БАЯНДЫ БИІК БЕЛЕСТЕР

Жан-жақты жаңару жолын таңдап алған елімізде болып жатқан оң өзгерістер мен облыс, аудан жетістіктерімен, күнделікті өмірдің сан тарапты салаларындағы жаңалықтармен жұртшылықты ақпараттандыруда қалам тербеп, азаматтық,  демократиялық құндылықтарды арттыруда қаламгер қауымының еңбектері ерекше.

Аудан тарихында «Қармақшы таңы» ізгілікті ізі бар. Әр жылдары басылымның аты өзгергенмен заты сақталып, ол қашанда аудан өмірінің айнасына айналып келеді. Ауданның бас газеті атағын абыроймен алып келе жатқан аудандық газет тәуелсіздік жылдарында тыңнан түлеп, шын мәнінде бұқаралық басылымға айналды.

«Қармақшы таңының» сөзі-аудан халқының сөзі. Аудан жұртшылығы газет бетіндегі мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаты, ел мен жер тарихын, ауданның дамуына үлес қосқан еңбек ерлерінің өмірін, халықтар достығы туралы, тағы басқа көптеген көкейтесті мәселелерді күнделікті оқи отырып, оған өздері де үн қосады.

Биыл шыға бастағанына 85 жыл толып отырған «Қармақшы таңы» газеті бүгінде өзіндік бет-бейнесі, жақсы дәстүрлері қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. 2006 жылы «Президент Жолдауының талабы-бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын құру» атты ІІ облыстық медиафорумында «Аудан айнасы» номинациясымен ең үздік аудандық басылым ретінде бағаланып, арнайы дипломмен марапатталуы соның айғағы.

Газеттің ұзақ жылдық тарихында онда еңбек етіп, өндірістік тәжірибеден өтіп  есімдері көпшілікке кеңінен танылған журналистер Жарас Ахметов, Әбілахат Жанәділов, Мырқы Исаев, Айжарық Сәдібеков, Ақкөл Отар­баев, Оқас Тәженов, Кенже Күмісбаев, Күлпариза Ахметова, Шәкизада Құттаяқов, Рашид Жарылқасынов, Қанибек Молдахметов, Мағираш Сарикова, Ибрагим Бекмаханов, Шәкизада Әбдікәрімов, Мәди Қайыңбаев, Мырзамұрат Ілиясов, Жайна Сламбекқызы, Гүлжазира Жалғасова, Ботагөз Бөрібаева, Мөлдір Құлмырзаева, Бақыткүл Жәмитова, Мира Тыныштықбаевалардың есім­дерін атап өту орынды.

Редакция мен баспахана ардагерлері Баян Әли­асқарова, Мариямкүл Әбдіраманова, Галия Есетова, Жұмагүл Жайшылықова, Ақсұлу Ршауова, Бақыт Қана­лиева, Нарша Алданазаров, Алтын Убайдуллаева, Баян Ұзақбаевалар кезінде газет шығару ісіне белсене араласып, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған жандар.

85 жыл! Бір адамның ғұмырындай осынау уақыт ішінде ол туған жер төсінде түлеген қармақшылық бірнеше ұрпақ өкілдерінің рухани азығына, ауданымыздың әлеуметтік және экономикалық жағынан өсіп, өркендеу жолдарының шынайы шежіресіне айналды. Әрбір өткен күнмен бірге кемелденіп, жыл өткен сайын жаны жарқын нұрға толып, әділдік туын жоғары ұстауға күш салып келе жатқан газет өзінің сексен бес жылдық мерейтойына оқырмандар ықыласына бөленіп жетіп отыр.

Аудандық газет тарихына көз жіберер болсақ, халыққа салған салмағы ауыр 1932 жылы сәуір айының 12-жұлдызында алғашқы саны жарыққа шығыпты. Бұл сол бір қиын-қыстау  кезеңде ғұмыр кешкен аяулы ағалар мен апалардың тән азығымен бірге жан азығын да қоса ойлайтынын көрсетсе керек.

Аудандық газет сол жылдарда заман ерекшеліктеріне қарай өзіне жүктелген міндеттерді атқарды. Алғашқы кезінде «Екпінді» деген атпен шыққан газеті сол бір кезең тынысын айқын сезінеміз. Елді ұжымдастыру, сауаттандыру шараларының қалай жүргеніне көз жеткіземіз.

Газеттің алғашқы редакторы Жұмабай Есетов «Екпін­дінің» қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Ол кісіден кейін редакция тізгінін қолға ұстаған Көшен Алматов зобалаң жылдарда жазықсыз жазаға тартылып, «халық жауы» атанып ұсталып кетті.

Аудандық газет 1938 жылдың сәуір айынан 1962 жылдың мамыр айына дейін «Қызыл ту» деген атпен жарыққа шықты. Бұл кезеңдерде газет редакторлары болып Қанапия Тұрғанов, Нұрділда Жәкеев, Яхия Пірімбетов, Омар Қожахметов, Сахи Жарылқасынов, Сейіткамал Усабаев, Мұрат Нұржанов, Жақсыбай Құлымбетов, Әбдірашит Сатыбалдиев, Қален Әбдешов, Шәкізат Дәрмағанбетов жұмыс істеді.

