1991 жылы 1 желтоқсанда біздің елімізде бірінші рет халықтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президентінің бірінші сайлауы болды. Оның қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланды. Мемлекет басшысы сайлауға қатысқан сайлаушылардан 98,78 пайыз дауысын алып, керемет жеңістің биік тұғырынан табылды. Бұл ең алдымен егемендікке енді еркін қадам баса бастаған республика басшысының сол кездің өзінде халықтың үлкен сеніміне ие болып үлгергенін танытты. Бұл көрсеткіш оның жаңа саяси жүйедегі Президент лауазымына қаншалықты лайық екенін нақты айқындап берді. Тап осы 1 желтоқсан еліміздегі ең бір елеулі күндердің бірі ретінде тарихта мәңгіге қалды. Сондықтан да ол 2011 жылғы 14 желтоқсанда «Президент күні» ретінде тәуелсіз Қазақстанның мерекелері тізіміне ресми түрде енгізілді.
Ақиқатын айта кетуіміз керек, мұның алдында, 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында тағайындалған президенттік лауазымның иесі болған Нұрсұлтан Назарбаев республика электоратының ерік-жігерімен қайта сайланғанға дейін-ақ Қазақстанның нақты егемендігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірнеше аса маңызды мемлекеттік актілерге қол қоя алатындай жеткілікті беделде болды. Осы жолда ол ең алдымен 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлық шығарып, ел-жұрттың зор қошеметіне бөленді. Сол жылғы 25 қазанда Президент республиканың Қауіпсіздік кеңесі мен Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру жөнінде шешім шығарды. Мұның алдында «Одаққа бағыныстағы мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақ КСР-нің қарауына алу туралы» және «Қазақ КСР-нің алтын және алмас қорын құру туралы» деп аталатын Жарлықтар өмірге келді. Ал енді қалыптаса бастаған жаңа жағдайда республиканы барынша тұрақты да басқаруға ыңғайлы саяси жүйеге келтіру үшін президенттік билік институтын енгізу айрықша керек болды.
Нұрсұлтан Назарбаев Президент ретінде бірінші рет 1991 жылғы 10 желтоқсанда инаугурация өткізіп, Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындай отырып, көпұлтты республика халқына адал қызмет етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепіл болуға, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға ант берді. Бұдан кейінгі өткен ширек ғасырдан астам уақыт Мемлекет басшысының сол антын тұтастай және толығымен орындап келе жатқанын көрсетті. Ол осынша мерзім аралығында елімізді әлем танитын, мойындайтын әрі санасатын дәулеттер қатарына жеткізді.
Қазіргі заманғы Сингапурдың негізін қалаған Ли Куан Ю мырзаның: «Адам бүгінгіні жақсы сезініп, ертеңіне сеніммен қарау үшін алдымен кешегісін, өз халқының тарихын білуі керек. Болып жатқан оқиғаларды біліп отыру ғана емес, сонымен бірге, неге бұлардың олай емес, бұлай болып жатқанын біліп отыру да маңызды. Бұл – жекелеген тұлғалармен бірге, тұтас ұлт үшін де керекті нәрсе» дегені бар. Бұл қағида бізге Елбасы үшін арналып айтылғандай болып естіледі. Еліміздің тәуелсіздік жылдарынан бергі тарихымен бірге жасасып келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы «мың өліп, мың тірілген» қазақтың арғы-бергі шежіресін кез келген тарихшының деңгейінде біліп қана қоймай, сол бабалар жүріп өткен жолдағы өнегелі істерден үлгі ала білетіндігімен де ерекшеленеді. Оның бойында айқын көрінетін көшбасылық қасиеттер бұрынғы өткен тарихымыздан да мол хабары бар екенін байқатады. Біздіңше, Президенттің лидерлік харизмасының қалыптасуына мұның да әсері аз болмаған. Сондықтан ол ұдайы алға ұмтылуға үндейтін батыл бағдарламалар мен бағыттарды күн тәртібіне енгізіп, соларды жүзеге асырудың жолдарын жан-жақты қарастырып отырады.
