтуынша, мемлекеттер арасында кедендік кедер­гілердің болмауы сауда айналымын бұл деңгейден де арттыра түсуге септігін тигізе алады. Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­станның мультимодельді көлік дәлізіне айналғанын атап өтті. «
Бүгінде Қазақстан арқылы Беларусь пен Еуропа елдеріне жыл сайын 136 мың тауар контейнері өтеді. Бұл біздің мемлекетіміздегі көлік саласына көп пайда әкеліп отыр. Сондықтан бұл саланың болашағы зор деп ойлаймын», деді Елбасы.  
Беларусь Прези­денті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевтың белорус халқына деген жылы лебізін білдіріп жүретінін айтты. «Беларусьтің Қазақстанға деген сыйластығы ерекше. Біз Қазақстанның күннен-күнге дамып келе жатқанына куәміз. Астана – өте керемет қала. Менің ойымша, сіздің қазіргі жұмысыңыз ғасырларға қаланатын, ұрпаққа қалатын ескерткіш. Беларусь Қазақстаннан көп нәрсе үйреніп жатыр. Кейбір құрылыс элементтерін елімізге көшіріп жатқанымызды да айта кеткім келеді», деді А.Лукашенко. 
Бұдан кейін өткен кеңейтілген құ­рам­дағы келіссөз барысында Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың тәуелсіздік жыл­дары стратегиялық жетістіктерге жет­кеніне, екі ел арасында ешқандай саяси, эко­­но­микалық немесе басқа да пробле­ма­лар жоқ екеніне, бұл бірге тығыз жұ­мыс іс­теуге зор мүм­кіндік беретініне тоқтал­ды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда 6 автокөлік құрастыру зауытының жұмыс істейтінін атап өтті.
«Бүгін біз осы күнге дейін орнаған серіктестігімізді одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, ынты­мақтастық деңгейін арттыру туралы айтатын боламыз. Ал бизнес-форум аясында қол қойылатын келісімшарттар соған септігін тигізеді деп ойлаймын», деді Елбасы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь тарапының астық жи­­науға арналған техникаларды бірле­сіп құрастыру туралы ұсынысын қолдай­тынын айтты. Келіссөз барысында Александр Лука­шенко әлеуметтік-экономикалық серік­тес­тіктің 2026 жылға дейінгі бағдарла­масы екі мемлекеттің ынтымақтастығын арттыра түсетініне сенім білдірді. Со­нымен қатар ол өз елінде 500-ден астам қазақстандық білім алып жатқанын айтты. «Біз мәдениет, білім, ғылым саласында да екіжақты серіктестікті арттыруға дайынбыз», деді Александр Лукашенко. Оның айтуынша, Қазақстан Беларусьтің транзит бойынша да маңызды серіктесі болып қала береді.
«Екі мемлекет арасында ынтымақтастық бұл салалармен шектелмейді. Мысалы Қазақстандағы алғашқы бауыр трансплантациясы операциясына Беларусь мамандары қатысты», деді А.Лукашенко. Оның сөзіне қарағанда, екі мемлекет арасындағы қазіргі ынтымақтастық деңгейін арттырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе беру керек. Беларусь Президенті өз сөзінде «Биыл Беларусь – Қазақстан байланыстары барынша жемісті болды. ШЫҰ саммиті аясында конструктивті кездесу өтіп, жоғары лауазымды тұлғалардың сапары болды. Беларусь Қазақстанда өткен ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты. Бұл біздің қарым-қатынасымыздың одан әрі нығаюына серпін берді», деді Александр Лукашенко. Оның айтуынша, Беларусь пен Қазақстанның екіжақты байланысты кеңейтуге мүмкіншілігі көп.
«Өнімдер мен қызметтерді сату нарықтарын кеңейтуде өзара инвестиция мен өндірісті жандандыру маңызды бағыт болуы керек. Әлемдік алаңда табысты жұмыс істеу үшін ЕАЭО аясында меншікті трансұлттық корпорация құру қажет. Мұндай ауқымды жоспарларға қажетті ресурстар бар. Бүгін біз Үкіметтің білімнен бастап логистикаға дейінгі салаларда корпорациялар құру ұсыныстарын мақұлдадық», деді Александр Лукашенко. Сонымен қатар ол «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Ұлы тас» қытай-белорус индустриялық паркінің арасында тығыз байланыс орнату керектігін айтты.  Келіссөздер барысында Александр Лукашенко мәдениет күндерін жиі өткізіп тұруға шақырды.
