Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай кездесу кеші өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық этномәдени бірлестік басшылары мен белсенді мүшелері қатысты. Салтанатты жиын оқушылардың арнайы дайындаған «Ел тірегі – Елбасы» атты әдеби композициясы орындалуымен басталды.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жиылғандарды мерекемен құттықтады.
– Елімізде қоғамдық-саяси тұрақтылық пен мемлекеттің қауіпсіздігі орнықты. Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті отандастарының үміті мен сенімін арқалаған дара тұлға екенін уақыт көші дәлелдеп берді. Қазақстан қай салада болмасын қарқынды дамыды. Еліміз саяси және экономикалық салада жүргізілген реформалардың арқасында бүгінгі деңгейге жетті. Елбасы өз елін әлемге таныта білді. Ұлтымыздың болашағы баянды, келешегі кемел болсын, – деді ол.
Кездесуде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын орындау мақсатында облыстық ассамблея «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы мен «Өңірлік қайырымдылық жасаушылар форумы» секілді жобаларды іске асырғанын атап өтті.
– Елбасы басшылығымен Қазақстан өз мемлекеттілігін барлық нышандары бар, этносаралық және конфессияаралық келісіммен жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстың өкілі бейбіт өмір сүріп, еңбек етіп жүрген, тең құқылы мемлекет ретінде қалыптастырды. Елімізді тар жол-тайғақ кешу талай кезеңдерден сүріндірмей, әлем мойындаған мемлекеттің негізін қалады. Сондықтан елдегі игіліктердің барлығы Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасы тәуелсіздік жылдары Қызылорда облысының, ондағы еңбексүйгіш халықтың ертеңіне қажетті бірнеше ірі жобалардың іске асуына бастамашы болды. Елбасының Сыр еліне жасаған әрбір сапарынан мұндағы халықтың келешекке деген сенімі арта түсті, – деді.
Кездесу барысында Елбасы өмірінен сыр шертетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы деректі фильмнің көрсетілімі болды. Сондай-ақ, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымдарының өкілдері, этномәдени бірлестіктің жетекшілері сөз сөйлеп, мерекелік күнге орай ой-пікірлерін ортаға салып, жылы лебіздерін білдірді.
Шынар БЕКБАН.