Осының арқасында бүгінде елінің еңсесі болып келе жатқан Қазақстан Президенті әлемге жаңалықты жанындай түсінетін реформатор басшы ретінде де кеңінен танылды. Елбасының реформаторлығын оның «Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады» дейтін қағидасы да айқын байқатады. Оның бұл қасиеті бұрнағы жылы жарыққа шыққан «Жасампаз. Нұрсұлтан Назарбаев: Ресейден көзқарас» деген ұжымдық жинақта да анық көрсетілген. Айталық, Ресей Жазушылар одағының хатшысы Рафаэль Гусейнов кітапқа енген «Президент» атты очеркінде жұрт назарын Қазақстан Президентінің Семей полигонын жабу тұсындағы табандылығына, Одақ ыдырап жатқан күндердегі бәрін ақыл-парасатымен шешуге сөре тартқан сарабдал саясатына, «Байқоңыр» ғарыш айлағының меншігін анықтау кезінде көрсеткен ұстамды ұсынысына аударады. Қазақ елі басшысы бастамашысы болған Еуразия экономикалық одағын құру идеясы ТМД елдері аумағын тұрақты етіп ұстап тұрудың басты серіппесі болды. Тарихшы-жазушы Леонид Млечин «Реформатор» деп ат қойылған мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалғаннан тәуелсіз Қазақстан басшысы болғанға дейінгі аралықта саясаткер ретінде қалыптасуындағы негізгі кезеңдерді атап көрсетеді. Қарап тұрсақ, егемендіктің елең-алаң кезіндегі экономикалық қиындықтарды жеңу мен ұлтаралық ымырагершілікті сақтап қалу жолындағы қыруар қат-қабат қарбалас жұмыстарды ақырына дейін табандылықпен атқарып шығуға сол жылдары жинаған аса бай тәжірибесінің тигізген көмегі аз болмаған екен. Ал «Российская газета» басылымы бас редакторының орынбасары, жазушы Николай Долгополов «Одақтас» деген эссесінде оны Ресейдің ең жақын жанашыр досы ретінде сипаттай келіп, Еуразиялық одақтың болашаққа бағытталған үлкен жетістік болғанынан тоқтам жасайды. Келешекті болжай білу әркімнің маңдайына жазыла бермегені. Бұл тек таңдаулы және дарынды тұлғаларға ғана тән қасиет. Міне, мұндай мүмкіншілік Н.Назарбаевта бар. Бұған талай мәрте көз жеткен. Сол сияқты «Труд» газетінің бас редакторы Валерий Симонов «Жерлес» деп аталатын материалында Қазақстан Президентінің астананы республиканың орталығына әкелуі шын мәнінде оның алысты болжай алатын нағыз стратег екенін айнытпай танытқан оқиға болды деген ойға қазық байлайды. Журналистің пікірінше, бұл – Елбасының мықты ішкі сенімінен туған ірі қадам.
Жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының (16.12.1991) – дамуы, барлық атрибуттары – ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және биліктің бүкіл тармақтарының өзара әрекет ету жүйесі – бар ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Назарбаев басшылығымен конституциялық құрылыс процесі жүзеге асты, ол 1995 жылдың тамызында еліміздің Негізгі Заңын қабылдаған бүкілхалықтық референдуммен аяқталды. Қазақстанда демократиялық институттарды құру Назарбаевтың аса зор еңбегі болып табылады. Сөз бен баспасөз бостандығы, сайлау және сайлану құқығы, партиялар мен қоғамдық бірлестіктер құру құқығы, дін бостандығы сияқты азаматтық қоғамның мызғымас құндылықтары нақ соның тұсында ғана конституциялық нормаларға айналды. Назарбаев басшылығымен кеңестік өкімшіл-жоспарлы әкімшілік жүйе бұзылғаннан және бірегей халық шаруашылық кешені күйрегеннен кейін алапат дағдарысқа тап болған қазақстандық экономиканы өзгертуге бағытталған аса ауқымды шаралар әзірленіп, іске асырылды. Экономикалық саясатты және демократиялық өзгерістерді ойдағыдай жүзеге асыруға мемлекеттік құрылымның президенттік республика ретіндегі халық таңдаған үлгісі көп септігін тигізді. Түбегейлі экономикалық ырықтандыру мен саяси реформалар белгіленген өзгертулерді пәрменді жүргізуге асыруға көмектесті.
Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың ғасыр реформаторы екенін ауызға алғанда, ойымызға ең алдымен мына қадау-қадау қабырғалы оқиғалар оралады. Қалай дегенде де, XX ғасырдың соңғы он жылының мұғдарында әлем картасынан орын алған жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының содан бергі оның ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және биліктің бүкіл тармақтарының өзара әрекет ету жүйесі секілді барлық атрибуттары бар ұлттық мемлекеттілікке қалыптасуы Тұңғыш Президент есімімен тығыз байланысты. Осы жылдарда қарыштап дамыған мемлекетімізде конституциялық құрылыс үдерісінің жүзеге асуы, 1995 жылғы 30 тамызда еліміздің Негізгі Заңының бүкілхалықтық референдуммен қабылдануы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен атқарылды. Бұған қоса, Қазақстанда демократиялық институттар құру Елбасының елеулі еңбегі арқылы мүмкін болды.
Президент өзінің мемлекетті қалыптастыру тұрғысындағы реформаларын егемендікке қол жеткеннен кейін-ақ бастап кетті. Айталық, ол 1992 жылдың басында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясын» әзірлеп, елдің ішкі және сыртқы саясатының бағыт-бағдарын айқындап алды. Осынша қысқа уақытта шұғыл жасалған шараның нәтижесі көп күттірген жоқ. 1997 жылдың басында елде макроэкономикалық тұрақтылық орын алды, инфляция тоқтатылды, өнеркәсіп жанданып, қаржы-бюджет, салық жүйесі құрылды, жекешелендіру жүргізілді, зейнетақы жинақтау жүйесі өмірге келді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау жүзеге асты. Мемлекет басшысы өзінің 2006 жылғы Жолдауында Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру межесін белгілеп, «Қазақстан-2030» стратегиясы бойынша мемлекет дамуының басым бағыттарын айқындады. 2006 жылғы халыққа Жолдауында Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы белгіленген. Бұдан басқа, Н.Назарбаевтың экономист және саясаткер ретіндегі жеке беделі елде қолайлы инвестициялық ахуал туып қалыптасуына, көптеген мемлекетпен және халықаралық қаржы институттарымен пәрменді экономикалық ынтымақтастық орнатуға серпін берді. Мұның қатарында алыстағы ауылдарды дамытуға, кедейлікпен күресуге, тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған әлеуетті әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру қолға алынды.
Осы жылдарда Елбасының тікелей басшылығымен Қазақстанда индустриалды-инновациялық даму стратегиясы әзірленді, инвестициялық және инновациялық қорлар құрылды. Дүниежүзілік сарапшылар арасында «қазақстандық үлгі» деген ұғым пайда болды. Барынша қысқа мерзімде халықаралық ынтымақтастық тұжырымдамасы жасалып қалыптастырылды. Оның көптеген бастамалары халықаралық қауымдастық арасында кең қолдау тапты. Бұлардың қатарында жоғарыдағы Семей ядролық полигонын жабудан бөлек, ядролық держава мәртебесінен бас тарту, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі дәйекті қызмет және тағы басқалары бар. Біздің Президент, сондай-ақ, ТМД, ОАО, Кеден одағы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Еуразия одағы сияқты халықаралық құрылымдардың тууына негізгі бастамашы болды. Оның БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында құруды ұсынған Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңесі кейін іс жүзінде жұмысқа кірісті. Елбасы әртүрлі мәдениеттердің, діндердің, өркениеттердің жүйелі сұхбаттасуын жолға қоюға көп көңіл бөлді. Соның негізінде Астанада әлемдік діндер көшбасшыларының съездері табысты өтті. Елордада сондай-ақ Астана экономикалық форумын жыл сайын өткізіп тұру дәстүрге айналды. Қазақстанның 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі елімізді әлем мойындауының айқын көрінісі болып табылады.