Ескі газеттер... бұл күндері оларды қарап отырсақ, сол бір кезеңдердегі аудан тынысын айқын сезінесің, өзің білмейтін көп жайларға қанығасың. Аға ұрпақ өкілдерінің жүріп өткен жолдары көз алдыңда сайрап тұрады. Өткен күнді бүгінгі күнмен салыстырып, өркендеген елімізге қарап сүйсінесің, елмен бірге өзіңнің де мәртебең өседі. Бұл алдыңғы толқын ағалар мен апалардың жемісті өмір сүре білгенін, маржандай маңдай терлерін ел ырысы үшін төге білгенінің нәтижесі екенін сезіну адамға бір ғанибет, таптырмас үлгі-өнеге. Сол дәстүрді ілгері жалғастыру бүгінгі ұрпақ өкілдеріне парыз.

Аудандық газет 1963 жылдың мамыр айынан «Коммунизм шамшырағы» деген атпен шықты. Осы жылдан бастап 1990 жылдың қазан айына дейін газет редакторы болып 27 жыл Әзілхан Аманов жұмыс жасап, қармақшылық көптеген жас таланттардың талап тұлпарын тізгіндеп мінуіне игі ықпал етті.

Аудандық газет 1991 жылдан бастап «Қармақшы таңы» деген жаңа атаумен шығып келеді. Бұл атау редакция ұжымының ғана емес, аудан еңбеккерлерінің қалауы болды. 2002-2004 жылдары аудандық газеттің тізгінін Шегебай Құндақбаев ұстады.

Аудандық газет редакциясы қызметкерлері газеттің атында ғана емес, затында оң өзгерістер болуын басты мақсат етіп, осы бағытта іздене жұмыс істеп келеді.

Олардың қатарында Нұрбай Жанәділов, Сәрсенкүл Райымбаева, Гүлжанат Дүзенова, Қазбек Тайбағаров, Ақнұр Сағынтай сияқты қаламы қарымды журналистер бар.

Осы орайда, компьютер бөлімінің де қызметкерлері еңбегін айрықша атап өту қажет деп білемін. Осы бөлімде еңбек ететін Ғабит Мырхиев, Әлия Төремаханова, Ләй­лә Абдуллаева, Айзада Таңатарова, Анар Жанаева, баспасөз бөліміндегі Айнұр Бекмағамбетованың еңбек­тері айрықша.

Қазір облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вес­ти», «Ақмешіт жастары», Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газеті мен аудандық газетті өзіміз таратамыз. Бұл бөлімді Талғат Омаров басқарады. Барлық ауылдық округтер мен кенттерде, Байқоңыр қаласында өз газет таратушыларымыз бар.

Сондай-ақ, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің ауыл­дық жерлерде тұратын белсенді штаттан тыс тілшілері мен авторлары да аз емес. Олардың қатарында Нұртай Түктіғұловты, Нұрлыбай Таубаевты, Үрліхан Өндібаеваны, Дастан Нәзікбаевты, Достық Тілеу­бер­геновті, Талайлы Досымованы, Жұлдыз Тілеуованы, Гауһар Раеваны, Гүлнар Досжанованы, Зарифа Тасымованы және басқа көптеген азаматтарды атап айтуға болады.

Аудандық «Қармақшы таңы» газеті облыста бірінші болып аптасына екі рет түрлі-түсті болып шығуды бастады.

Қасиетті Қармақшы топырағы – Сыр сүлейлері мен жыраулар Отаны. Аудандық газет редакциясы жанында өнер адамдарының басын қосатын, жас талапкер таланты мен талантын ұштайтын Т.Ізтілеуов атындағы әдеби бірлестік жұмыс істейді. Бүгінге дейін бірлестік мүшелері Н.Түктіғұлов, Ү.Өндібаева, Т.Омаров, Н.Таубаев, Д.Тілеубергенов, Д.Нәзікбаев, С.Қосбаев, Қ.Байқожаев және басқалардың бірнеше кітаптары шығып, оларды оқырмандар жылы қарсы алды. Есімдері республикаға белгілі ақындар Ш.Әбдікәрімов, М.Қайыңбаев, И.Бекмаханов осы бірлестік қанаттан­дырған қарлығаштар.

Соңғы жылдары «Сыр медиа» ЖШС қосылуымыз-газет өміріндегі елеулі жа­ңа­лық болды. Екінші тынысымыз ашыл­ғандай болып, мүмкіндік­теріміз мо­­лая түсті. Газет форматы өзгеріп, кө­лемі ұлғайды. Бұл аудан өмірінің түр­лі жаңалықтарын кеңі­рек қамтуға жақ­сы жағдай жасады. Аймақтағы әріп­тес­те­рімізбен байланысымыз жаңа дең­гейге көтеріл­ді. Журналистеріміз рес­публи­ка­­лық жиындарға қатыса бастады. Ре­дак­цияның материалдық-техни­калық жарақ­тан­дырылуы заманауи сипат алды.

Енді санаулы күнде редакция жаңа қонысқа орналасатын болады. Міне, мұның бәрі уақыт еншісінде елмен бірге жасап келетін «Қармақшы таңының» өмір тынысы.

 

Алтай Үсенов,

«Қармақшы таңы» газетінің 

бас редакторы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қараша 2017 г. 1 194 0