«Бұл Қазақстан мен Беларусь халқына бір-бірінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін жақынырақ тануға мүмкіндік береді», деді ол.  Кездесу соңында Қазақстан мен Бе­ла­русь Президенттері бірлескен мәлім­деме жасады. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер барысында сауда-эко­номикалық қарым-қатынастарға бас­ты назар аударылғанын атап өтті.
«Қазақ­станның тау-кен өндірісі комбинаттары Беларусьтің жүк көліктері мен ауыр техникаларын қолданады. Бизнес-форумда да осы техникаларды сатып алу көлемін арт­тыру туралы келісімдер жасалатын болады», деді Қазақстан Президенті. Елба­сы одан әрі транзит-көлік саласында да серіктестікті дамытудың маңы­зы­на тоқталып, Қазақстанның бірінші индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасы мен «Нұрлы жол» бағдар­ламасы туралы айтып өтті.
«Біз 2015-2017 жылдары Қытай мен Ресей шекарасында 2500 шақырым темір жол салдық. 4 мың шақырым заманауи автокөлік жолы салынды. Бұл Беларусь тасымалдаушыларына да зор мүмкіндік ашты», деді Елбасы. Оның айтуынша, соңғы алты жылда Қазақстан мен Беларусь арасындағы тасымал деңгейі 100 есе өскен. 2018 жылы бұл көрсеткіш екі есе өседі деп жос­парланып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 аясында арнайы IT-парк ашылатынын айтып, осы салада екіжақты серіктестікті арттырудың маңызын атап өтті. «Қазақстан мен Беларусь арасында әртүрлі салалар бойынша 70-тен астам келісімшарттар жасалған. Бүгін де бірнеше құжатқа қол қойылды. Тәуелсіздік жылдары барлық сала бо­йынша серіктестігіміз артып, жоғары деңгейге жетті», деді Елбасы.  
Кездесуге Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Сырты істер министрі Қай­рат Әбдірахманов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаме­ди­ұлы, Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрі Дәурен Абаев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Қор­ғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Ал­пыс­баев, Қазақстанның Беларусь Респуб­ли­касындағы елшісі Ермұхамет Ертісбаев қатысты. Келіссөздер нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лу­ка­шенко Қазақстан мен Беларусь арасын­дағы әлеу­меттік-экономикалық ынты­мақ­тас­тық туралы шарт пен 2026 жылға дейінгі ынтымақтастық бағдарламасын бекітті.
Сондай-ақ Қазақстан мен Беларусь Сыртқы істер министрліктері ара­сындағы 2018-2019 жылдарға арнал­ған ын­тымақтастық жоспарына, Қазақ­стан Үкіметі мен Беларусь Үкіметі ара­сын­дағы бұқаралық ақпарат құралдары сала­сындағы ынтымақтастық туралы ке­лісімге, Қазақстан Үкіметі мен Беларусь Үкіметі арасындағы өнеркәсіптің қор­ғаныс саласындағы ұйымдарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациялары туралы келісімге, Қазақстан Мәдениет және спорт ми­нис­трлігі мен Беларусь Спорт және туризм министрлігі арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған дене тәрбиесі және спорт саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына, Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі мен Беларусь Мәдениет министрлігі арасындағы мә­дени ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға, Қазақ­стан Ұлттық ғылым академиясы мен Бе­ла­русь Ұлттық ғылым академия­сы ара­­сындағы ғылыми-техникалық ынты­мақ­тастық туралы келісімшартқа қол қойылды.
Елбасының Беларусь Республикасына жұмыс сапары аясында Минскіде Қазақ­стан-Беларусь бизнес-форумы өтті. Оған екі мемлекеттен 350-ге жуық биз­­нес өкілі қатысты. Форум барысында екі мемлекеттің инвестициялық мүмкін­­дік­тері таныстырылып, екіжақты ынтымақ­тастық пен оларды дамыту жолдары талқыланды. Сонымен қатар форум аясында екі мемлекеттің жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, азық-түлік және тау-кен өндірісі, металлургия кәсіпорындары арасында екіжақты іскерлік кездесулері өтті. Форум аясында Беларусь тарапы арнайы көрме ұйымдастырып, 55-тен астам компания өнімдері таныстырылды.  Бір айта кетерлігі, Қазақстан ТМД мемлекеттерінің ішінде Беларусьтің негізгі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 364,5 млн долларды құ­раса, биыл 8 айда бұл көрсеткіш 375,6 млн долларға жетті.  1996 жылдан бері Қазақстан – Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Биыл 21-22 қыркүйекте Қарағандыда комиссияның 13-ші отырысы өткен болатын.

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2017 г. 737 0