2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылдануы Қазақстанның Еуразия кіндігіндегі мемлекет ретінде Еуропа мемлекеттерімен ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысын көрсетеді.
Елімізде Н.Назарбаевтың тікелей бастамашы болуымен бірнеше жоғары және арнаулы орта оқу орындары ашылды. Олардың санатында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Қазақстан менеджмент институты, Экономика және болжау институты, Қожа Ахмет Яассауи атындағы қазақ-түрік университеті, Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті, Ұлттық мемлекеттік заң университеті, Назарбаев университетi, Қазақ өнер университеті, Астана балет және опера академиясы, Назарбаев зияткерлік мектебі бар. Президенттің «Болашақ» бағдарламасы жұмысын жалғастырып жатыр. Әр саладағы аса талантты балалар үшін Президенттің «Дарын» сыйлығы тағайындалған.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ет пен сүйектен жаралған адам екенін, өзінің халыққа жақындығын, оларды қызықтыратын нәрсенің өзінің де ықыласын баурап алатынын ұдайы танытумен келеді. Ол, мысалы, спортты сүюді, онымен айналысуды әрдайым өзінің тікелей үлгі көрсетуімен насихаттап келеді. Елбасының жастайынан күрестің еркін және классикалық (грек-рим) түрлерімен шұғылданғанын бәріміз де білеміз. Ол Украинаның Днепродзержинск қаласында оқып жүрген кезінде еркін күресте зор табысқа жетіп, спорт шебері атанған. Президенттің бала кезінен жанына серік еткен өнерінің бірі ат спорты болған. Ал үлкен теннистің үйренушісі болып ойын бастағанына да қазір 35 жыл уақыт өтіпті. Гольфке алғаш рет 1996 жылы мойын бұрыпты. Сол сияқты тау шаңғысына 55 жасқа толғаннан кейін ат ізін салыпты. Қазір спорттың бұл екі түрімен де белсене айналысады. Мұның сыртында суда жүзудегі машығын әрдайым ұштап отырады. Осылардың арқасында ол үнемі сергек жүреді.
Сан қырлы таланттың иесі болып табылатын Н.Назарбаев өнерден де құр алақан емес. Ол домбыра тартып, ән салуға келгенде, кім-кімді де елең еткізеді. Бұған қоса, шығарған бірнеше әні бар екені де белгілі. Сонымен бірге, қазіргі Қазақстан Әнұранының мәтінін бүгінгі күнге бейімдеп, кейбір шумақтарын жөндеп шыққан теңдес авторы ретінде тіркелген. Президент өзі шығарған әндердің сөздерін өзі жазған. Сол әндердің қай-қайсысы да тыңдаған адамды тебірентпей тұра алмайды.
Әлбетте, мұндай жан-жақтылық жаратылыстың ерекше жаратқан адамдарында болады. Ал жоғарыда санамалап көрсетілген барлық ерекше қасиеттер Нұрсұлтан Назарбаевты халықаралық аренадағы аса беделді саясаткер етіп көрсетеді. Оның пікіріне әлемнің жетекші елдерінің лидерлері, ықпалды халықаралық ұйымдардың басшылары мен әлемдік бизнес-элита өкілдері ынта қойып, назар аударады. Осыған байланысты Қазақстанның сыртқы саяси табыстарындағы барша үлесі оның жоғарғы беделі мен жеке басының ықпалының арқасында болды деп түйіндеуге әбден болады.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
сенатор, саяси ғылымдар докторы, профессор.