Елбасы Н.Назарбаевтың Сыр бойына жасаған жұмыс сапарлары қашанда халықтың рухын көтеріп, елдің еңбекке деген құлшынысын еселейтінін көріп те, сезіп те келеміз.
Президенттің аймағымызға аяқ басқан биылғы сапарында да рухани өмірімізге ерекше реңк берілді.
Сапар барысында түркі әлемінің абызы «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне келген Елбасы кешендегі жаңа музейдің жәдігерліктеріне назар аударды. Әрине, бұл жәдігерліктер қай елден, қай жерден келген тамашалаушылар үшін де «біздерде мынадай бар» деген мақтаннан маңызды, дәлірек айтқанда, ұлттық діліміздің, рухи тініміздің бір үзігі.
Киелі топырақта өткізіліп келе жатқан «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» деп аталатын дәстүрлі халықаралық музыкалық өнер фестивалі осы сөзімізге айғақ. Әлемнің көптеген елінен келетін өнерпаздар бас қосқан сайын біз түркінің түбі бір екеніне көз жеткізе түсеміз. Сағымнан озған сарынды салған қобыз бен дутардың, сыбызғы мен шатханның, дойра мен рубабтың рәуіш ырғағы құлағымызға туған бабамыздың талып естілген үніндей ыстық һәм жағымды. Елбасы өзінің рухани жаңғыруға қатысты бағдарламасында «ұлттық код» терминін тегіннен-тегін қолданған жоқ. Шын мәнінде ұлттық рухқа оралу халқымыздың әлем алдындағы беделі мен бедерін асыра түсетіні ақиқат. Қорқыттың терең тағылымы мен өлмес күйлерінің өзіндік ролі де осында.
Қорқыт кешенінің басындағы сөзінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәңгі өмір тұрағын іздеген ұлы бабамыздың арманы мен Мәңгілік ел мұратын жоқтаған Елбасының жасампаз ісін сабақтастырды. Мұның кездейсоқ сәйкестік еместігін әрбіріміз жүрекпен ұғамыз. Ұлы Қорқыт мәңгілік өмірді халқы үшін іздеді, Ұлт көшбасшысы Мәңгілік Елді ұрпақ үшін көздеді.
Осыдан мың жарым жыл бұрын билік құрған бабамыздың бабасы Бумын елхан өзі құрған қағанатты Мәңгілік ел деп атаған екен. Сол ұлы ханның бастамасын 21-ғасырда жаңғыртқан Елбасының көрегендігі емей не, ерлігі емей не?!
Елбасы сапарындағы әсерлі сәттің бірі Қызылордадағы «Арай» спорттық-сауықтыру кешеніндегі сырбойылық жастармен кездесуі болды. Жүздері бал-бұл жанған жастардың Елбасымен кездескен кездегі қуаныш-шаттықтары көз алдымызға Сыр ананың күміс суынан маржан шашылғандай шырай-күй әкелді. Елбасы әрбір жастың жанына аялдап, қолдасып амандасты.
Германия елінде өткен бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевпен қол алысып: «Ендігі кезекте алтын ал!» деді жас боксшыға сенім артып. «Сол сенім бойыма құрыш пен беріштен құйғандай күш сыйлады. Мойныма бұрынғыдан екі есе жауапкершілік жүктеді. Елбасы сенімі – ел үміті, мен оны міндетті түрде ақтауға тиіспін» деді боксшы кейінірек бізбен кездескен бір сәтте.
Осылайша, Елбасы сапары кезінде жас сырбойылықтар ерекше көңіл-күйге кенеліп, әдемі әсерге бөленді. Сыр халқы Елбасының өзі «Алаштың анасы» атаған Қызылорда өңіріне деген айрықша қомқорлығына аса риза сезімде екендіктерін жиын-сұхбаттарда жиі қайталап жүр. Расында, елін өрге, елдігін төрге шығарған тұлғаның тұғыры Мәңгілік елдің алтын діңгегімен қосыла өрілген тарих сыйы.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.